» » » «Жастардан адамгершілік қасиет үзілмесе екен»

«Жастардан адамгершілік қасиет үзілмесе екен»

qarmaqshy-tany.kz Жасыратыны жоқ, «жастар сондай, жастар мұндай» деген әңгімені жиі құлағымыз шалып жүр. Дей тұра тізе берсек жастар арасындағы тындырымды тірлік те көп. Осы жайында аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржұман Пірназаровпен әңгіменің тінін тарқатқан едік. Соны оқырман назарына ұсынайық.
– Жаңа қызметке тағайындалғаныңызға көп болған жоқ. Әңгіменің тінін алдымен өзіңіз жайында бастасақ.
– 2013 жылдан бері жастар саясатында жұмыс істеп келемін. 2014 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ атынан облыстық жастар мәслихаты Жастар Парламентінің депутаты, кейін келе Жалағаш ауданы жастарының «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қорқыт ата атындағы КМУ-нің ректордың жастар ісі жөніндегі көмекшісі, Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы, Жастар ресурстық орталығының кеңесшісі, Жастар саясаты мәселелері басқармасының инспекторы, қалалық жастар ресурстық орталығында кеңесші қызметін атқардым. Жалпы 9 жылға жуық осы салада еңбек етіп келемін. Біраз жобалардың бас-қасында әріптестеріміз бірге жүзеге асырып жүрміз.
– Алғаш қызметке тағайындалғанда әр басшының алға қойған мақсаты, алдағы уақытта атқарар жоспары болады. Ал сіз қандай идеямен қадам бастыңыз?
– Жастар ресурстық орталығының бейресми атауының «Qadam» деп өзгерттік. Яғни барлық жастың алғашқы қадамы және жақсы бағыттағы жобаларына осы жастар ресурстық орталығы себепші болсын деген ниетте қойдық. Қазіргі уақытта Qadam kenes, Qadam qamqоr, Qadam quqyq жобалары біртіндеп іске асып келеді. Qadam kenes жобасының 1.2.3 ... start, Қармақшылық, qarmaq дейтін үш бағыты бар. Бұл үш бағыт бойынша да біз жастарға жан-жақты кеңес беру, сонымен қоса волонтерлік жұмыстарды қалыптастырамыз. Жастардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру бойынша да әртүрлі бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Алдыға қойған мақсатымыздың бірі – аудан жастарын шағын гранттарға қатыстыру. Республикалық, облыстық, аудандық гранттарға көбірек қатыстырып, кәсіп ашуына ықпал жасау.
Қармақшы киелі мекен болғандықтан, аға буын өкілдері мен жастар арасындағы байланыс орнату негізгі мақсатымыздың бірі. Осы байланыс арқылы жастарды еңбекке баулу, патриоттыққа тәрбиелеу. Сонымен қоса жас отбасыларға өнегелі отбасыларды дәріптеп, сыйластықты қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жүргізіліп отырады.
– Қоғамда өзіңізді толғандырып жүрген өзекті мәселе деп нені айтар едіңіз?
– Жастар арасында толғандырып жүрген мәселелер өте көп. Оларға мемлекеттік қолдау да жетерлік. Сол мүмкіндіктерді жастар дұрыс қолдана алмай жатады. Өкінішке орай жастар арасында жалқаулық белең алуда. Оқуға, ізденуге құлықсыз. Барлық дүниеге жеңіл, оңай, тез жеткісі келеді. Әйтсе де мұның бәрі еңбекпен келетінін естен шығармаған абзал. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине. Десе де жастардың басым көпшілігі әлеуметтік желімен уақыт өлтіріп жатқанын елей бермесе керек. Жас буынның бойында адамгершілік қасиет үзілмес үшін үлкендермен жиі кездесу ұйымдастырамыз.
– Қазіргі қазақ жастарын не мазалайды? Олардың саяси-рухани, бәсекеге қабілеттілік потенциалы қандай?
– Ашығын айту керек қой. Жас буынды желдетіп тұрған әлеуметтік желі. Уақытын сонымен өлтіріп жатады. Әлеуметтік желіден көрген дүниесін өмірде қайталағысы келеді. Бірден жетістікке жетуді қалайды. Осы желіден көріп алған соң бәсекеге қабілетті бола ма?! Ойлап қараңызшы. Алдыңғы буын айтып жатады ғой маңдай термен еңбек еттік, мақта теріп, күріш ектік деген секілді. Жастар да осы сияқты еңбекпен өсетін болса, ол кезде барлығына дайын болады. Жастардың потенциалы жаман емес. Дей тұра жастарға мүмкіндік өте көп. Бұрын потенциал көп, мүмкіндік аз болса, қазір керісінше мүмкіндік көп, потенциал аздау болып тұр. Яғни жастардың еңбекке бейімділігі төмен.
– Құлықсыз жастарды қалай ынталандырамыз?
– Мұндай жағдайда көп дүниені практика жүзінде көрсеткен дұрыс. Шағын гранттарға қатыстырып, жанында жүріп, белсенділігін арттыруға ынталандырамыз. Сондай-ақ өмірге деген көзқарасын өзгертіп, психологиялық кеңестер беру керек. Өзі сияқты қатарлас жасты үлгі ретінде, тәжірибе жүзінде көрсету арқылы белсенділігін көтеруге болады деп есептеймін.
– Бүгінде көптеген білімді жастар шетелге кетіп жатыр. Бұл олардың ел болашағына сенімсіздігі ме, жоқ әлде жеке фактор ма? Осыған көзқарасыңыз қалай?
– Рас, бүгінде шетел асып жатқан жастар көп. Бұл, әрине олардың ел болашағына сенімсіздігінен емес. Елімізде білімді жастар жетерлік. Олар да мемлекет дамуына өз үлесін қосып жүр. Әлбетте жеке фактор болуы да мүмкін. Бәлки білімін одан әрі жетілдіріп жүрген болар. Әлем елдерінен озық тәжірибе жинап елге оралып қызмет етсе құба-құп. Шетел асып, онда тұрақтанып жатқандарына жеке басым дұрыс деп сана- маймын.
– Бүгінгі жас буынның осал тұсы қандай деп ойлайсыз?
– Бірінші кезекте рухани әлсіздік дер едім. Мойындау керек, телефонға телміру жаппай белең алды. Осылайша дене қозғалысы да азайды. Спортпен айналыспаған соң әлсіз болады. Әуелде ми уланады, кейіннен көз шаршайды. Содан келе ауру көбейеді. Шынтуайтында, қазірде бесіктегі балаға дейін ұялы телефонға үйренген. Бұл жердегі жас буынның осал тұсы сол. Жастар мұнан өзін шектеп, уақытын рухани әлемге арнаса де- ген ой ғой біздікі.
– Жастар үйіне бас сұға қалсақ, қызып жатқан жұмысты байқаймыз. Орталықтың алға қойған жоспары қандай? Қандай жаңалық күтеміз?
– Орталыққа келгеніме 3 айға жуық уақыт болды. Біршама өзгерістер орын алып жатыр. Оны жастардың өзі де бақылап, байқап жүр. Халық та өз бағасын беріп жатыр. Келесі жылы жоғарыда айтып кеткен бағыттар бойынша Qadam kenes, Qadam qamqоr, Qadam quqyq жобалары негізінде жұмыстар жүйелі жүргізіледі. Сонымен қоса «Көшбасшылар мектебін» ашу жоспарда бар. Ауданда белгілі бір жастардың көшбасшысын қалыптастыру керек. Яғни имидж деп айтып жатамыз ғой. Жаңа көшбасшылар шығу керек. Алдағы уақытта осы бағыт негізінде жұмыс істейміз. Мұнан бөлек мемлекеттің жастарға беріп жатқан мол мүмкіндігін пайдаланып, оларды жан-жақты дамыту. Оқыту курстары да көбейетін болады. SMM, мобилография, осы секілді өзге де салалар бойынша оқыту жоспарлануда. Ал аға буынмен, үлгілі отбасылармен кездесу, психологиялық кеңестер беру, пробациялық есепте тұрған жастармен жиналыс үздіксіз жүргізіліп тұрады.
– Жастардың бойындағы қандай қасиетті бағалайсыз?
– Ең бірінші еңбекқорлық. Осындай жастар барлығына дайын болады. Кез келген нәрсенің маңдай тер мен адал еңбекпен келетінін жақсы біледі. Оңай дүниеге ұмтылмайды. Белсенді жастарды ерекше құрметтеймін. Мұндай жастар жан-жақты болады. Жаңалықтарға құмар, ізденімпаздық қасиеті жоғары келеді. Мұнан соң өз білгенін өзгеге де үйретуге асық тұрады. Осы орайда жастардың бойындағы еңбекқорлық пен белсенділікті жоғары бағалаймын.
– Сөз соңында не айтар едіңіз?
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Мемлекеттік жастар саясатын көтеруде жалғыз мен емес, барлық аудан жастарымен бірлесіп жұмыс істесек, біз бағындырмайтын белес болмайды.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге алғыс білдіремін!
Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ
05 қаңтар 2023 ж. 1 144 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031