Табыс әкелген телефон
Бүгінде қол қусырып қарап отыратын заман емес. Бұрынғыдай емес мүмкіндік те көп. Тек әрекет етіп, еңбек етсеңіз болғаны. Асқақ арманға апарар жолда адаспайсыз. Әрине, арманның орындаларына сену де керек. Қазір қазақ жастарының әлемге қарай жол салатын кезі. Онысы орынды. «Ауылдан шықпағанның ақылы ауылдасынан аспайды» дегенді жиі естіп жатамыз. Рас, шетелге шығып, жаңа білім алып, көзқарасты жақсы жаққа өзгертуге болады.
Жақында әлеуметтік желіде қармақшылықтарға тартымды видеоларымен танылып жүрген мобилограф Еркебұлан Әптаевтың шетелде жұмыс істеп жүргенін көзіміз шалады. Ондағы жұмысы мен қызықты оқиғаларын күн санап қарай бастадық. Жалынды жаспен әңгімескен сұхбатты төменнен оқи отырыңыздар.
– Әңгімені әріден бастамай-ақ қазіргі айналысып жүрген ісіңнен бастасақ. Жалпы мобилографияға қалай келдің?
– Менің қос бірдей жоғары дипломым бар. Екеуімен де біраз мекемеде жұмыс істеп көрдім. Несін жасырайын, бұл мамандықтардан табысым көп болмады. 2021 жылы туған ауылым Қуаңдариядағы ауылдық клуб үйінде еңбек жолымды бастадым. Сол уақытта ауылдық жерде тұрған соң ауылдың өмірін түсіріп жүрдім. Ең алғашқы әке-шешемнің киіз үй құрып жатқанын видеосын монтаждап салдым. Қолымда арзан телефон еді. Ол видео естелік ретінде әлі сақтаулы тұр. Содан бастап ауыл өмірі туралы видеолар шығара бастадым. Жасаған дүниелерім туған жерден жырақта жүрген ауыл түлектерінің ортасында тарай бастады. Әлгі тараған видеоларым маған мотивация болып, әрі қарай да осы ісімді жалғастыруға сеп болды. Ауылдың әйгілі «Ыстық бұлағы», өрістегі қойлар маған керемет локация болды. Солай ең бірінші мобилографияға қадамды ауылда жүріп бастап едім.
– Сені оған дейін гитарашы ретінде танитын едік.
– Иә, 2015 жылы Семей қаласында Шәкәрім университетінде студент болып оқып жүргенде гитара үйреніп, вокальды ансамбльдер аштым. Осылайша қайырымдылық концерттерін балалар, қарттар үйіне көп бердік. Сол уақытта Семейдің жергілікті арналарында тікелей эфирге шығып тұрдық. Оқуды аяқтап, ауылға келіп гитарамен көптеген тойда қызмет көрсеттім. Сонымен қатар екі жылдай Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде аспаптарда сүйемелдеуші болып жұмыс істедім. Аспаптарға жақын болуыма әкем мен анамның септігі тиген шығар. Себебі олар да өнерден кенде емес.
–Бұл сұрақ бәріне де қызық болар. Шетелге қалай шықтың?
– Осыдан 3 ай бұрын жарнамадан Дубай қаласына мобилограф керек дегенді көріп қаламын. Соған ұсыныс тастап көрдім. Ол жауапсыз қалып, арада бір апта өткен соң өздері хабарласты. Бақылап қарасам Дубай қаласында тұратын өзіміздің қазақ кәсіпкерлері екен. Ең бірінші түсірген жұмыстарымды тексерді, тапсырма берді. Ол кезде дәл мен секілді Қазақстаннан 50-ден аса адам ұсыныс тастапты. Сонша адамның ішінен менің жұмысымды ұнатып, «біз сені қабылдаймыз» деп хабарласты. Ойламаған жерден жәй ғана көре салайын деген оймен басталған істе шешім қабылдау оңай болмады. Отбасым, әке-шешемнен жырақта қалай болады, сенуге болатын жандар ма деген сұрақ көп болды. Шақырушы жандар да соны түсініп, ойлануға біраз уақыт берді. Ақылдаса келе, тәуекел етіп, ақпан айының 1-і күнінен бастап осындамын. Міне, бүгін 1 ай болды, Дубай қаласында тұрып жатырмын. Елге қайтамын ба, әлде жұмысымды жалғастырамын ба әзірге белгісіз болып тұр. Бірақ елден жырақ өмір сүру үлкен мәселе. Ата-анам, жарым мен баламды сағынамын...
– Қазір онда немен айналысудасың?
– Мені жұмысқа алған қазақ кәсіпкер отбасының жеке мейрамханасы және тур агенттігі бар. Сол екі салада видеолар түсіріп беремін. Қаншама адам армандаған, қолы жеткен адам көптеген ақша жұмсап бір рет қана көріп кететін әлемнің алдыңғы қатарындағы үлкен қалада мен қазір тегін аралап, бір жағынан жұмыс жасап отбасымды асырап отырмын. Бұл бір Алланың қалауы, екінші отбасымның қолдауы және мобилографияның арқасы.
– Қызықты оқиғаларыңмен бөлісе отырсаң...
–Жұмысқа алған кәсіпкерлердің маған қойған талаптарынан бөлек, өздерінің тарапынан тегін жатын орын, 3 мезгіл тамағы, ұшақ билеті, виза, жүріп тұруымның барлығын қаржыландырады. Рестораны Шығыс асханасы негізінде жұмыс істейді. Мұнда лағманның 150 түрі дайындалады. Маған мәзірде көрсетілген кез-келген тамақты таңдап ішуге рұқсат берілген. Тамаққа келгенде көп таңдаймын, оның үстіне лағман жей алмаймын. Онда бізге белгілісі тек палау. Осында келгелі күнде палау жеймін. Жұмыс іститін ресторанда 30 шақты адам бар. Олар 4-5 түрлі ұлттан құралған. Даяшылар филиппин, ұйғыр, аспаздар пәкістандық, жүргізушілер қазақ, пәкістандықтар мен түріктер. Олар менің күнде палау жеп жүргенімді көріп «Mister Palau» деп атап кетті. Дәл осы сұхбатты сіздерге палау жеп отырып беріп отырмын.
– Қазір барлығының әлемдік нарыққа шыққысы келеді. Жалпы сенің көзқарасың шетелге шыққанда қалай өзгерді, не көрдің, не түйдің?
– Қазір шет елге шығу жастар арасында бір-бірімен жарыс, бақталас, яғни біздің тілімізде «тренд» болып кетті. Иә, шетелге шығып келген жандардан көп еститініміз сол «көзің ашылады», «ой өрісің кеңейеді», «жаңа ақпараттарға қанық боласың» деген секілді. Мен осы сөздерді Қазақстаннан ұшып Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы – Абу Даби қаласына қонып, аэропортына кірген бойдан түсіне қойдым. Қысқа уақытта тұрғызылған бірнеше рекордтық үлкен зәулім ғимараттарды көріп, көп нәрсені түсінуге болады. Қазақстанда жүріп осы Дубайды тұрғызған патшаның сұхбатын көрдім, ол кісіге мына сұрақ қойылады. «Қайда асығып жатсыз, неге ең үлкен ғимараттар, неге қатты жылдамдықпен Дубайды дамытып жатсыз?» дегенде, патшаның айтқаны «Мен халқымды сүйемін, сол үшін 50 жылдан кейін 100 жылдан кейін көретін дамыған қаланы халқым қазір көруге лайықты, білім, медицина, жұмыс тапшылығы дегенге менің халқым ешқашан мұқтаж болмауы керек» деген. Осындай ғажайып дүниені неге аралап көрмеске?! Көргісі келеді, бірақ әртүрлі қорқыныштарға бой алдыруы мүмкін. Дей тұра, қорқынышты жиып, басқа елдің, ұлттың мәдениетін көруге кеңес беремін. Біріккен Араб Әмірлігіне келіп басқа да мемлекеттерге қызығушылығым арта түсті және алдағы уақытта мақсат етіп тізіммен баратын елдерді, қалаларды жазып қойдым. Бұл өмірімдегі алғашқы үлкен сапар мен үшін – үлкен тәжірибе, үлкен білім, үлкен көзқарас болып жатыр.
– Қателеспесем, осыған дейін шағын кино түсірдің. Сол туралы кеңінен айта кетсең...
– Иә, видео саласында 3 жыл жүріп көп ұсыныстар түсіп жатты. Соның ішінде тәжірибе болған ұсыныстардың бірі – қысқа метражды фильм түсіру. 2022 жылы аудандағы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Байқоңыр өңірлік филиалының аудандық бөлімшесінің басшысы Нұрбол Үсенов ағамыздан ұсыныс түсті. Ол фильм облыстық байқауға арналып, тек жабық көрсетілім бойынша түсірілген. Үш күн түсірілім жасадық және монтажына бір күн уақыт кетті. Сол байқауда мен түсірген фильм І орынды жеңіп алды. Өткен жылы «КМФ» микроқаржылық ұйымының Жосалы бөлімшесіненШынболат ағамыздан да ұсыныс түсті. Бұл кісілердікі де дәл солай облыстық конкурсқа арналған екен. Бұл жолы да облыстан бас жүлде иеленді. Бұл ағаларымыз да әлі күнге дейін көрген кезде алғысын жаудырып ризашылығын білдіріп жүреді.
– Жарайсың! Уақыт бөліп сұхбат бергеніңе рақмет!
Әңгімелескен Ақнұр САҒЫНТАЙ