Ауылдағы шағын шеберхана
Қазақ қолөнерінің ішіндегі ең асылы – тігіншілік. Қолөнер шеберлігімен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Ақжар ауылының әкімі Нұржамал Тұрсынбаеваның қолынан іс келетін қыз-келіншектердің басын біріктіріп, өзі отырған ғимараттың ішінен бір бөлмені беріп, шағын шеберханаға айналдырғанына 3 жылдың жүзі болды. Мұнда бірі – ауыл, аудан емес, еліміздің өзге қалаларынан тапсырыс алса, енді бірі – перде, келесісі – қыз жасауын дайындайды. Келісті де қолынан іс келетін ауыл шеберлерінің басы бірігіп, еңбек етіп келеді. Төсек жабдықтарын дайындауға негізделіп құрылған цехтың алғашқы үлкен тапсырысы шаруашылықтан түседі. Егіншілерге арнап 200 дана жұмыс киімін тігуге тапсырыс алып, содан қарқынды жұмысын бастайды.
Бұған дейін де қармақшылықтарға соңғы үлгідегі пердесімен белгілі Нұргүл Әбішева 3 жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз несие алып, кәсібін бастаған. Үйінің бір бөлмесіндегі шеберханада екі адамды жұмыспен қамтып отырды. Бала кезден сурет салуға машықтанып, қолөнермен айналысуды көксеген қала қызы Ақжар ауылындағы берекелі отбасының келіні. «Ауылда мүмкіндік жоқ» демей өзінің қолынан шыққан дүниелерді, сәнді перделер мен көрпе-жастықты әлеуметтік желіде жарнамалап тапсырыс қабылдайды.
Жанат, Салтанат, Жадыра есімді келіншектер қазірде мұнда тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, ауыл ішіндегі тапсырыстарды уақытылы, тыңғылықты орындауда алдарына жан салмайды. Күнделікті киім-кешекті қыстарту, төсек-жабдық сырттарын, балабақшаларға қажетті керек-жарақтарды да тігіп жүр.
Тігін шеберханасы әр ауылға керек-ақ. Осылайша ауылдың бірқатар қыз-келіншектерінің тігіншілікпен табыс тауып отырған жайы бар. Тігіннің тілін түсінетін мамандар бұл уақытқа дейін де үй жағдайында тігіншілікпен айналысып, көптің көңілінен шығып жүрген. Тірлігі тиянақты тігіншілердің ұқыптылығына тәнті болдық. Олар тұрғынның кез келген тапсырысын орындауға, олардың риза болған көңілді жүзін көруге асық екенін жеткізді.
– Тігін цехы ашылғалы 3 жылдан асты. Осы уақыт ішінде халық сұранысына сай қолжетімді бағада қызмет көрсетіп келеміз. Қазір тапсырыс түрленуде. Қолдан келгенше тұрғынның сұраған дүниесін үдесінен шыға орындап беруге тырысамыз. Қолжетімді бағада әрі сапалы өнім дайындау үшін барымызды саламыз. Бүгінде төсек-орын тысы, көрпе жамылғысын, жастық тыстарын тігу үстіндеміз. Өз ауылымызбен қатар, іргелес елді мекендерден де тапсырыс аламыз. Сондай-ақ, шаруашылық жұмысшыларына арналған арнайы форма дайындайтынымыз бар, – дейді тігінші Нұргүл Ғалымжанқызы.
Ауыл тұрғындары да үй-үйді аралап тігінші іздемей, бәрін бір орталықтан табады. Он саусағынан өнер тамған тігіншілерді әңгімеге тартқанда олар сүйікті ісі арқылы кәсібін дөңгелетіп, алаңсыз жұмыс істеуге болатынын айтады. Жұмысты да, үй тірлігін де үйіріп әкететін бесаспап келіншектерге сүйсіне қарадық.
– Қолдан іс келгенімен тұрақты жұмыс болмады. Біраз жылдан бері үйде отырып қалдық. Қазір шеберханада сүйікті ісімізбен айналысамыз. Бір ұжым болғандықтан өзара тәжірибе алмасып тұрамыз. Білмегенімізді сұраймыз. Осындай мүмкіндік сыйлаған ауыл әкіміне алғысымыз шексіз, – дейді тігіншілердің бірі. Тапсырыс берушінің талғамынан шығу үшін цех жақында түрлі матамен толықтырылған. Сүйікті ісіне білек сыбана кіріскен тігіншілердің ауыл әкіміне деген алғысы шексіз. Сонымен қатар, бұл кісінің жайсаң мінезі мен жомарт жүрегіне гүлденген ауыл тұрғындарының ризалығы бір бөлек. Қажетті затын алыстан іздемей ауылдан табуға болатын, жаңа бастамаларға, жағымды жаңалыққа толы ауылдан бой көтерген мақсаты айқын тігін цехының тасы өрге домалайтынына сенім мол.
Ақнұр САҒЫНТАЙ