Грант ұтып, кәсібін ашты
Бүгінде кәсібін дөңгелеткен жастардың қатары күн санап артуда. Соның бірі – Ақтөбе ауылындағы Құлназаровтар отбасы.
Олар «Бастау Бизнес» жобасы аясында 555 мың 600 теңге қайтарымсыз несие алып, кәсібін дөңгелетуде. Ауылдың өркендеуіне үлес қосып отырған ерлі зайыптылар көпшілікке өз қызметтерін ұсынып, оң нәтиже көруде.
– Жолдасым ағаш ұстасы. Кішігірім жиһаздар жасайды. Ауылдағы жаңадан салынған үйлердің ішін әрлейтін өнері бар. Уақыт өте тапсырыс көбейген сайын кәсіби құралдардың керегі қатты білінді. Сөйтіп, бизнес жоспарымызды дайындап, қайтарымсыз несие алдық, – дейді Әсем Тоқаева
Жолдасы Мұратқалиды ауылда жаңа салынған үйдің ішкі дизайнын жасап жатқан жерінен жолықтырдық. Айтса айтқандай, қолынан шыққан дүние адамды қызықтырмай қоймады. Әр бөлменің жабдығын өзіне лайық етіп келістіруде. Маманға өзіңіз қалаған идеяңызды айтсаңыз болды, ойыңыздағыдай етіп жасап береді. Бүгінде шебердің өнеріне ауыл жұрты жоғары бағасын беріп те қойған. Жан-жақтан келген тапсырыстар оның жұмысының одан әрі дамуына септігін тигізуде.
– Осыған дейін өзімдегі бар құралмен жұмыс істеп келдім. Дегенмен, үлкен жабдық қатты қажет болды. Өйткені, ағаш кесу кезінде оюлап келістіретін жерлері болады. Сондайда станоктың көмегіне жүгіне қоясың. Келіншегім жеңіп алған қайтарымсыз несиеге құралдар сатып ала отырып, қол жеткіздім. Қазір соның арқасында жұмысым бұрынғыдан біршама жеңілдеді, – дейді шебер.
Мұратқали мен Әсемнің алдағы уақытта кәсіптерін үлкейтсек деген мақсаты бар. Ағаш цехын ашып, «қолдан өз дүниемізді жасап шығарсақ» дейді. Ауыл жұртын алыс аудан, облысқа сенделтпей өзімізден-ақ қалаған үй жиһаздарына тапсырыс алып, жасап беруге ниетті. Қолыңда барыңды үйлестіріп, ұқсата білсең одан келер табыс мол. Еңбек көзін тапқан, байлықтың өзін табады. Бүгінгі кейіпкеріміздің кәсібі соған дәлел.
Ерсін СӘДУҰЛЫ