» » Кәмиланың кәсібі

Кәмиланың кәсібі

qarmaqshy-tany.kz Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. Тігіншілік, қолөнер шеберлігімен айналысу бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Жас тігінші Кәмила Қожақова өзінің сүйікті ісімен айналысып, тігіншілік өнерді кәсіп етіп келеді.
Қазақ даналығында «шебердің қолы алтын» деген сөз бар. Иә, шебердің қолынан шыққан дүниелер шынымен де көздің жауын алады. Өрнектеліп салынған оюлардың әсемдігіне еріксіз таңғаласың. Оның қолы нан шыққан көрпеше қандай сәнді десеңізші?! Тігін өнері – біреу үшін күн көрістің қамы болса, енді біреулерге жай ғана шығармашылық немесе тыныштық табу.
Кәмила – Ақтөбе қаласының тумасы. Көпбалалы отбасынан шыққан ол үйінің үлкені. Ақтөбе Қаржы экономика колледжінде "Қаржыгер" мамандығы бойынша білім алған. Өзінің өмірлік серігін Қармақшыдан тауып, бүгінде Тұрмағамбет ауылында тұрады.
Биыл шілде айында "Ұлттық жоба" шеңберінде конкурсқа қатысып, 1 225 200 теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алған. Бүгінде алған қаражатына тігін машинасы мен оған қажетті арнайы құрал-жабдықтар сатып алған.
– Мен тігін тігуді бала кезімнен жақсы көремін. Ерекше дүниелерді жасағанды қатты ұнататынмын. Сондықтан осы өнерден алыстап кете алған жоқпын. Кішкентайымнан қол- өнерге қызығушылығым болды. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде еңбек сабағында өте белсенді болатынмын. 2021 жылы инстаграм желісі арқылы "Алтын ою" жобасының негізін қалаушы Нүрила Анарбекқызын көріп, тігін курсын онлайн оқыдым. Сол кезден бастап тігінге қызығушылығым қайта оянғандай болды. Бұл қызығу шылығым мені орта жолдан тастап кеткен жоқ. Әрі қарай жан-жақты ізденіп, бүгінде шағын шеберханамды аштым. Сонда кәсібімді дөңгелетіп отырған жайым бар, – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде кәсібін күнкөріс көзіне айналдырып отырған Кәмила Құнанбайқызы тігін тігуден бір шаршамайды. Мінезі ашық-жарқын болғандықтан да шығар, оған жастар да, тапсырыс берушілер де жеткілікті. Әмбебап маман екі сөзге келмей олардың тапсырыстарын дер кезінде әрі сапалы орындайды. Ауыл әкімінің қолдауымен ауылдық мәдениет үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған. Онда құрақ көрпе, жастық пен оюлы көрпешелерді сапалы тігіп, сонымен қоса киімдерді қысқарту, сырғытпа ауыстыру секілді жұмыспен айналысады.
Тігіншілік өнер қай кезде де сұранысқа ие болғанымен, бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Оның ішінде құрақ көрпешелер тігу көздің майын алатын жұмыс. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілік өнер бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялатады. Жасаған дүниенің соңғы жемісін көргенде іштей қуаныш сезімі кернейді. Бұл өнер адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды. Зеректік пен ептілікке тәрбиелейді.
– Құрақ тігу оңай жұмыс емес. Оның математикалық жағын білу керексің. Өлшемі дәл шығу үшін бәрін нақтылап есептей білу қажет. Егер дұрыс орналаспаса оюдың бір ұшы кем түсіп, қисық болып кетіп жатады. Тігіп жатқанда дүниенің әр бөлшегінің ұсақ-түйегіне дейін өлшеммен, үйлесімді болуына мән беремін. Сонда ғана жасаған бұйымың тұтынушының да көңілінен шығады, – дейді ол.
Кәмила отбасында аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы Батырбекпен бірге Ернұр, Інжу, Нұрасыл, Иманғали, Іңкəр есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы, үлгілі жан.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
29 қазан 2022 ж. 809 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 322

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 416

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930