» » Мақсат қой да, талаптан

Мақсат қой да, талаптан


Қазақ халқы он саусағынан өнер тамған шеберлерден кенде емес. Осынау ерекше қасиет біреулерге қаннан берілсе, кейбіреулерге өздерінің ізденімпаздығы мен ынтасы арқылы келіп жатады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – қуаңдариялық Баян Толыберганова. Ол қолы шебер, ісмер жан. Анасының өнері қанмен келсе керек бала кезден тігін тігуге, тоқыма тоқуға қатты қызығып, сол істі үйреніп алуға тырысқанын айтады. Адамда жалпы бір нәрсені үйренсем, білсем деген ниет болса болғаны емес пе?
Тігіншілікті жанына серік еткенімен, мал дәрігерлік мамандықты меңгереді. Осы жылдары өмірлік жарын жолықтырып, Бағыбар Малбағаровпен отау құрады. Қос мал дәрігер ұзақ жылдар бойы осы салада жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан. Жұмысы мен үй тірлігінен қолы қалт еткенде тігін машинасына отырып көрпе-көрпеше тігеді.
– Бұл істі жаным сүйгендіктен шаршау дегенді білмеймін. Жастайым­нан тігін тіктім, тоқыма тоқыдым. Ол кездері қазіргідей оны сатып, жеке кәсіп ету деген ұғым болған жоқ. Ауылда тұрдық, сондағы туған-туыстарыма, көрші-көлемге киім-кешек, көрпе, жастық және басқа да заттарды тігетінмін. Жаз мезгілінде қыс қамын ойлап, түбіттен, жүннен шұлық, жемпір тоқитынмын. Бәрінің көңілінен шығып жататын. Күнделікті күйбең тіршіліктен қолым босай қалса, тігін машинама келіп отыра қаламын. Бұл тігін машина қайынатамдыкі. Ол балаларына тік жағалы костюм, шалбар тіккен екен. Мен келін болып түскен соң, бұл менің қолыма өтті. Сол уақыттан бері тоқтаусыз жұмыс істеуде. Қазір өзім де 8 немереге әже болып отырмын, – дейді қолөнерші.
Расымен де ескі заттың сапалы болғанына таңғалдық. Тігін машинасы атадан келіннің қолына өтіп, қаншама жылды артқа қалдырып, қызмет етсе де сыр бермеген. Көненің көзі, әрі қызметіме жарап тұрған құралым деп кейіпкеріміз де оны ерекше бағалайды. «Көп жыл қатарынан серік еткен тігін машинамды қимаймын. Болашақта әрине, қазіргі соңғы үлгідегі машина алу ойымда бар. Сонда да бұрынғы машинама бір уақыт отырып, өрнектеп көрпе тігетін шығармын деп ойлаймын» дейді ерекше қимастықпен.
Баян Толыберганова жұбайы  екеуі мал дәрігері болса, ұл-қыздары ұстаздық жолды таңдаған. Меруерт пен Айданасы тұрмыс құрған өңірінде ұстаздық етсе, үйдің кенжесі Қуандық Петропавл қаласында география пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеруде. Қыздарына жасауды өз қолымен дайындаған ана, болашақ келініне арнап «Көзтимес» атты көрпешесін тігіп те қойған.
Бүгінде тігінші көбіне қыздардың жасауын, қонақ күтуге арналған көрпелер, келінге арналған шай көрпешелер тігеді. Қазіргі кәсібі осы. Тапсырыс беріп жатса оны да тігеді. Ал жақындары көрпешені көп жағдайда сыйға беретінін, кейде тіпті еңбегіне ақы сұрамайтын кездері көп болатынын айтады. Көңілі кең жанның қолынан шыққан көрпе-көрпешелері шынымен-ақ көз тартады. Өзара үйлескен түстер мен қиюласқан оюлар ерекше талғаммен құралған. Оның барлығы көздің майын тауысып отырар өте майда жұмыс.
 «Шебердің қолы ортақ» демекші, оның қолынан шыққан көрпелер көпшіліктің көңілінен шығып, тапсырыс берушілер де, сатып алушылар да бар. Бұл оның жұмысына деген адалдығын көрсетсе керек. Ешқашан ешкімді алдамайды, қолынан шыққан бұйымның сапасына аса көңіл бөледі, ал ақысын бұлдамайды. Алдағы уақытта сүйікті өнерін кәсіп етіп, нәсібін көрмек ниеті де бар.
Зейнет жасынан асса да қол еңбегін қош көріп, нақты мақсат қойып, соған жетуге ұмтылып, ісіне адалдық танытуы бүгінгі жастарға үлгі боларлық іс. «Зейнет жасына келдім» дегенді сылтау етпей, егде жасқа келсе де еңбек етуге құмар жаннан үйренеріміз мол. Әрі қолдан тігілген дүниенің қашанда адал еңбектің арқасында жасалатынын есте ұстаған абзал. Адамдық болмысы мен аналық даналығы мол, қолы өнерлі шебердің әлі талай дүниемен тұтынушысын қуантары анық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
06 шілде 2021 ж. 1 403 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 329

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 419

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930