ШЕБЕР ҚОЛДЫ ШАМШЫРАҚ
Рухани ортадан рухани азық алып шыққан біздің ендігі бағытымыз – шебер қолды Шамшырақ Жантуарованың отбасы.
"Қазақтың қолөнері құлдырауда. Күннен-күнге жойылуда, құрып-бітуде" дегенге жауабымыз дайын. Халқымыздың қолөнері құлдыраған да, жойылған да жоқ. Ол мүмкін де емес. Себебі, айналамызда он саусағынан өнері тамып, қолөнерді кәсіпке айналдыра білетін Шамшырақ Бүркітбайқызы сынды шеберлеріміз көп-ақ.
Уақытымыз түскі ас мәзірінен өтіп барады. Қарнымыз аша бастады. Шаңыраққа жеткенімізде отағасы күтіп тұр екен. Біз де қимылымызды ширатып, мәліметті тезірек алуға қамдандық. Үй иесінен ауылдың кең пейілі мен дарқан даласы сезіледі. Ескі таныстардай амандасқан соң бірден қол шайып кіруімізді өтінді. Қарнымыздың шұрылдай бастағанын білгендей, апамыз қонақ бөлмеге дастарқанды жайнатып қойыпты.
– Жұмыс қайда қашар дейсіз, түс кезі. Бірінші қарын тойғызып алыңыздар, – деп қоян, қой етінен бұқтырылған түрлі тағамды алдымызға тосты.
«Үйге келгенше үй иесі ұялады, үйге келген соң қонақ ұялады», – демекші, жұмыс сапармен жүрген біз көлдей дастарқан жайып, әбігерге түскен үй иесінен расында да қысылдық. Әңгімеміз ақ дастарқан басында өрбіді. Ш.Бүркітбайқызы 5 жасынан іс тігіпті. Анасының тойға апаратын матасын қуыршаққа көйлек тігіп, бүлдіріп тастайды екен.
– Іс тігуге, тоқыма тоқуға аса құмармын. Жаным кіреді. Өзім 1962 жылы туғанмын. Кішкентайдан ұстаған инем бүгінге дейін қолдан түскен емес. Іс тігу – әйелдің сәні. Қазір жастарда ажырасу көп. Өйткені, қыздарымыз отбасылық қиындыққа төзбейді. Ал, іс тіккен, қолөнермен шұғылданған қыз сабырлы да төзімді келеді. Сол себептен де қолөнердің пайдасы жетерлік, – деп кейіпкеріміз әңгімесін әріден сабақтады.
Сөзін бөлмедік. Ойының жаны бар. Іспен айналысқанның артық сөз, өсек-аяңмен шаруасы болмайды. Тек жақсылыққа жүреді. Шығармашылыққа жан-тәнін арнайды. Бүгін әдемі дүниені тоқып шығарса, ертең одан да әдемі етіп тоқуға жұмыс істейді. Оны көрген қыз да анасының қасына отырып, тігін тігу мен тоқуға машықтанады. Қолөнер – кімді болса да жаман қылық пен бейәдептен қорғайды. Бұл біздің шебермен дастарқан басында бірге отырғанымызда көкейге түйгеніміз.
Шебер 1979 жылы тігінші мамандығын алған. Аудан орталығында аталған мамандық бойынша 2 жыл еңбек еткен. Ол киім пішуші Қанымша Құлшығаеваның шәкірті. Мұнан соң ауылға келіп те тігіншілікті жанына серік еткен. Ауылдық кеңестің депутаты болып сайланған. Кейін келе ауыл азаматы Шарапат Дәулетбаевпен отау тігіп, шаңырақ көтереді. Міне, содан бері де өмірге 5 сәби әкеліп, оларға тәлімді тәрбие беруде.
– Еден жуамын. Тігінді қосымша алып жүрмін. Былтыр көптен күткен арманым орындалды. «Бизнес Бастау» бағдарламасымен курс оқып, облыс әкімінің қайтарымсыз 600 мың теңге грантына ие болдым. Оған 3 бірдей тігін машинасын сатып алдым. Машинаның бірі – қысқы, бірі – жазғы киім тігеді. Үшіншісі – етек қайырады. Құжат дайындауда біраз жүгірдік. Ауыл басшылығына, құжат даярлау кезінде өзіммен бірге жүгірген бас маман Алымжан ініме алғысымыз шексіз. Жоспарым – қолдан келгенше осыдан нәтиже шығарып, халыққа қызмет қылу. Бұрын ескі қол машинасымен әбігерленуші едім, қазір шүкір көзім ашылды, – дейді шебер.
Әзірге шебер бір бөлмені үй ішінен жабдықтапты. Қаз-қатар тізілген тігін машинасы бөлменің сәнін кіргізіп тұр. Қабырғада шебердің тіккен бұйымдары. Ұлттық көйлек, киімнің неше атасы. Кейде киімді жалға да беремін, осындай зор мүмкіншілік жасаған «Бизнес Бастау» мемлекеттік бағдарламасына ілінгеніне қуанышты екенін айтады.
Түстеніп болған соң басқа да шаруамыздың бар екенін айтып, үй иесінен рұқсат сұрадық. Кәсіби әдет пе? Әлде, қалып па? Әйтеуір, айналамызға зер салмасақ, жүре алмайтындаймыз. Шыға берісте тура алдымыздан жаңадан салынған шағын ғимаратты назарымыз шалды. Бұл – болашақта салтанатты түрде лентасы қиылатын қолөнерші Шамшырақ Жантуарованың бұйырса, тігін цехы болмақ.
С.Райымбаева