» » » Сағыныштан туған сырлы өнер

Сағыныштан туған сырлы өнер

Түс ауған шақ. Кезекті іссапармен ауылда жүрміз. Таң атысымен сәтті басталған сапардың орта шегі. Ауыл жайсаңдары осы жақтағы шебердің үйіне сілтеген болатын. Аулаға ене бергеніміз сол еді күлімдеген келіншек алдымыздан шықты. Жүзі жайдары. Мінезінің жайлы, көңілінің кең екені көрініп-ақ тұр. Жылы шырай танытып, үйіне қарай бастады. Сырлы өнердің сырына қанық болуға асығып, біз де аяңдадық.


Өнер – тым нәзік дүние. Оған сағыныштан сарғайған сезім қосылса тіпті ерекше. Жанның тазалығын, қолдың ептілігін, қиялдың шырқау биігін қажет ететін қолөнерді екінің бірі меңгермесі анық. Табиғат сыйлаған талантты одан әрі дамыту өнер иесінің таңдауы. Анаға деген ыстық ықылас пен жүрек түбіндегі сағынышын өнері арқылы шығаратын бүгінгі кейіпкеріміздің жайы тым бөлек.

Ол – ІІІ Интернационал ауылының тұрғыны. Ұлты – қырғыз. Гүлсия Батышева Қарақалпақстанда дүниеге келгенімен, жасқа толған шағында ата-анасы Қазақстанға келіпті. Содан бері Қуаңдария ауылында өсіп, қазақы ортада тәрбие алған. Мектепті бітірген соң, Бішкекте ұлттық асхана бойынша білімін жетілдіреді. Ата-анасының Қырғыз еліне оқуға жіберуінің бір себебі қызының өз елінде тұрақтап қалуын қалаған екен. Алайда тағдыр екінші жартысын киелі қазақ мекенінен бұйыртса керек. Аспаздық оқуды аяқтаған соң, өскен өңіріне оралып, ІІІ интернационалдық Ерлан есімді азаматпен отау құрады. «Қырғыз-қазақ бір туған» демекші, салт-дәстүріміз ұқсас келетін ұлт өкілі келіндік өмірінде аса бір қиындық болмағанын айтады.

Бүгінде қыз бен ұл өсіріп отырған Гүлсия ана үй тірлігінен қолы қалт еткенде ине-жібін алып отыра қалады.

– Бір сәтке де бос отырғанды ұнатпаймын. Қарап отырсам менің бос уақытым бола да бермейді. Тігін тігу, тоқыма тоқу – сүйікті ісім. Осы істер арқылы көңілім бөлініп, туғандарыма деген сағынышты басамын. Анамның қолынан келмейтіні жоқ еді. Түрлі түскиіз, көрпеше, жастық, үйге қажетті бұйымдарды өзі тігетін. Тігін өнеріне деген қызығушылығым да сол балалық шақтан басталған. Анамның үйретуімен сегізінші сыныпта қырыққұрақ жастыққап тіккен болатынмын. Алғашқы жұмысым болғандықтан үйімде әлі де сақтаулы. Бұл дүние маған анамның қолы тигені үшін өте құнды, – дейді Г.Батышева алғашқы тіккен дүниесін көрсете отырып.

Тігін мәшинесінің жанында оның қолынан шыққан дүниелері өте көп. Шебер көрпеше, жастық тыстарын, ас үйге қажетті қобдишаларды тігумен қатар, ыстық ыдыстың астына қоятын төсеніштер, сәндік бұйымдар да тоқиды. Бұл біздің көргеніміздің бір парасы ғана. Қолынан келгенге көмек беруге тырасатын Гүлсия ана ешқашан еңбегін пұлдап көрмепті. Өнімін ұнатқан жан болса естелік ретінде сыйға берген.

– Өз білгенімді анам секілді қызыма үйретіп қалдырғым келеді. Себебі бұл ми тыныштығына жетелейтін өнердің ерекше саласы. Қызым медицина бағытын таңдады. Қызылорда қаласындағы жедел-жәрдем бөлімінде қызмет етеді. Ол кішкене күнінде қолөнерге қызықпағанымен, бүгінде қызығушылығы артқан. Тігіннің қыр-сырын сұрап, сәнді заттар дайындауға құмартып келеді, – дейді Гүлсия ана.

Бұл – қанмен келген қасиеттің текке кетпейтінінің тағы бір дәлелі. Ата-салтымызда да мұндай құнды өнер әкеден – балаға, анадан – қызға жалғасып келеді емес пе? Кейіпкерімізбен әңгіме барысында өзіне қадірлі өнердің астарында анаға, ағайынға, бауырға деген шексіз сағынышты аңғардық. Әрбір бұйымды шынайы көңілмен, ерекше шабытпен жасағаны көрініп-ақ тұр. Түстері өзара әдемі үйлесім тапқан, тиянақты, ұқыпты жасалған бұйымдарға қарасаңыз көз қуанады. Жүректегі сағынышты жіп иіріміне түсіріп, бір мезет мауқын басатын шебердің әрбір бұйымы өн бойына әлдебір сырды жасырып тұрғандай.

Тағы бір айта кетерлігі, кейіпкерімізге анасының тігін мәшинесі тым қадірлі. Көп қолданбаса да шаңын сүртіп, тазалап, жоғарыға алып қоятынмын дейді ол. Мұнан ана мен қыз бала арасындағы жіпсіз байланысты аңғарамыз. Бүгінде ол мәшинені ана түтінін жалғап отырған жеңгесіне тарту етіпті.

Әр саланың өзіне тән құрал-жабдығы, ерекшелігі болады. Тігін саласының басты құралы ине мен жіп екені сөзсіз. Гүлсия Батышоваға шабыт сыйлайтын да осылар.

– Орталыққа шықсам міндетті түрде түрлі-түсті жіп пен сан алуан ине сатып аламын. Тігін, тоқыма жіптерімнің көп болғанын қалаймын. Оларға қарап шабыттанамын, әрі жаңа дүниенің туындауына да сеп болады. Бір нәрсені қайталап жасағаннан гөрі, өзім ойдан құрап істегенді ұнатамын. Ойыма алған нәрсені жасап бітірмейінше, басқа нәрсеге алаңдамай аяқтауға асығамын, – дейді шебер.

Түйін
Аз уақыт ішінде қаншама сыр ақтарылды, әңгіме де айтылды. Алайда Гүлсия ананың көңілінде сағыныштан бөлек тағы бір қаяу бар еді. Ол – өз ұлтының бас киімі айырқалпақтың жайы. Қырғыз еліне барғанда сыйдың төресі ретінде берілген бас киімнің шаң басып сөреде тұруы. «Қырғыздарда сыйлы қонаққа осы айырқалпақты сыйға тартушы еді. Мұнда кімге берер дейсіз? Сабақты ине сәтімен дегендей, осыны сыйға тартуға қолайлы уақыт туды» деген ол, көрші бөлмеге тұра жөнелді. Ескі шкафтан суырып алған ұлттық бас киімі көзімізге оттай басылды. Алыстан іздеп, арнайы барғанымызға риза болып айырқалпағын басымызға кигізді. Ерекше сый алғанымызға біз қуансақ, біздің ықыласымызды білген шебер де шат-шадыман.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
26 қыркүйек 2020 ж. 893 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 068

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031