Рызаның биіне ел риза
Тойшыл қазақ емеспіз бе? Бір күні әріптесімнің қыз ұзату тойына бардым. Қазағымның тойы әрдайым ән мен биден тұрады ғой. Бір кезде ортада бар жан-тәнімен, ширақ қимылмен билеп жүрген балаға көзім түсті. Қозғалысы мен түр-тұлғасы ерекше бұл бала туралы білгім келіп, сұрастыра бастадым. Ол ауданымызға қарасты ІІІ Интернационал ауылының тумасы екен.
Бұл ауылдың ерекшелігі – сан түрлі ұлт өкілінің біте қайнасып, жарасымды тіршілік кешуі. Оннан аса ұлт өкілі қоныс тепкен өлкеде тұратын биші жігіт – Рыза Нажипов. Түрік ұлтынан. Ол осы ауылдағы №108 мектептің 10 сынып оқушысы. Ол кішкене күнінен бастап биге құмар болыпты. Арнайы білімі болмаса да туа біткен қасиеті арқылы өз өнерімен талайдың таңдайын қақтырып жүр. Осы уақытқа дейін 14-ке жуық ауыл-аймақтың концерттік іс-шарасында өнер көрсеткен. Түрлі байқаудан топ жарып, көпшілікті тамсандырған. Оның бойындағы талантын бағалаған халық Рызаны арнайылап үйіне іздеп барып, билеп беруге ұсыныс білдіреді.
– Рызаның бойындағы бұл өнер – Алланың сыйы. Кішкене күнінде биге деген қызығушылығын аңғарған соң арнайы ұлттық костюм алып бердік. Содан бері ұлымыз өз өнерін көрсетіп келеді. Жалпы әкесінің отбасы шетінен өнерлі. Рызаның бойындағы бұл қасиет ағаларынан дарыған болуы керек. Ағалары ән айтып, би билеп, түрлі фестивальдерге қатысып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген жандар, – дейді бишінің анасы Иосма Турсунова.
Рызаның мектептегі сабақ үлгерімі жақсы, белсенді оқушының қатарында. Спортқа да икемді. Музыкалық аспаптан гитарада ойнайды. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт дерсіз! Рызаның өзі болса, бізбен әңгімесінде болашақ медицина саласының маманы болғысы келетінін тиек етті. Бойында өнері мен таудай талабы бар жасөспірімнің алар асуы әлі де алда. Оның келешекте талай биік белесті бағындыратынына күмәніміз жоқ.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ