» » Құрақ құрау – жан қалауы

Құрақ құрау – жан қалауы

Ата-бабамыз қыз тәлімі – ұлт тәрбиесі деп білген. Сондықтан қырық үйден тыйым жасап, қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Өйткені бүгінгі қыз – ертеңгі ел анасы, отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесі. Ертеректе қазақтың әрбір қызын кесте тігуге, көрпе көктеуге жастайынан үйретіп, қолөнерге баулыған. Осындай өнерді өн бойына жиып, ұлттық дәстүрді ұлағат тұтқан ананың бірі – Қармақшы ауылына қарасты Қызылтам стансасының тұрғыны Гүлжан Әлібаева.
Ақжар ауылының тумасы Гүлжан Әбжанқызы жастайынан қолөнерге бейім болған. «Ана көрген тон пішер» дегендей, уақыт өте келе өнерін өмірімен байланыстырған. Аталған мекенге келін болып, өмірге төрт перзент әкеліп тәрбиелеген. Балалық шақтан бастау алған ісімен әлі де айналысып келеді. Оның қолынан шыққан құрақ көрпеше мен көрпе, жастықтар әр үйге сән беруде. Қарап отырсақ, құрақтан көрпеше тігу, сан қилы ою-өрнекті құрастыру оңай дүние емес. Жалпы құрақ құрау ата дәстүрде бірлікті, татулықты, ынтымақты, өзара ымыраласып әрекет етуге баулитын тәсілдің бірі. Осы ұстанымды жастайынан санасына сіңірген Гүлжан ана да қолы қалт етсе ине-жібін, қайшы, оймағын алып құрақ көрпеше құрастыруды әдетке айналдырған.
– Ою-өрнек – халқымыздың қазынасы. Ол арқылы салт-дәстүріміз, көркемдікке, сұлулыққа құштарлығымыз айқын көрінеді. Сондықтан қазақтың әр қызы қолөнерге бейім болып, үй шаруасына икемделіп өсуі тиіс. Жалпы тігін өнеріне бейімдігім ана сүтінен дарыған деп ойлаймын. Жас кезімнен жақсы оюларды көрсем жинастырып, оны қағазға түсіріп алып жүретінмін, кейде өз ойымнан құрастырамын. Оюлардың әдемі болып шығуына ерекше мән беремін. Содан болар қыздың жасауына тапсырыс берушілер де бар. Мен осыдан пайда тауып, байлыққа кенелейін демеймін. Себебі бұл іс – жанымның қалауы. Тек іздеп келіп, өтініш жасағандарға тапсырыспен құрақ құрап беремін. Алыстағы ағайын-туысқа сый ретінде де беріп жатамын. Осы құрақ көрпелерім арқылы артымда ізім, қолтаңбам қалуда. Құрақ құрағанда адам өзін мазалаған ойдан арылып, бір сәт демалып қалады. Себебі, ол кезде қолға алған ісіңнің сәтті шығуы үшін еңбектенесің. Ал біткен нәрсені қолыңа алғанда бір шаттанып қаласың. Бұл бір керемет сезім, – дейді ісмер ана.
Гүлжан Әбжанқызының қолынан шыққан құрақтарына қызыға қарайтындар көп-ақ. Бірақ қолына ине-жіп алып, кірісіп кететіндері аз. Құрақ құрауды үйренем деушілерге қолы өнерлі жанның есігі қашанда ашық. Сырлы өнердің қыр-сырын үйретуге әзір. Өйткені абзал ана ұлттық өнердің ұмыт қалмауын мақсат тұтады.
– Жалпы, қолөнер кез келген қазақ қызының екінші кәсібі болу керек. Ине-жіп ұстамайтын қыз-келіншек болмайды. Оның үстіне бүгінде қолөнермен айналысамын деген жанға түрлі әшекей мен көздің жауын алатын қосымша аксессуарларды қалаған дүкеннен табуға болады, – дейді шебер.
Иә, өнердің қай түрі болмасын ептілік пен шыдамдылықты талап етеді. Анасынан жалғасып келе жатқан өнерді бүгінде келініне үйретуде. Демек ұлттық өнер ұмытылмайды, ұлықталады, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасады.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
09 қаңтар 2021 ж. 1 300 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 308

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 406

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930