» » » КӨРПЕ КӨКТЕП, ІС ТІГІП...

КӨРПЕ КӨКТЕП, ІС ТІГІП...

Қолөнер – қазақтың құнды мұрасы. Ол ата тарихымызбен біте қайнасып дамып, асыл мұра ретінде сақталып келеді. Қолөнер туындылары кезінде қажетімізге жарап отырғанымен қатар, адамның ой-өрісінің дамуына ерекше үлес қосқан. Мәселен, қолөнершінің жан дүниесі, ой-қиялы, іскерлігі, шеберлігі, ұқыптылығы өнер туындысымен бірге дамып отырған. Ертеде кестетігерлерін ине ұстауға үйрету – әр ананың парызы болған.


Алайда, бұл үрдіс қазір кенже қалуда. Қызығушылығын кәсібіне айналдырған шеберлер болмаса, көпшілік дүкендерде самсап тұрған дайын өнімді тұтынғанды хош көреді. Осы себептен қолөнерден қол үзіп бара жатқанымыз жасырын емес. Десе де қоғамның осылай өзгеріп бара жатқанына қынжылып, атадан қалған өнердің сақталуына үлес қосқысы келетіндер де ортамызда бар. Ол өзінің еңбегіне ақы сұрамай, тек нәзік жандылардың қолынан өнер келсе, кәсіпке айналдырып, оның нәсібін көрсе дейді. Мүмкіндігі шектеулі балаларды ұлттық өнерге баулып жүрген Бақыткүл Райымбаева аудандағы қыз-келіншектермен білгенін бөлісуді жөн көріпті.

Осы мақсатта 31 тамызда «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігінде «Мүмкіндігі шектеулі балалардың аналары мен аудан қыз-келіншектеріне қолөнер шеберханасын ашу» тақырыбында семинар өткізді. Оған ұлттық өнерді игеруге ниетті 23 адам қатысты. Үйренуге қолайлы болу үшін қатысушылар 3 топқа бөлінген. Сол күннің өзінде-ақ алғашқы жеті адам «Құрақ құрау, құрақтың сырлары» тақырыбында сабақты бастап та кетіпті.

Шеберлік сабақтары екі айға дейін жалғасады. Кейін шеберхана ашып, қатысушылар жұмыспен қамтылады. Бұл үйірменің басты мақсаты – аудандағы қыз-келіншектерге екі ай уақыттың ішінде де тапсырыс алып, орындауға болатынын, кәсіпке айналдырса берекесі мол екенін ұғындыру.

Жетпісінші жылдардың басында жаз айында әрбір екінші үйде кілем тоқылып жататын. Қыстай жіп дайындалып, жаздай тоқылатын. Ал күзде киіз басылатын. Қазір осының бірі де жоқ. Күн суығанша екі ай бойы кілем, терме алаша, басқұр, баулар тоқуды, құрақ құрап, көрпеше тігуді, кестенің барлық түрін, білтегішпен, бізбен тоқуды үйреткім келеді. Өз білгенімді өзіммен бірге алып кетпей, болашақ ұрпаққа, үйренем деген жастарға мұра етіп қалдырсам деймін. Мен үйретуден жалықпаймын әрі оған ақы да сұрамаймын. Тек құнды мұрамыз әрі қарай дамыса, қыз-келіншектер осы арқылы табыс тапса, – деп ағынан жарылды Бақыткүл Райымбаева.


Иә, білгеніңді бөлісуге, үйретуге талпыну – мінездің, көңілдің байлығы. Жүрегі мейірімге толы Бақыткүл апайдың бар ойы осы қолөнерді үйрену арқылы әрбір нәзікжанды ең болмағанда өз үйіне қажетті бұйымды өзі жасаса дейді. Нарық дамып, баға шарықтап тұрған қазіргі уақытта мұның өзі үлкен көмек. Мәселен, өз үйіңіздің көрпешесін көктеп, кілемін тоқып, киіміңізді тігіп кисеңіз қандай жарасымды. Ал одан әрі дамытып, кәсіпке айналдырсаңыз, тіпті керемет емес пе? Бұл аудан қыз-келіншектеріне арналған үлкен мүмкіндік. Себебі өзге жерде мұндай шеберлік сағаты қомақты қаражатты құрайды.

Басталғанына көп уақыт болмаса да қатысушылар екі күнде кішкене шай көрпеше құрап, мақтасын салып та қойыпты. Тағы бір топ бізбен тоқылатын кестені аяқтауға таяған. Яғни, жұмыстың алғашқы нәтижелері көрінуде. Қатысушылардың ынталарына, үйренуге деген ниетіне Бақыткүл апай риза болса, ұлттық өнерді тегін меңгеріп жатқанына үйренушілер де разы. Олар мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, атадан балаға келе жатқан құнды мұраны үйренгендеріне өкінбесі анық.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
05 қыркүйек 2020 ж. 1 416 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031