» » Тігіншілік – текті өнер

Тігіншілік – текті өнер



ҚАЗАҚ ҚОЛӨНЕРІНІҢ БАСТЫ БІР САЛАСЫ – ТІГІНШІЛІК. БАҒЗЫ ЗАМАННАН КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ӨЗІНІҢ ӨМІРШЕҢДІГІН ЖОЙМАҒАН ОСЫНАУ ӨНЕРДІ ТҰТЫНУШЫНЫҢ ТАЛҒАМЫНА ЖӘНЕ ЗАМАНҒА САЙ ИКЕМДЕП, НАРЫҚҚА ҰСЫНЫП ЖҮРГЕНДЕР ДЕ БАР. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ТӨРЕТАМ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ ГҮЛБАҚЫТ АРТЫҚБАЕВА.
Бүгінде кәсіп ашуда көпке бағыт-бағдар, білім беріп келе жатқан «Бастау Бизнес» жобасы тиімді жұмыс істеуде. Аталған жобаның халыққа бергені де, берері де мол. Мемлекеттік бағдарлама аясында шағын несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырғандардың қарасы күн артып өсіп келеді. Бағдарламаның мақсаты – халықты жұмыспен қамтып, жұмыссыз жандардың әлеуетін арттыру болса, бүгінде ол да өз үдесінен шығуда.
Жерлесіміз Гүлбақыт Өмірзаққызы да жоба бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып, бизнес-жоспар құрған. Жоспарын қорғап, өз бағын сынағаннан кейін, қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, келелі бағдарламаның оң нәтижесін көруде.
Бала күнінен әжесі мен анасының қасында жүріп-ақ, іс тігудің қыр-сырына қанық болған кейіпкеріміздің апа-сіңлілері де осы салада кәсібінің нәсібін көріп жүргендер. Бір қызығы, олар әр аймақта жүргенімен қанмен келген текті өнердің қадірін біліп, өзі тұратын өңірдің білікті тігіншілеріне айналған. Жеке кәсіпті қолдайтын ағайындылардың әрбірінің тігін цехы бар. Тігіншілік тынымсыз тірлік болғанымен, олар үшін ерекше махаббатпен атқаратын іс. Кейіпкеріміз Гүлбақыттың қолынан шыққан қыз жасауы, сәнді ұлттық көйлектер, құрақ-көрпелері көздің жауын алады. Ол өзінің еңбегін абыроймен атқарып, халықтың шексіз ризашылығы мен зор алғысына да бөленіп келеді.
– Бұл мен үшін жаныма жақын мамандық. Тігіншілік бала күнімде қызығушылық болса, бүгінде кәсібіме айналды. Өнерімнің арқасында бүгін нәсібімді тауып, тұтынушыларымның алғысын арқалап келемін. Маған тапсырыс берген жандардың көңілінен шығып, оны межелеген уақытта дайындауға тырысамын. Себебі, ең бастысы – халықтың көңілен шығу. Нарықтық заманның да қояр талабы осы. Қосымша киімді қысқартып, оған өзгеріс енгізуді де атқара береміз. Тігін өнерінде барлық нәсібің зор еңбекпен келеді, – дейді он саусағынан өнер тамған шебер.
Кейіпкеріміз толассыз еңбек етіп, алға қойған мақсатқа жетуді көздейді. Қазіргі таңда жүрек қалауы болған өнері алға жетелеп, өз еңбегін аса сүйіспеншілікпен атқарып келеді. Оның жасап жатқан зор еңбегі үлкен ыждағаттылық пен табандылықты талап етеді. Сөз арасында тігіншілердің үнемі ізденіс үстінде жүру қажеттігін алға тартты. Өйткені ол қай кезде де заманның талабы мен ағымына сай еңбек еткенді жөн санайды. Алға қойған мақсаты да жетерлік. Болашақта кәсіпкерлік бағдарлама бойынша цехтың көлемін үлкейтіп, еңбек етемін деген өнерлі қыз-келіншектерді жұмыспен қамтуды көздейді. Ол үшін көз майын тауысып тігін тігіп, қажырлы еңбек етуге дайын екендігін де жасырмады.
Ұлттық бұйымдарды ою-өрнекпен көмкере білген шебердің күнделікті атқарар еңбегінің оңай емес екендігін байқадық. Дегенмен, ісмер «Еңбектің наны тәтті» деген қағиданы қатаң ұстанатын көрінеді. Кәсібіне қадам басқан сәтінен бастап, жауапкершіліктің не екенін түсіне біліп, ел алғысын арқалап келеді. Кәсіп бастаған адамның алдынан түрлі қиындық кезігуі мүмкін. Гүлбақыт Өмірзаққызы кездескен қиындыққа қарамастан алға ұмтылуда. Алдына мақсат қоя біліп, ізденістен қашпады. Соның арқасында бүгінде үлкен еңбектің нәтижесін көріп, мемлекеттің қолдауын сезініп отыр. Сіз де кәсіп бастап көкжиегіңізді кеңейте аласыз. Ол үшін ынта мен жігеріңіз болса жеткілікті.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
21 тамыз 2021 ж. 1 353 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 311

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 410

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930