КӘСІПТЕ ДЕ КӘСІП БАР, СҰРАНЫСЫ БІР БӨЛЕК
Өңірде кәсіпкерлікті дамыту және халықты жұмыспен қамтуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен үкіметтің қолдауымен «Бастау Бизнес» жобасы жүзеге асып келеді. 2015 жылдан бастау алған «Бизнес Бастау» жобасы былтыр нақты іске кірісті. Аталған жоба аясында кәсіпкерлік саласы жаңа кәсіп иелерімен толыға түсті.
Бүгінде кәсіпкерлер палатасы филиалымен оқу курсынан өткен 107 жоба қорғалған. Сонымен қатар, филиал мамандарының айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы негізінен кәсіпкерлікті ауылдық жерлерде жандандыруға бағытталған.
– Көлік жөндеу, мал шаруашылығы, наубайхана, көлікті техникалық байқаудан өткізу жобасы өзінің өтімділігімен ерекшеленеді. «Бизнес Бастау» курсында адам жасына шектеу қойылмайды. Зейнет жасына дейінгілер бағын сынауына жол ашық. Шартына келсек: бірінші, іріктеу тестілеуден өтсе, екінші құжат тапсырады. Ал, үшіншісінде бизнестің психологиясы, бағдарламамен таныстыру, көмектері, зерттеу, салық есептілігі, заңдық құқықтары оқытылады. Содан соң барып, жоба аудандық, облыстық комиссияда қорғалады. Оның қорытындысымен жоба қаржы институтына жіберіледі. «Бизнес Бастаудың» еліміздегі жұмыссыздықты азайтуға ықпалы көп. Жақында Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны Қадіржан Ұзынжасов, дүроңғарлық Әзімбек Нәбиев, жосалылық Азамат Сәрсенбаев, ақайлық Серік Әбсалықов, тағы басқалар жоба аясында кәсіп бастады. Жалпы аудан тұрғындарының ынтасы жоғары, – дейді «Бизнес Бастау» жобасының бизнес-тренері Айгүл Төлекова.
«Кәсіпте де кәсіп бар, сұранысы бір бөлек» демекші, бизнес ашуда идеяға назар аудару қажет екенін алға тартады жобаға қатысушылар.
– Жылжымалы техникалық орталық ашуға дайындық жасаудамын. Құрылғыны Жосалы кентіне қоймақшымын. Орталық – автокөлікті сақтандырумен және техникалық байқау өткізумен айналысады. Тұтынушының қолына арнайы бланкі беріледі. Кәсіпкерлік палатасына алғысымды білдіремін. Курста кәсіпті қалай бастауға болады, идея таңдағанда неге мән беру керек деген сияқты тағы басқа да көптеген сұраққа жауап алдық. «Бизнес Бастаумен» кәсіп бастау – еліміздегі жұмыссыздықтың алдын алуға, адамдарды жұмыспен қамтуға септігі зор. Мен де 4 млн. теңге көлемінде 6 пайыздық несиеге қол жеткізіп, бағдарламаның игілігін көру бақытына ие болғанның бірімін, – дейді Жасұлан Мыханов.
Тұрмағамбет ауылының тұрғыны Жауқазын Оңғарқызы жоба аясында жан-жақты білім алып, 4 млн. теңге несие алды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» алған қаржыға Жауқазын бизнес жоспарын жасап, 12 бас бие сатып алды. Кәсіпкер бір ай бұрын жұмысын бастап та кетті.
– «Бизнес Бастаумен» мақсатыма жетуге мүмкіндік бар. Жоба барысында білмегенімді үйреніп, білімімді жетілдіре түстім. Бизнес жоспарымды комиссия алдында ойдағыдай қорғап шықтым. Болашақта жылқы басын көбейтіп, халқымыздың балдай тәтті қымызын өндіремін. Сондай-ақ, еркек тайларды бордақылап, сатуды қолға аламын, – дейді кәсіпкер.
Жуырда ғана істі бастаған кәсіпкер малын күнделікті күтіп-баптайды. Ашылғанына көп болмаса да ауылдың 1 адамын жұмыспен қамтып үлгірді. «Бизнес Бастау» жобасымен кәсібін бастаған Жауқазынның алдағы жоспары ауқымды. Ол келешекте қызмет түрін көбейтіп, ауылдың өзге де тұрғындарын жұмыспен қамтуды ойластыруда.
ТҮЙІН:
Қорыта келе айтарымыз, еліміздің экономикалық әлеуеті шағын және орта бизнеспен тікелей байланысты екені жасырын емес. Бұл – жұмыссыздықты азайтуда көп көмек әрі қоғам дамуында сүбелі үлес атқармақ. Соның бір парасы – «Бизнес Бастау» жобасы ауданымызда бір ізге қойылып келеді. Бір айтарлығы – жұмыссыздықты желеу етіп, екі қолды алға ұстайтындар саны азаймақ. Ал, «Бизнес Бастау» жобасымен білім алып, кәсіп бастағандардың кәсібі берекелі де мерекелі болсын.
Қорыта келе айтарымыз, еліміздің экономикалық әлеуеті шағын және орта бизнеспен тікелей байланысты екені жасырын емес. Бұл – жұмыссыздықты азайтуда көп көмек әрі қоғам дамуында сүбелі үлес атқармақ. Соның бір парасы – «Бизнес Бастау» жобасы ауданымызда бір ізге қойылып келеді. Бір айтарлығы – жұмыссыздықты желеу етіп, екі қолды алға ұстайтындар саны азаймақ. Ал, «Бизнес Бастау» жобасымен білім алып, кәсіп бастағандардың кәсібі берекелі де мерекелі болсын.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
«Қармақшы таңы».