» » Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі

Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі


Қазақ даналығында «шебердің қолы алтын» деген сөз бар. Сөзге шебер, іске де ұста халқымыздың мәдениетін паш ететін құндылықтың бірі – оның қолөнері. Жалпы тігін өнеркәсібі – әлем экономикасы алдындағы үлесі мен салмағы жоғары кәсіп. Сондай-ақ тігіншілік, қолөнер бұйымдарын дайындау бүгінде табысты бизнес көзіне айналды.
Қызығушылығы кәсібіне айнал­ған ақтөбелік кәсіпкер Шолпан Байтаңатова бала кезінен қайшы мен жіпті жанына серік етіпті. Қолы қалт етсе тігін машинасының жанынан табылатын ол бүгінде өз ісінің шебері.
– Мен тігін тігуді бала кезімнен жақсы көремін. Ерекше дүниелерді жасағанды қатты ұнатамын. Сон­дықтан, осы өнерді өмірлік ісім ретінде таңдадым. Алдымен үйге қажетті заттарды тіктім, кейін ағайын-туыс, көрші-көлемнен тапсырыс түсе бастады. Сұраныс артқаннан кейін кәсіп аясын кеңейткім келді. Бірақ тұрғындардың тапсырысын сапалы орындау үшін қымбат техника қажет еді. Ауыл әкімдігіндегі мамандарға жүгініп, кәсіпкерлік палатасында білім алып, «Еңбек» бағдарламасы бойынша қай­тарымсыз грантқа ие болдым. Бү­гінде кәсіпкерлерге қолдау көп екеніне көзім жетті. Менің ойымша кәсіп бастау үшін, ең әуелі ақша емес, ниет керек. Ниетке байланыс­ты талпынсаң, мақсатқа жету де жеңіл болады екен, – дейді өмірін оюмен өрнектеген қолөнер шебері.
Мемлекеттен алған қаржысына заманауи 2 тігін машинасын алған Шолпан Байтаңатова түрлі оюмен көмкерілген құрақ көрпеше, көрпе, жастық, алжапқыштар ті­геді. Тігіншілік өнер қай кезде де сұранысқа ие болғанымен, бұл мамандық үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Сондай-ақ сән әлемі тұрақсыз болғандықтан, олар әрқашан өзгерістерге дайын болып, жаңаны үйренуге бейім болады. Кейіпкеріміз де әлеуметтік желіден, теледидардан көргенін ойға тоқып, өз-өзін шыңдай беретінін алға тартты.
– Құрақ тігу оңай жұмыс емес. Оның математикалық жағын білу керексің. Өлшемі жақсы шығу үшін бәрін дұрыс есептей білу керек. Егер дұрыс орналаспаса оюдың бір ұшы кем түсіп, қисық болып кетіп жатады. Бұйымды тігіп жатқанда оның әр бөлшегінің ұсақ-түйегіне дейін өлшеммен, әдемі үйлесімде болуына мән беремін. Одан бөлек не тіксең де сүйіспеншілікпен жасау керек. Жақсы энергияңды бере отырып орындасаң, ол тұтынушының да көңілінен шығады, – дейді ол.
Шолпан апайға тапсырыс берушілердің қатарының артуы – жасалған дүниенің сапалы болуынан. Себебі ол ондаған жылдардың еншісінде жүріп, үздіксіз тәжірибе жинақтаған тігінші. Кез келген адам бұйымтайын қысылмай айтып, оған күдіксіз сенім білдіре алады. Көздің жауын алатын, ерекше өрнекті құрақ көрпешелерді өзіміз де көрдік. Ұсақ бөлшектерден құралатын, дәлдік пен төзімділікті қажет ететін көрпешелердің оңайлықпен дүниеге келмейтінін де аңғардық. Түстерді бір-бірімен үйлестіру оюларды орнымен қиюластыру да үлкен шеберлікті талап ететіні анық.
Он саусағынан өнер тамған Шолпан Байтаңатова 3 қызына да осы өнерді меңгерткен. Мектепті үздікке аяқтап, бүгінде студент атанған үлкендері демалысқа келгенде анасына көмектеседі. «Жалғыз өзім болсам бір көрпешені 1 аптада дайындаймын, ал қыздарым болса 2-3 күнде бітіре қоямын» дейді ол. Ісмер анадан үлгі алған қыздардың өнегелі жолды ұстанатынына сенім мол. Кәсіпкер ана алдағы уақытта да мемлекеттің қолдауымен кәсібінің көкжиегін кеңейтуге ниетті.
Қазіргі нарық заманында ауылда кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосатын осындай қабілетті тұрғындардың болғаны қуантады. Қолдан келер істі жандандырып, кәсіптен нәсіп таба білгенге не жетсін?!

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
25 желтоқсан 2021 ж. 1 191 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 329

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 419

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930