» » Сәнді киім сұлу көрсетер

Сәнді киім сұлу көрсетер

Тігіншілік, қолөнер шеберлігімен айналысу бүгінгі заманның ең табыс­ты бизнесінің бірі. Осы салада кәсібін дөңгелетіп отырған кейіпкерімізбен кездейсоқ танысып қалдық. Әдеттегідей іс сапармен жүріп Төретам кентіндегі «Алмас» сауда үйіне тоқтадық. Бір-бірімен жапсарласа орналастырылған дүңгіршектерді аралау кезінде шымылдық тігіп отырған шеберге көзіміз түсті. Бұл – кейіпкеріміз Ботакөз Бекмағамбетованың кезекті тапсырысын дайындау сәті еді. Дереу ішке еніп, ұлттық өнерді ұлықтап отырған тігіншіні сөзге тарттық.
Ботакөз Пірімжарқызы – Байқоңыр қаласының тұрғыны. Оның өзінің сүйікті ісімен айналысып, тігіншілік өнерді кәсіп етіп келе жатқанына да отыз жылдан асқан. Бесік жабдықтары, шымылдық, сәукеле, қыз жасаулары, қыз-келіншектерге арналған көйлектер тігетін шебердің өз әлемі бар. Ол қолынан шыққан дүниелерін қымбат тастармен әшекейлеп, қазақ қызының сұлулығын әдемі көйлектерімен одан әрі көркейтіп, сәндеп келеді.
– Мен кішкентай кезімнен қайшы, қағаз, матаға үйір болдым. Анам тігінші еді. Ес білгелі анамның киім тігіп, құрақ құрап отырғанын көріп қызығып, оған еліктеп өстім. Қызығушылығым кәсібіме айналып, осы істі жүргізіп келемін. Қосымша әйелдер киімі мен әшекей бұйымдар сатумен де айналыстым. Жалпы әйел адамның әдемі киніп, көрер көзге сүйкімді болып жүргенін қалаймын. Әйелдің әлемі әрдайым әдемі болуы тиіс. Тапсырыспен той көйлектерін де да­йындаймын. Осы кәсіпті таңдағаныма еш өкінбеймін, – дейді шебер.
Кейіпкерімізбен әңгімелесе отырып, айналаға көз салдық. Шебердің қолынан шыққан сапалы, жоғары талғаммен тігілетін киімдер көздің жауын алады. Ол матаның сапасы мен үйлесімді сәніне көп мән береді. Ұлттық нақыштағы стильді заманауи үлгімен қабыстырып тігуде тәжірибесі мол.
Өмірін кәсіппен байланыстыра жүріп, төрт перзент тәрбиелеген ананың ұл-қыздары да өнерге құмар. Ұлы суретке түсіру, сурет өңдеуді кәсіп етсе, қызы асыл тастармен безендірілген бас киімдер жасауға әуес. Қанмен беріліп, анадан балаға жалғасып келе жатқан өнердің ізі өшпесі анық. Себебі перзенттерінен тараған немерелерінің арасында сурет салуды ұнататындары бар. Бұл – нәзік те сәнді өнер ұрпақтан-ұрпаққа ұласа береді деген сөз.
– Қазір заманның ағымы мүлдем басқаша, қазақы киімге деген сұраныс артып, заманауи стильде тіктіріп киіп жатқандар көз қуантады. Әрбір келген тұтынушыма қажетті затын тігіп бергенде оның риза болғанын көру мен үшін бақыт. Бұл жұмыстың өзіне тән қиындығы да, қызығы да бар. Өзімнің сүйікті ісім болғандықтан осындай қиындығын елей қоймаймын. Ұлттық нақыштағы әрбір дүние мен үшін құнды. Сондықтан бұлардың барлығы сүйіспеншіліктен туған дүниелер, – дейді Ботакөз Пірімжарқызы.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

28 тамыз 2021 ж. 1 207 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 307

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 406

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930