» » Тігін тігу – тірлігімнің тірегі

Тігін тігу – тірлігімнің тірегі

Кәсіпке қадам басқан әрбір адам алдымен жауапкершіліктің не екенін жақсы түсінетіндей. Себебі мемлекет қолдауына ие болған жанның әрі қарай да ұмтылып жұмыс істеуі өзіне байланысты болатынын ол естен шығармайды. Мұндай әлеуметтік жауапкершілік бар жерде, бастаған ісінің игілігін көру, оны жетілдіру – кәсіп иесіне зор табыс әкелсе керек.
Жақында кәсіпкерлік палатасы "Бастау бизнес" оқу курсын ұйымдастырып, онда көптеген жұмыссыз аудан тұрғындары оқу курсынан өткен болатын. Олардың бірқатары бүгінде жобасын қорғап, кәсібіне керек-жарағын алып та қойды. Солардың қатарынан Т.Көмекбаев ауылының тұрғыны Гуля Жәмитованы атауға болады.
555 мың 600 теңгеге қол жеткізген шебердің кәсіпкер ретінде тіркеліп, алғаш жұмысын бастауы осы болғанымен, оның бұған дейін де үйінде тек жатпай, тігіншілікпен айналысатынынан жұрт хабардар. Бірақ қанша тырысқанымен еңбек өнімділігінің төмендігі тігіншіге қол байлау бола беріпті. Оған себеп ескі машина. Біресе шернегі жіп жинап қалады, біресе қайта сабақтау да біршама уақыт алады. Әйтеуір бір күнде бітіретін шаруаны бірнеше күнге созып алып жатқаны. Енді міне, осы кедергілер оң шешімін тауып, грантпен ұтып алған қаржысына су жаңа тігін машиналарын алып, ісін жеделдетуде.
– Тігіншілік өнер кішкентайымнан тартатын. Нағашы әпкеміздің іс тігетіні бар еді. Сол кісінің әрбір қимылын аңдып, қуыршаққа көйлектер тіге бастадым. Кейін жоғары сыныпта оқып жүргенімде ересек адамдардың киім-кешегін тігуді үйрендім. Осы өнерге ықыласым жастайымнан ерекше. Тұрмыс құрып, келін атанғанымда да, қазір де тігіншілік менің өмірімнің бөлінбес бөлшегіне айналып келеді. Ойымда көптеген идея бар. Соны жүзеге асыру үшін ескі қол машинасының мүмкіншілігі жетпейтін. Сөйтіп, не істесем екен деп жүргенде "Бастау бизнес" курсы көмекке келді. Грантпен жарты миллионнан астам ақша жеңіп алып, оған заманауи 3 тігін машинасын сатып алдым. Шеберханамның сәні кіріп, қолым жүрді. Алдағы уақытта арманымдағы дүниелерді халыққа ұсынатын боламын, – дейді қуанышымен бөліскен шебер.
Гуля Убайдуллақызы бұрынғыша жай тігінші емес, енді жеке мөрі бар кәсіпкер. Оны өзі де сезінетіндей. Жүзінен жылылық есіп, әрбір сөзін нықтап айтады. Біздің назарымызға әуелі іліккені – тігін бөлмесінің іші түрлі бұйымға жайнап тұрғаны. Артық зат көрінбейді. Бәрі орын-орнымен жиналған. Ілгіштегі ілулі тұрған тұсаукесер рәсіміне арналған бөбектің киімі мен "тәйтәй" жабдығы ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Фетр матасынан тігілген қай бұйым да көз сүріндіреді. Құдалық және құдағи сәлемдеме сөмкесі, киіт салатын қоржын, той табақ, жаңа түскен келіннің беташар төсеніші сынды басқа да шебердің қолынан шыққан дәстүрлік дүниелер керемет әсер қалдырады. Одан бөлек, қыз, бесік жасауы, ұлттық өрнектегі төсек жапқыш, көрпе-көрпешелер шағын шеберхананың шырайын ашып тұр.
Г.Жәмитова жұмысына тыңғылықты іскер ғана емес, сонымен бірге отбасында қадірлі отанасы. Адал жар, сенімді серік. Балаларының асыл анасы. Жары Жолдасбек Сақтағановпен 8 бала тәрбиелеп өсіріп отырған бақытты жанұя. Ол өзі бастаған шеберлік мектебінің оты сөнбейтініне титімдей де күмәнданбайды. Себебі, ертеңгі күні оны жалғастырып әкетер Жазира есімді перзенті бар.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
12 қыркүйек 2020 ж. 1 235 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 334

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 421

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930