» » Тұтынушылар тілегінен туған тігін цехы

Тұтынушылар тілегінен туған тігін цехы

Ауылға жаңа әкім келді дегеннен жұмыссыз жүргендер әкімдікке қарай ағыла бастады. Бәрінің тілегі біреу. Үміті одан да көп. Іскер әйел Нұржамал Бектайқызының жоқтан бар жасайтынын білсе керек. Күніне бірнеше адам есік қағып, өтініш айтып келгені ойландырған Ақжар ауылының жаңа әкімі білек сыбанып, іске кірісіп-ақ кетті. Қалайда керек кәсіптің көзін тауып жұмыс көзін ұсыну керек. Өзі отырған ғимараттың бос тұрған үлкен бөлмесін тігін шеберханасы етіп жасақтауды ұйғарды.

Ол үшін ауыл, аудан емес, қала, даладан тапсырыс алып, бірі – перде, енді бірі – қыз жасауын дайындайтын қос кәсіпкер келіншекпен келісті. Келісті де қолынан іс келетін 6 шеберді біріктірді. Осылайша аз уақыттың ішінде ауылда «Ақжар» тігін цехы ашылды. Төсек жабдықтарын дайындауға негізделіп құрылған цехқа шаруашылықтан егіншілерге 200 дана жұмыс киімін тігуге тапсырыс түсіп, жұмыс басталып кетті. Қазір ісмерлер «Ораз ахун ЛТД» деген кестеленген жазуы бар арнаулы жұмыс киімнің 100-ден асасын дайындаған. Тігіншілерге ай сайын төленетін жалақы бекітілген. Тапсырыс алып, жұмыстың жүруін қадағайтын әлгінде айтқан қос кәсіпкер келіншек Нұргүл Әбішева мен Сәуле Сатыбалдиева.
Бұған дейін де қармақшылықтарға соңғы үлгідегі пердесімен белгілі Нұргүл Ғалымжанқызы 3 жыл бұрын «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз несие алып, кәсібін бастаған. Үйінің бір бөлмесіндегі шеберханада екі адамды жұмыспен қамтып отырды. Бала кезден сурет салуға машықтанып, қолөнермен айналысуды көксеген қала қызы Ақжар ауылындағы берекелі отбасының келіні. 3 баланың анасы. «Ауылда мүмкіндік жоқ» демей өзінің қолынан шыққан дүниелерді, сәнді перделер мен көрпе-жастықты жарнамалай білетін ол әлеуметтік желі арқылы танымал.
Қызылордалық Сәуле Тұрсынбекқызы да осы ауылға келін. Құрақ көрпені дүкен сөресіндегідей мінсіз жасайтын оның қолынан қанша арудың жасауы шықты. «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 1 млн теңге несие алып, құрылғы, қажетті заттарын түгендеген тігіншінің тұрақты тұтынушылары көп. Тапсырыс жиі түскен соң бір өзі үлгермейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Енді шеберханада барлығы бірлесіп істейтін болады. Ауыл тұрғындары да үй-үйді аралап тігінші іздемей, бәрін бір орталықтан табады.
Он саусағынан өнер тамған келіншектерді әңгімеге тартқанда ә дегеннен сүйікті кәсібін дөңгелетіп, алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік сыйлаған, үнемі қолдау білдіретін отбасыларына разылықтарын жеткізді.
Тігін шеберханасына жұмысқа қабылданған Света Бедебаева, Манат Лекерова, Жазира Серікбаева, Жадыра Оспанова, Салтанат Ермахановалардың бірі – жүннен шұлық тоқыса, бірі – киім тігеді. Бірі – көрпе көктейді.
– Қолдан іс келгенімен тұрақты жұмыс болмады. Біраз жылдан бері үйде отырып қалдық. Қазір шеберханада сүйікті ісімізбен айналысамыз. Білмегенімізді үйреніп жатырмыз. Біз – бір ұжымбыз. Осындай мүмкіндік сыйлаған ауыл әкіміне алғысымыз шексіз, – дейді тұрақты жұмыспен қамтылған олар.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)


01 қазан 2020 ж. 800 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 548

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 617

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031