КӘСІП ЕТКЕНГЕ НЕСІБЕ МОЛ

Кәсіпкермен тілдесіп, жұмысы мен нәтижесін көргеннен кейін ойымды өзгерттім. Керемет дүниелерді ойлап табатын да, жүзеге асыратын да ауыл тұрғындары. Тәуелсіздік құрдасы Нұргүл Әбішова қаланың қызы болғанымен Ақжарға келін. 3 балапанның анасы. Енесі мен жарының бабын тауып, бір шаңырақтың түтінін түтетіп, тірлігін ұршықша иіріп жүрген жас. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында қайтарымсыз 500 мың теңге алып бастаған кәсібі дөңгелене түскен. Үйдің бір бөлмесін жақсы тігін машинасы мен қажетті құрылғымен жабдықтаған кәсіпкер ауылда іске бейімі бар, тігін тігетін Жанат пен Салтанат есімді келіншекті жұмыспен қамтып отыр.
Нұргүлдің бір ерекшелігі қажетті заттар мен мата іздеп базар араламайды. Кәсібім жүрсін деп дала, қала аспайды. Барлығын телефон арқылы реттейді. Тұтынушымен де ұялы байланыспен тілдесіп, матаның түсі, пішіні мен үлгісін, терезенің өлшемін алады. Аудан төңірегіндегі кент пен ауылға небәрі 3-4 күннің ішінде тігіп, өзі жеткізіп, іліп береді. Ерекшелігі – тапсырыс берушінің көңілін қалдырмайтындығы. 3 бөлмеге перде тіктірсең 4-бөлмені тегін, қонақ бөлмеге перде қажет болса, соған сәйкестендіріп оюлы дастархан сыйлайды. Осы сынды жеңілдіктер мен қосымша сыйлықтарды жиі жасап, кәсібіне деген қызығушылықты, сұранысты арттырған.
Нұргүлдің анасы Райкүл Қосжанова Қызылорда қаласына белгілі тігінші. Оның да желіде бірнеше жылдан бері үзіліссіз арнайы парақшасы жұмыс істейді. Ал сіңлісі Ұлдана Алматы қаласында сауықтыру орталықтарының бірінде қыл қалам сабағынан дәріс береді. Қосымша «Lux_shtory_kyzylorda» парақшасы арқылы республика емес шетелдерден де тапсырыс қабылдайды. Қос інісі Асылжан мен Асқар балабақша мен мектеп стенділерін жасауда алдына жан салмаған. Олардың қиялынан туған керемет туындыларға жоғары баға бермеске болмас. Қазір Қызылорда қаласында бұл екі жас жігітті танымайтындар жоқтың қасы. Осылайша бір үйде өскен төрт бала, төрт «дизайнер» маман халықпен тығыз қарым-қатынаста, қажеттілікті қанағаттандыруда қызмет етуде.
– Әлеуметтік желінің кәсіп істейтіндерге пайдасы көп. Желі болмаса мені де, кәсібімді де ешкім білмес еді. Парақшамда 1600-дей оқырман бар. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстаудан көп түседі тапсырыс. Поштамен, пойыз арқылы жеткізіп беремін. Әзірге тіккен перделерім барлық тұтынушымның көңілінен шығуда. «Тапсырыс берушіге осыншама сыйлық жасап не керек, мұнан қалай пайда табасың?»,- деп жататындар бар. Мен ақша үшін ғана кәсіп еткім келмейді. Өзімді дамытуға жұмыс жасаймын. «Нұргүлдің пердесі» деген атпен өз қолтаңбамды қалыптастырғым келеді. Қазақтың ұмытылып бара жатқан оюларын қайта жарыққа шығарсам деймін. Тек перде ғана емес, қазір қыз жасауы, бесік жабдықтарын да дайындаймын. Әлі үйренгенімнен үйренерім көп. Мақсатым – қазақтың қарапайым қыздары мен сиыр сауып, айран пісіп жүрген ауыл келіншектерінде де кәсіп істеуге мүмкіндік барын, он саусағынан өнер тамған таланттардың ауылдан шығатынын көрсету, – дейді кәсіпкер келіншек.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».