» » » Соғыстың соңғы куәгері БІЗ БОЛАЙЫҚ

Соғыстың соңғы куәгері БІЗ БОЛАЙЫҚ

БҮГІНДЕ АДАМЗАТ БАЛАСЫ БӘСІ БИІК ИНТЕЛЛЕКТІНІҢ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРІЛСЕ ДЕ, ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ СОҒЫС ӨРТІНЕ ТҰНШЫҒЫП ЖАТЫР. МӘСЕЛЕН, СИРИЯДАҒЫ МИЛЛИОНДАҒАН ЖАНДЫ БОСҚЫНҒА АЙНАЛДЫРҒАН СОҒЫСТЫҢ ӘЛІ КҮНГЕ ТЫНШИТЫН ТҮРІ КӨРІНБЕЙДІ. ОСЫДАН ДӘЛ ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН БАСТАЛҒАН АУҒАНДАҒЫ СОҒЫС ОН ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ЕДІ. ЕНДІ ҚАЗАҚ ӘСКЕРІНІҢ АУҒАН ЖЕРІНЕН КЕТКЕНІНЕ ШИРЕК ҒАСЫРДАН АСТАМ УАҚЫТ ӨТСЕ ДЕ БҰЛ СОҒЫС МАЙДАНГЕРЛЕРДІҢ МӘҢГІЛІК ЖАН-ЖАРАСЫНА АЙНАЛДЫ. ЖАЛЫНДАП ТҰРҒАН ЖАС ШАҒЫНДА МЫҢ ДАҒАН АЗАМАТ ЖАТ ЕЛДЕ ЖАН ТАПСЫРЫП, АМАН ҚАЛҒАНЫ МАЙДАННАН ТҮРЛІ ЖАРАҚАТПЕН ОРАЛДЫ. ОСЫ ОРАЙДА АУДАН ДАҒЫ «АУҒАНСТАН ЖӘНЕ АЙМАҚТЫҚ СОҒЫС АРДАГЕРЛЕРІНІҢ КЕҢЕСІ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ АСҚАР ЕРМАНОВПЕН СҰХБАТТАСУДЫҢ СӘТІ ТҮСКЕН ЕДІ.
– Асқар Байдуллаұлы, жалпы ауған жеріндегі соғыстың бертінге дейін құпия келгені рас. Уақыт өте шындық ашық айтылғаны мен кей халық бұл майданның саяси жағынан бейхабар. Сіздер бұл жаққа қалай тап болдыңыздар, осы жағын әңгімелесек?
– 1986 жылы бізді Турква деген жерге әскерге жіберді. Негізі Германияға бара жатқанмын. Ол кезде бірінші әскери міндеттілікпен шетелге жіберетін. Туркваға түскеннен кейін он күн Душанбеде карантинде болдық. Одан кейін Термез қаласына әкелді. Сол жерде әскери ант қабылдадық. Үш ай бізді тау жақтағы полигонда күні-түні жаттығудан өткізді. Қару-жарақты қалай ату, минаны орналастыру, қолдану, жару, қоян-қолтық төбелесу секілді жаттығулар өтіп тұрды. Тіпті сабақ өткенде де Ауғанстанның тарихын, қанша ұлт бар, тұрмыс жағдайын, тілін бәрін үйретіп, түсіндіріп отырды. Бізге ол кезде «Ауғанстанға барасыңдар, ол жақта соғыс болып жатыр» деген бірде-бір хабар айтылған жоқ. Кәдімгідей әскери борышымызды өтеп жүрміз деген бір ғана сезім болды. Үш ай дайындықтан кейін аяқасты түнде дабыл көтеріліп, бізді Ташкентке алып кетті. Бұл жақта екі жүзге жуық әскермен бірге әскери техникаларды үлкен ұшаққа тиеп, ұшырып әкетті. Осы ұшқаннан Кабулға келіп қондық. Міне, осы кезден бастап біз сезе бастадық. Өйткені бұл жақтағы жағдай мүлдем бөлек болды. Жан-жақ тарсыл-гүрсіл, жайбарақат жүрген ешкім жоқ. Бізді бөліп әкетіп, бөлімшеге орналастырды. Бір ай тағы жаттығудан өткізді. Жаяу әскер де болдық. Ұрыс операциялары болған жерді тазалап отырдық. Ол жақтағы жолдың бәрі қауіпті болды. Командирдің артынан бір ізбен жүріп отырдық. Оның рұқсатынсыз жерден бір тасты алып көтермедік. Өйткені астында мина болуы мүмкін. Тіпті бұлақтан су ішкіздірмеді. Қолымызға екі түтікше беріп қойған, оның ішінде сүзгісі бар. Тек сонымен ғана су ішеміз. Тәртіп өте қатты. Осының бәрін көзбен көріп барып, қайда келгенімізді түсіндік. Біздің мұнда келгендегі негізгі мақсатымыз – бірінші қаладан екінші қалаға азық-түлік, қару-жарақ, дәрі-дәрмек тасыған көліктерді қорғап, аман-есен жеткізу. Ауғанның бірнеше қаласында болдық. Бұл жақтағы соғыс ашық майдан емес, тау-тастың арасында тұтқиылдан шабуылдайтын ұрыстар. Біз бұл жақта қаланы қиратып, халқын қырып салғанымыз жоқ. Ешкімді жеңбедік. Бұл өз іштерінде болған қақтығыс. Осы елге Кеңес әскері болып көмекке келдік. Біздің елдегі халық осы жағын түсіну керек.
– Ол жақтың халқы сіздерді қалай қабылдады?
– Халқы бізді жек көрген жоқ. Қайта «Бача», «Шурави» деп құрметтеді. Бача бұл – араб тілінде «бала», 18 жастағы жасты айтады. Ал шурави деп солдатқа айтылады.
– Соғыста жүріп үміт үзген күндеріңіз болды ма?
– Болды, әрине. Өйткені айналаңның бәрі қауіпті. Шалт басып кетіп, жарылып кетуің мүмкін. Ішетін суымызға дейін улап тастаған. Көз алдымызда елдің азаматтары қыршын кетіп жат- ты. Осының бәрі адамға қатты әсер етеді. Үрейде жүрдік. Бізде байланыс жүйесі жақсы жұмыс істеді. Тікұшақтар көп жерде аман алып қалып отырды. Шабуыл жасағандарға төбеден соққы берді. Дегенмен жүрген жолымызды жоғарыдан бақылап, таза дегеннің өзінде жүріп келе жатқан колоннаның ортасы жарылып, адам шығыны көп болды. Тіпті бірге келген жігіттердің біразы өмірден өтіп кетті. Бірақ олардың денелерін ол жерде қалдырмадық. Арнайы табытқа салынып, елге жіберіліп отырды.
– Ауған соғысы көп уақытқа дейін құпия ұсталды. Сіз әскерден оралған соң, кейін ата- анаңызға бұл жайында айттыңыз ба?
– Біз ауғанда жүргенде үйімізге хат жазып отырдық. Бірақ әскерде жүргендей «бәрі жақсы, тамағымыз тоқ» деп жаздық. Хаттың ішінде бірде-бір Ауғанстан туралы сөз жазған жоқпыз. Өйткені бәрі тексеріліп отырды. Тіпті сурет те салынбады. Үйге оралғанымызда да «ләммим» деп айтпадық. Қатаң бұйрықты бұлжытпай орындадық. Ол жақта жұқпалы ауру көп болған соң бізді емделуге жатқызды. Тексеру жүрді. Жеке шақырып сұрақтар қойылды. Сондағы сұрағаны «Соғысқа бардың ба? Қандай операцияға қатыстың? Көрдің бе?» деп тергеу жүргізді. Оның барлығына тек қана «жоқ» деп жауап бердік. Үйде жүргенде де ештеңе білдіртпедік. Бірақ соғыстың көрінісі ойымызда қалып қалғаны сонша түнде көп шошып ояндық. Көпке дейін біреу артымыздан келіп қалардай үрейде жүрдік. Әке-шешем мұны байқап та жүрді. «Не болды, не жасырып жүрсің?» деп сұрақтың астына алған кездері де болды. Оларға шындықты айтқаныңмен ештеңе түсінбейді, құдды ертегі сияқты көрінуі мүмкін. Сондықтан үндегеніміз жоқ. Ең бастысы аман-есен елге оралып, жақындарыммен қауышқаныма шүкір деймін. Бір сөзбен айтқанда бұл сұрапыл соғысты көп жағдайда еске алғымыз келмейді.
– Әскерде, соғыста бірге болған азаматтармен қаншалықты байланыстасыз?
– Ауған соғысының куәгерлері жалпы жан-жақта көп, басқа ұлттан да бар. Өзім танитын жігіттердің біразымен жиі хабарласып тұрамын. Жыл сайын біздерге емделуге жағдай жасалған. Менің бір түсінгенім ауған соғысында болған жігіттердің бір-біріне деген көзқарасы, сыйластығы, бауырмашылдығы өте жақсы. Бір-бірімізді іздеп отырамыз. Аудандағы жігіттердің барлығымен де тығыз байланыстамын. Олардың жағдайын сұрап, біліп отырамын. Сол азаматтар аман болса төрт құбылам түгел, батырмын.
– Сіз аудандағы осы қоғамдық бірлестіктің төрағасысыз. Биыл Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толып отыр. Осы орайда ауданда қандай іс-шараларды жолға қойып отырсыздар?
– Биыл аудан көлемінде қолға алған іс-шарамыз баршылық. Соның бірі – бокстан жасөспірімдер арасында ашық біріншілік ұйымдастырудамыз. Бұл соғыста қаза тапқан бауырларымызды еске алуға арналған іс-шара болмақ. Одан бөлек аудандық мәдениет үйінде ауған соғысының ардагерлерін марапаттадық. Өмірден өткен жерлестерімізге арнап ас бердік. Оның өзі үлкен жұмыс. Осыған атсалысқан аудан әкімдігіне, аудандық қоғамдық даму бөліміне үлкен алғысымызды айтамыз.
– Елге айтар тілегіңіз болса...
– Елімізде әрқашан бейбітшілік заман болсын, соғыс ешқашан болмасын. Соғыстың соңғы куәгері тек біз болайық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ерсін ӘЛІБАЙ
18 ақпан 2024 ж. 675 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 014

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031