» » Ауған асуында от кешкендер

Ауған асуында от кешкендер

Ерлік – ешқашан ұмытылмайды. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 33 жыл толса, облыс бо­йынша бұл соғысқа 860 адам қатысқан. Оның 20-сы майданда ерлікпен қаза тапса, 28-і мүгедек болып оралған. Ал ауданнан 80-нен астам азамат қатысып, бірнешеуі майдан даласынан аман оралмады.
Ел қорғаған ерлердің ерлігін үлгі ету мақсатында кент орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте «Ауған соғысының ардагерлеріне тағзым» атты кездесу өтті. Оған аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің басшысы Рүстем Тұрғанов, аудандық «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Ерманов, ауған соғысының ардагерлері Әскербек Ысқақов пен Әбутәліп Жалмағамбетов, мектеп ұстаздары мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Аталған кездесу ауған соғысы жайлы арнайы дайындалған бейнекөрсетілімнен басталды. Онда аудан ардагерлерінің фотосуреті  де көрсетілді. Мұнан кейін мектептің 9 сынып оқушылары соғыс туралы мағыналы көріністі сахналады. Онда баласын әскерге шығарып салған ата-ана, досынан айырылған сарбаз, елге оралған батыр бейнелері көрсетілді. Көріністен кейін қонақтарға сөз беріліп, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің басшысы ардагерлерге алғысын білдірді. Мектеп оқушыларына патриоттық тәрбие жөнінде түсінік беріп, ардагерлерді марапаттады.  Сонымен қатар өскелең ұрпаққа соғыс жылдарындағы қиын-қыстау кезеңді әңгімелеген ержүрек сарбаздар майдан даласында қаза тапқан қарулас достарын да еске алды. Мақсатсыз майдан талай шаңырақты шайқалтып, мыңдаған адам қыршын қиылды. Аға буынның ендігі көздегені, өскелең ұрпақтың ержүрек, батыл азамат болып өсуіне үлес қосу.
– Соғыстың соғыстан өзгешелігі бол­ғанымен, оның табиғаты бірдей. Ол соғыс, ұрыс болған жерде екі жақтан да адам шығыны болады деген сөз. Сондықтан да бүгінгі бейбіт күнді бағалай біліңдер. Тәуелсіздік бізге қандай қиындықпен келген болса, оны ұстап тұру одан да қиын. Осы тәуелсіздігімізді ұстап тұру үшін елімізге қуатты армия керек. Қазіргі заманға сай, техникасы, қару-жарағы дамыған, азаматтар білімді, денсаулығы мықты болуы тиіс. Келешек ел қорғайтын сарбаздар сендерсіңдер. Асты да, үсті де толған байлығы бар кең байтақ жерімізді ата-бабамыз ұрпағы үшін қорғап келді. Ендігі кезек сендерде. Сендер де өз ұрпақтарыңа аманат етіп қалдырар жерді қызғыштай қорғауларың тиіс. Бүгінде бейбіт өмірде елге қызмет ету – бәріміздің борышымыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Біз ауған соғысының ардагерлері соғыстың соңғы куәгерлері болып қала берейік. Енді соғыс болмасын, – деді мектеп ұстазы, ауған соғысының ардагері Әбутәліп Жалмағамбет.
Бұл кездесу ерекше емен-жарқын күйде өтті. Өмір сүре білудің қадірін бір білсе, бейбіт күнде соғыс отын көріп келген осы жандар білер. Сондықтан олар достықты, туыстықты, денсаулықты – жалпы тірліктің мәнін жоғары қояды. Олардың әрбір сөзі, іс-әрекеті кейінгі ұрпаққа үлгі.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Ардагерлер өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отан­ды қорғауға дайын болуға шақырды.
Адамзат үшін соғыс қаралы ұғым. Өйткені қасіреті мен тауқыметі аяққа нық тұрған елдің өзін де есеңгіретіп жібереді. Ардагерлерге деген ілтипат назардан тыс қалмасы анық. Себебі бейбіт дәуір құру жолында тер төккен майдангерлердің ерлігі әрдайым ел есінде.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
19 ақпан 2022 ж. 613 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031