» » » «Алдымнан шам жақтың, биікке самғаттың – Қармақшым!»

«Алдымнан шам жақтың, биікке самғаттың – Қармақшым!»

qarmaqshy-tany.kz Туған жерден жырақта жүрсе де, елге жиі ат басын бұрып, амандығын сұрап отыратын азаматтар болады. Ондай жандар елдегі туған-туыс пен дос-жаранның да адал жанашыры. Қолдан келген көмегін беруден аянып қалмайды. Тілге тиек еткелі отырған осындай азаматтың бірі – ҚР «Білім беру ісінің үздігі», саяси ғылымдар кандидаты Мұсахан Басшыбаев ағамыз. Ауданымыздың 95 жылдық мерекесі қарсаңында белгілі азаматпен сұқбаттасудың сәті түскен болатын.
– Мұсахан Айтбайұлы, ауылға қош келдіңіз. Сіз жайлы жерлестеріңіз, газет оқырмандары жақсы біледі деген сенімдемін. Дегенмен, өзіңізді тағы бір таныстырып өтсеңіз артық болмас еді?
– Мен 1956 жылы Жосалы теміржол бекетінде дүниеге келгем. Ата-анам теміржолшылар болды. Отбасында 7 бала өстік. Солардың ішіндегі үшіншісімін. 1962 жылы Ш.Уәлиханов атындағы №26 қазақ орта мектебіне барып, оны 1972 жылы бітірдім. Бітіргеннен кейін алғашқы жылы Алматының политехникалық институтына құжат тапсырып, сынақтан 2 балл жетпей оқуға түсе алмадым. Сөйтіп, ауылда 1 жыл киномеханиктің көмекшісі болып қызмет етіп, келесі жылы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының «Физика-математика» факультетіне емтихан тапсырып, сол факультеттің «Математик» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оны бітірген соң өзімнің туған ауданыма оралдым. Институт қабырғасында өзіммен бір топта оқыған Қалдыгүл Өтешқызымен отбасын құрдық. Жоғары оқу орнын бірге бітірдік. Сол жылы тұңғышымыз Назым өмірге келді. Қолға диплом алып, елге келдік. Әрине, оқу орнын жаңадан бітіріп келген маманбыз. Жұмысқа орналасуда қиыншылықтар болды. Басында мұғалімдік қызметке орналасуға мүмкіндік болмады. Бірде сол кездегі аудандық комсомол комитетінің үшінші хатшысы Құндызай Молдабаева апайым көшеде кездесе кетті. Ол кісі бізге жоғары сыныпта орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Көрген бойда менен «жұмысқа орналастың ба?» деп сұрады. Жарықтық, сол кездің адамдары-ай! Мен де жасырмай, жұмыссыз жүргенімді баяндадым. «Онда аудандық комсомол комитетіне жұмысқа тұрасың ба?» деді. Ұсынысына қуана келістім. Сөйтті де өзі мені аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Нұртілеу Салықов жоғары партия мектебіне оқуға кеткен екен, екінші хатшы Есет Назарқұловқа кіргізді. Жұмысқа қабылдануыма ешқандай қарсылық болмады. Осылайша, жастар органына статист болып қызметке қабыдандым. Жұмысымды істеп жүріп, өз еркіммен Кеңес әскері қатарына шақырылдым. 1977-1979 жылдар аралығында Архангельск қаласында әскери борышымды өтедім. Міндетімді өтеу кезінде сол кездегі үрдіс бойынша партия қатарына кандидат болып өттім. Әскерден оралған соң ұстаздық еңбек жолыма жол салған мектеп директоры Әбдуәли Жаназаров әкеміз болды. Жолдасым Қалдыгүл де №26 мектепте мұғалім болып жұмыс істеп жатқан. Әбдуәли ағамызбен де көшеде кездесіп қалып, жөн сұрасқан соң мамандықпен бітіріп келгенімді айтқанымда, «Маған математика пәнінің мұғалімі болып келесің бе?» деп ұсыныс жасады. Бір аптадан соң мені шақыртып, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісінің «Математика пәнінің мұғалімі, 0,25 штатпен, уақытша жұмысқа қабылдауға» деген бұйрығын көрсетті. Осылай педагогика саласындағы алғашқы еңбек жолым басталды.
– Еңбек жолым демекші, жас адамда қиындықтан қорықпайтын батылдық болады емес пе? Әрі қарайғы қызметіңіз қалай жалғасты?
– Иә, сізбен келісемін. Ол кезде жаспыз. Тау қопаруға бармыз. Қолымның өнері бар. Жазу-сызу келеді. Плакат қаламсабымен неше түрлі ұрансөз, үнпарақтар шығарамыз. Өзімді жақсы жағынан көрсеттім. Ерінбей еңбек еттім. Бір мұғалімнің жұмысымен шектеліп қалмадым. Күні-түні жүретінмін мектепте. Таңертеңгі 7.30-да барғаннан түнгі 11-ге дейін жұмыс істедім. Түскі асты мектеп асханасынан ішіп жүре беретінбіз. 2 айдан соң сол еңбегімді бағалап, Жаназаров ағамыз сағатымды бір штатқа толтырып берді. Ал 4 айдан кейін сағатымды 2,5-ке, яғни екі есеге тағы да арттырып, мол сенім артты. Әрине, бұл маған жақсы болды. Сол кезде енші алып, үй тұрғызып жатқанмын. Мектепте 2 жыл жұмыс істегеннен кейін оқу бөлімінің меңгерушісі Тілеумұрат Науанов әдіскерлік жұмысына шақырды. Үйім әлі бітпеген, қаражат керек дегендей. Қаржылық жағдайымды жақсартуым керек. Мектепте алатын айлығым 210 сом болса, әдіскердің жалақысы 84 сом. Сол жағынан бірінші ұсыныста барғым келмеді. Келер жылы тағы ұсыныс жасалды. Онда баспанамның 2 бөлмесіне кіргенбіз. 2 балам бар. Сонымен мектептен оқу бөліміне әдіскер болып ауыстым. 3 жыл мектепте мұғалім болып, 4-ші жылы аудандық оқу бөлімінің математика пәні бойынша әдіскері болып шыға келдім. Одан соң бөлімде инспектор, қазіргі Дүр Оңғар ауылындағы №107 орта мектеп директоры қызметін атқардым. 1987 жылы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Меңгерушісі болып тағайындалу тұрған бір машақат. Алдымен аудандық партия комитеті ұсыныс жасайды. Оны облыстық оқу бөлімі қолдайды. Одан соң облыстық партия комитетіне ұсыныс жасалады. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қабылдап, ҚР Білім министрлігіне ұсыныс береді. Ал министрлік өз коллегиясында бекітеді. Мен сөйтіп Алматыға барып, білім министрінің қолынан бұйрық алғанмын. Коллегияда 31 жастағы мені республикадағы ең жас аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі деп таныстырды. Бөлімде 1996 жылдың қазанына дейін жұмыс істедім.
– Сізге жоғары жақтан басшылық қызмет ұсынылған көрінеді. Не себепті бас тарттыңыз?
– Айта берсек еңбек жолымда көптеген жаңашылдық идеялар, істер атқарылды. Жұмысымды көрсетейін, деңгейімді білсін деген мақсатта мектеп директоры кезімде директорлардың аудандық, облыстық семинарларын өткіздім. Оқу бөлімінің меңгерушісі болған кезімде облыстық, республикалық деңгейде семинар сұрадым. Оқу министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысып, жұмысымды жоғары бағалады. Сонымен қатар сол тұстағы министр Шаяхметовке айтып барған көрінеді. Ол кісі мені Оқу министрлігіне қарасты ҚР Білім басқармасына шақырды. Бірақ 2 нәрсеге көмектесе алмаймын деп ашық айтты. Оның біріншісі, пәтер мәселесі болса, екіншісі қаладағы тіркеу мәселесі болатын. Ойлана келе, жылы орнымды суытпайын деп ауылда жұмыс істей беруді шештім. Сіздің айтып отырғаныңыз осы болар. Дегенмен, министрге кіріп алғысымды айтып кеттім. Өмір деген осы ғой.
– Білім саласын басқарған кезі­ңізде қандай мәселелерге назар аудардыңыз?
– Ауданның білім саласы негіздерін қалыптастыратын кабинеттік жүйе деген бар, соны бір ізге келтірдік. Яғни, физика, математика, химия, биология, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәні кабинеттерін сақтадық. Себебі бұл пәндердің болашақ еліміздің мамандарына базалық білімді тереңірек оқуда маңызы зор. Шаруашылықтармен байланыс жасай отырып, шалғай жатқан Кекірелі, Тышқантамындағы орталау мектептерді орта мектепке ауыстырдық. Осындай жұмыстар жүргізілді. Семинарлар өткізу барысында шаруашылықтардың басшыларымен ақылдаса келе, Ақжар кеңшарының директоры Жарылқасын Байсалов деген ағамыз болды. Сол кісі мектеп оқушыларына арнайы шағын сауын фермасын жасап берді. Балалар сабақтан тыс еңбекпен айналысты. Бұл оңай шаруа емес. Дүр Оңғар ауылында Кәрімберді Жаханов оқушылардың жазғы еңбек демалысын ұйымдастыруға еңбек қосынын дайындап берді. Онда балалар еңбекпен айналысуға мүмкіндіктер алды. Игілікті шаралар жалғасын тапты. Осы ретте байырғы мектеп директорлары Сәдуақас Махамбетов, Зинабдин Әлімбаев, Зибаш Қамбарова, Мұрсал Әбдіқасов, Зәбира Сүюбердиева, Дәмелі Жалғасбаева, Дариха Әмзебековалардың есімдерін құрметпен атағым келеді. Бір командада жұмыс жасап, білім саласын нығайту мен қалыптастыруға өз үлестерін қосқан азаматтар деп айта аламын. Білікті мұғалімдердің қатарынан аға мұғалім, әдіскер мұғалім деген статустар берілді. Соған лайықты мұғалімдер іріктелді. Олардың ішінен Қали Шыңғысов ағамыз, Қалдан Мұқышева, Қалдыгүл Жүнісова, Маргарита Пуговкина, Райкүл Қаратаеваларды ерекше атаған болар едім. Бай тәжірибесін жас мұғалімдерге өнеге етуде ашық сабақтар, үлгілі жұмыстарын көрсетті. Ол кісілер ауданда мұғалімдердің алдыңғы шебінде жұмыс жасады. Әрине, мектептерге, балабақшаларға қамқорлық жасаған шаруашылық, мекеме басшылары да болды. Олардың арасында Сақтапберген Медеуов, Исағали Жұмағұловтар білім саласы мекемелері базасының нығаюына көмек қолдарын созды. Қазіргі тілмен айтқанда демеушілік жасап отырды.
– Оқу-ағартушылық еңбегіңізбен қатар ғылыммен айналыстыңыз. ҚР Парламент Сенаты аппаратында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет еттіңіз. Бірнеше мамандықты меңгердіңіз?
– Педагогикадағы қызметіммен қатар, өзімнің ғылыми жұмыстарымды бастадым. «Қазақстан мектебі» журналына іс-тәжірибелерімді жаза отырып, ғылыми жұмысымның негізін қаладым. 1997 жылы саяси ғылымдар кандидаты дәрежесін алдым. Оқу бөлімінің меңгерушісі болып жүргенімде екінші мамандығым – экономистік жоғары білім алдым. Қызылорда қалалық оқу бөлімінің бастығы болып жүргенімде білімнің артығы жоқ деп, үшінші заңгерлік білімге бой ұрдым. Отбасына келетін болсам, институтта оқып жүргенімізде жарым Қалдыгүлмен шаңырақ көтердік. №26 мектепте оқыдық, кейін осында екеуміз ұстаздық еттік. Мектеп директоры болғанда ол кісі бұрынғы Энгельс ұжшарында мұғалім болды. Қайтып келіп, оқу бөлімін басқарғанымда ол №26 мектепте сабақ берді. Қалалық білім бөлімінің меңгерушісі, облыстық білім жетілдіру институтының директоры, облыс әкімдігінің ішкі және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі болғанымда да жан серігім бола білді.
2000 жылы ҚР Парламент Сенатының аппаратына қызметке алындым. Мемлекеттік қызмет туралы заң 1999 жылы шілдеде қабылданды. Ең бірінші сол заң бойынша жұмысқа қабылдау 2000 жылдың қаңтарында жарияланды. Наурыз айында тест сынағынан сәтті өтіп, ҚР Парламенті Сенаты аппаратына қызметке қабылдандым. Сол қабырғада 20 жылдай сарапшы, бас сарапшы, сектор меңгерушісі қызметтерін атқардым. Осы жұмыстардың барлығында туған елімнің топырағының әсері болды деп ойлаймын. Азамат болып қалыптасуыма әріптестерім, мекеме басшылары, мұғалімдер, мектеп директорларының сүбелі үлесі бар. Сондықтан да осы жұмыстарыма бағыт-бағдар берген, алдымнан шам жағып тұрған, биікке самғатқан Қармақшының қасиетті топырағы деп есептеймін.
– Биыл аудан 95 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы орайда елге айтарыңыз болса?
– Аудан қазір заманауи дәстүрлерге сәйкес дамып, өркендеп жатыр. Бүгінгі жастардың көзқарасы, талғамы бөлек, әрине. Біздің заманымызда Кеңес өкіметінің заңдары, талабы шеңберінде өмір сүрсек, қазір ашық қоғам. Соған сай біздің жастарымыз білімді, олардың көзқарасынан, жүріс-тұрысынан, іс-әрекетінен заманауи үрдістерді байқаймын. Сол үшін де біздің азаматтарымыз, біздің еліміз, оның ішінде Қармақшы елі – осы заманауи үрдістерге сәйкес қарқынды түрде дами береді деген ойым бар. Барлық жақсылықты тілеймін. Жоғары деңгейге жетеді деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ
18 қазан 2023 ж. 1 421 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 100

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031