» » Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш

Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш


Әркімнің туған мекені өзіне Мысыр шаһары. Қазақ баласы үшін кіндік қаны тамған өлкеден артық жер жоқ. Әлемнің небір ғажайып табиғатын көріңіз, жап-жасыл ормандарын басып өтіңіз, бәрібір құмы суырып, аптапты ыстығы басылмайтын туған ұяңа ештеңе жетпейді. Небір дөкей деген қызмет атқарыңыз, небір биікті бағындырыңыз, туған жерің үшін сен қашан да перзенті болып қала бересің. Міне, туған жердің киесі де қасиеті деген осы болар.

Өзінің талабымен жоғары оқу орнын бітіріп, түрлі қызметте сатылап өскен жерлесіміз ҚР "Білім беру ісінің үздігі", саяси ғылымдарының кандидаты Мұсахан Басшыбаев ағамызды білмейтіндер кемде-кем. Қарапайым статист болудан басталған оның еңбек жолы  мектеп директоры, аудандық, қалалық білім бөлімінің меңгерушісі, облыстық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры секілді жауапты жұмыстармен жалғасты. Арман қашан да адамды алға жетелеген ғой. Елордада қызмет етсем деген ағамыздың көптен бергі ойы қабыл болғандай, республикалық газеттің біріне бос мемлекеттік қызмет орындарына конкурс жариялана кетпесі бар ма? Қай кезде де іскерлігі мен біліміне тәуекел ететін Мұсахан Айтбайұлының бұл жолы да асығы алшысынан түсіп, тестілеуден сүрінбей өтеді. Сөйтіп ол ҚР Парламенті Сенаты аппаратына консультант болып қабылданады. Бұл жауапкершілікті де ол біркісідей көтеріп, 19 жыл консультант, бас консультант, сектор меңгерушісі болып 2019 жылы құрметті зейнет демалысына шыққанша абыройлы атқарды. Қазағымызда "Жігіттер жар таңдау мен мамандық таңдаудан жаңылмасын" деген ұлағатты тәмсіл бар. Мұсахан ағамыздың бұл екі таңдаудан да жолы болды. Жары Қалдыгүл Өтешқызы мектепте жоғары санатты ұстаз ретінде зейнетке шықса, балаларының барлығы да жоғары білім алып, заңгер, архитектор мамандықтарын меңгерген. Иә бір қуаныштың бір қайғысы қатар жүретіні бар кейде. Осыдан бірер жыл бұрын ағамыз  жан жарын келмес сапарға шығарып салған жайы бар. Уысыңнан сырғып кететін уақыт шіркін кімге дес берген дейсіз? Бұл кісілердің де қатарының мектеп бітіргеніне жарты ғасыр толып отыр.
– Расымен де бүгінде мектеп бітіргенімізге елу жыл болыпты. Абай атамыз: "Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан" деп айтқандай, өмірге араласқан менің сыныптастарым өздері қалаған мамандықтарымен еңбек етіп белгілі дәрежеде абыройға бөленді. Олардың қатарында ұзақ жылдар жоғары оқу орындарында оқытушылық қыз­мет атқарып келе жатқан техника ғылымдарының кандидаты К.Бай­тасов, заң ғылымдарының кандидаты М.Ахметов, жоғары білімді мамандар М.Үмбетов, Қ.Демеуов, Б.Тәуекелов, А.Мереков, М.Белесов, С.Дауылбаевты және шаруашылықтың сан саласында еңбек етіп абыройлы ақсақал мен аяу­лы әже атанған сыныптастарымды да екшеп атағым келеді. Өмір-дүрмегі бір орында тұрған ба? Қатарымыздың арасында К.Үргенішбаев, Б.Үкенов, Б.Дәкеновті және еліміздің түкпір-түкпірінде қоғам дамуына сүбелі үлесін қосқан марқұм сыныптастарымыздың жайдары жүзін көре алмайтынымыз да қабырғаға батады. Қыздарымыздың ішінде халқына адал қызмет еткен Н.Сәрсенова, Ж.Балқожаева, Ш.Көз­дібаеваны атап өтсем, өмірге ұлағатты ұрпақ өрбітіп көпбалалы ана, асыл әже атанғандары да баршылық. Алла қаласа бұдан елу жыл бұрын арман қуып шартарапқа кеткен сыныптастармен мамыр айында кіндік қанымыз тамып, өсіп-өнген Жосалы кентінде бас қосуды жоспарлап отырмыз. Іс-шарада  өмірден өткен қатар-құрбыға Құран бағыштау ойымызда. Мұнан соң жан-жақтан жиналған сыныптас­тар балалық дәуренді еске түсірсек пе дейміз. Бір кездегі арман қуған бозбаланың алды ақсақалға айналса, ақ бантик таққан қыздар аяулы әже болып әрбір отбасының құты, кемеңгер кеңесшісіне айналғанын көру – біздер үшін зор мақтаныш, – дейді ағамыз қуанышымен бөлісіп.
"Алты Алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі" деп Алаш арысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, әрбір баланың болашағына даңғыл жол ашатын жылы жүректі ұстаз екенін естен шығаруға болмас. Қайсыбір толқын болмасын оның келешегіне алтын көпір қалаған ұлағатты жандардың еңбегі өлшеусіз. "Біздің адам, азамат ретінде қалыптасуымызға Ә.Көбее­ва, Қ.Жәнібеков, Қ.Жаппасбаев, К.Іскен­діров, Т.Құлымова, Г.Қамқо­жаева, Қ.Шыңғысов, Н.Өсеров, Қ.Молдабаева, Т.Жұмабаева, мектеп директоры Ә.Жа­назаров және тағы басқа да үлкен жүректі ұстаздарымыздың еңбегі ерен. Олардың кейбірімен алда өтетін кездесуде жолығамыз деп асыға күтіп жүрміз. Сондай-ақ өзіміз білім алған Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің басшысы М.Ерғалиеваға да жаңа Қазақстан құру жолындағы еңбектеріне толағай табыстар тілейміз" дейді ардагер ізгі ниетпен.
Сәл алыстасаң кеудеңді сағыныш кернейтін туған жеріңнің киесі әрдайым бөлек-ау, сірә.
– Туған жерге тағзым ету – әр­бір азаматтың парызы. Менің сынып­тастарымның туған жерге тағзым етуі – туған елге, оның халқына, туған-туысы мен ата-анасына тәу етуі деп түсінемін. Осындай өнегесі мол іс-шараны көріп өскен ұрпақ та болашақта өз ұрпағын жақсылыққа жетелеп, Отанын сүюге тәрбиелейтіні анық. Кезінде жазушы Сәттар Ерубаев "Менің құрдастарым" атты шығармасында құрдастары жайлы қалам тербесе, менің де құрдастарымның елдегі кездесу сапары сәтті болуына тілектеспін, – дейді Мұсахан Айтбайұлы.

Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
14 мамыр 2022 ж. 866 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 069

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031