» » БІЛІМДІЛЕР БӘСЕКЕСІ

БІЛІМДІЛЕР БӘСЕКЕСІ

Өткен аптада Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалының Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен «КСРО білім беру ісінің үздігі», ұлағатты ұстаз Сәден Нұртаев атындаҒЫ Қазақстан тарихы пәнінен республикалық олимпиадағы өтті.
Жас кезінен туған жердің тарихы мен танымал тұлғасын ұлықтап өскен ұлағатты ұстаз еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастап, кейін келе Ақжар, Т.Көмекбаев, сондай-ақ №183 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. Ол ұстаз ретінде талай шәкіртін білімге баулыса, туған жердің перзенті ретінде оның бай тарихын зерттеп, аянбай тер төкті. Әсіресе, Сыр бойында Ислам дінін таратып, адамзат руханиятына кіршіксіз қызмет еткен діни ғұламаларды зерттеп, зерделеуде үлкен еңбек атқарды. Көптеген мақала жазып, игі істің бас­тамашысы болды. Соның бірі – өзі басшылық жасаған №28 орта мектепте қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық құндылығын дәріптейтін музейдің ашылуы болатын. «Әркімнің туған жері – мысыр шаһары» дегендей, оның төл тарихы мен туған жеріне деген ыстық сезімі бірнеше кітапқа жүк болғандай. Өңірде Ислам дінінің қадір-қасиетін жазып қалдырған да, көзі қарақты оқырманға алғаш ұсынған да осы ұлағатты жан еді. Үш жүздің пірі болған Марал Құрманұлы жайында «Ислам және Марал», «Дін кереметі», «Имандылық иірімдері» атты кітаптары оқырман жүрегінен ойып орын алғаны сөзіміздің дәлелі. Адамгершілік қасиет пен имандылықты жоғары қоятын С.Нұртаев аталған шығармаларында достықты, адами мінез-құлықты, адалдықты  баяндайды. Үлкен жүректі ұстаз өмірлік жары Ақбалыш апаймен бірге ұл-қыз өсіріп, олардан өнегелі ұрпақ сүйді. Жаны ізгілік пен мейірімге толы Сәден Нұртайұлының ғазиз жүрегі 2002 жылы мәңгілікке тоқтады. Бір кезде тарихты зерттеп, ұрпаққа өшпес мұра қалдырған С.Нұртайұлының өзі де бүгінде тарихтың толғаулы тұлғасына айналды. 
Ұстаз атындағы айтулы шара Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Цифрлы Қазақстан» форматы негізінде биыл өңірімізде екінші мәрте мәресін қиды. Өткен жылы ол облыстық деңгейде өтсе, үстіміздегі жылы республика  көлемінде ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат – мектеп оқушыларының пәнге деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ еліміздегі ғылым мен білімді насихаттау. Олимпиадаға Жамбыл, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласынан 9-10-сынып оқушылары сайысқа түсті.
Ол 2 турдан тұрды. Біріншісінде қатысушылар ACTIV ote құрылғысы арқылы тест сұрағына жауап беріп, жоғары балл жинағаны ақтық турға жолдама алса, екіншісінде, жолдамаға қол жеткізгендер Rower Point бағдарламасында жасалған деңгейлік тапсырмаға жауап беру арқылы ұпай жинады.
Сайыс қорытындысында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры, халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профессор Бауыржан Елеусінов және «AB Invest group» компаниясының атқарушы директоры Гүлжаухар Дүйсенбаева топтан оза шапқан жүйріктерге марапаттау рәсімін жүргізді. Сайысқа қатысушының қай қайсы да олжасыз қайтпады. Олимпиаданың І турына қатысқан 14 оқушы сертификат және 10 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болса, ІІ турда 4-8 орыннан көрінген 10 қатысушыға алғыс хат, сонымен қатар 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. Олимпиаданың кезекті кезеңі сынақтан сүрінбей өткен жүлдегерлерге арналды. 9-сынып бойынша ІІІ орынды №28 орта мектеп оқушысы Бақерке Сапарғалиқызы иеленсе, жүлделі ІІ орын Шиелі ауданының №157 орта мектеп оқушысы Дильназ Жаңабекқызына бұйырды. Ал, І орынды Сырдария ауданының №42 мектеп-лицей оқушысы Шұғыла Тельманқызы қанжығасына байлады. 10-сынып бойынша ІІІ орынға Тұрмағамбет ауылының №29 орта мектеп оқушысы Қайсар Мырзағалиұлы лайық деп танылса, ІІ орынды Сырдария ауданының №210 орта мектеп оқушысы Ақтоты Пірімбетова бағындырды. Ал, І орын биігінен Шымкент қаласының №90 жалпы орта мектеп оқушысы Бекзад Ералиев көрінді. Айта кетерлігі – жүлдегерлердің ІІІ орын алғаны 50 мың теңге, ІІ орын алғаны 70 мың теңге, І орын алғаны 120 мың теңге көлемінде қаржылай сертификатқа ие болды. Облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Шахарбан Нұртаева да өз тарапынан сайысқа қатысушы №28 орта мектеп оқушысы Айболат Өтешке 20 мың теңге көлемінде сыйақы ұсынды. 
Сонымен қоса, шәкірті аталған олимпиадаға қатысып, білімділік пен зейінділік танытқаны үшін Светлана Пазылбекова, Бимария Бегетай, Анара Мұхадас, Гүлбадам Әбдірахманова, Бегіманасұлу Махамбетжанқызы, Бол­ғанай Нұралиева, Іңкәр Әбішева, Гүлнара Ахметоваға республикалық олимпиада жұмысын ұйымдастыруға белсенділік танытқаны үшін «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының тренері Бақтыгүл Матекова, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Атырау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру PR, SMM маманы Нұрай Хамметова, Сырдария аудандық білім бөлімінің әдіскері Жанна Нұртазаеваға және білім беру саласын дамытуға үлес қосқаны үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Омаров, осы бөлімнің әдістемелік кабинет меңгерушісі Құндызай Аймаханова, №28 орта мектеп директорының орынбасарлары Асылкүл Арықбаева, Феруза Ералиева, Жақсығали Арықбаев,  Бисембай Садақбаевқа, мұнымен бірге олимпиадаға демеушілік жасаған «AB Invest grоup» компаниясының бас директоры Ғалым Дүйсенбаев пен атқарушы директоры, С.Нұртаевтың ұрпағы Гүлжаухар Рзақұлқызына алғыс білдірілді.                      
Білімділер жарысында Сарыағаш ауданына қарасты «Ақжайық» шипажайының директоры, ауданымыздың тумасы Имран Лепесов №28 орта мектеп директоры Амантұр Оспанов, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бо­йынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының лаборатория меңгерушісі Жанар Бержанова, осы институттың жүйелік әкімшісі Айнұр Жұбаниязоваларға «Ақжайық» шипажа­йына жолдама табыстады.
Шарада ұлағатты жанның шәкірті, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қыз­меткерлердің біліктілігін арттыру инсти­тутының директоры, халықаралық ақпараттандыру академиясының ака­демигі, профессор Бауыржан Елеусінов, Сәден Нұртайұлының жанында көп жүрген інісі, мемлекет және қоғам қайраткері, Қызылорда облысының темір жол саласы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Өмірбек Жүсіпов сөз сөйлеп, естеліктер айтса, ұлағатты ұстаздың ұлы, танымал тұлға Рзақұл Сәденов шараға атсалысқан көпшілікке алғысын жеткізді.  Шара соңында азамат рухына Құран бағышталып, ас берілді.
Түйін:
Атақты физик Ньютон: «Бірде теңіздің жағасынан бір тас тауып алып қатты қуандым», – деген екен. Әрбір шараның өз шарапаты бар. Жүзден жүйрік шығып, білім бәйгесіне түскен тұлпарлардың шабысына қарап шаттандық. Ньютон айтқандай, теңіздің түбінде әлі қаншама тас жатыр. Оны тауып алатын да, білімді жастарды шығаратын да осындай пәндік олимпиадалар көп болғай. 
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
08 мамыр 2019 ж. 1 374 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031