» » » ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚ ТАҒАН ҰСТАЗ

ҰЛЫЛАРДЫ ҰЛЫҚ ТАҒАН ҰСТАЗ

Сыр елінде туып-өсіп, сол өңірдің өсіп-өркендеуінде перзенттік парызын өтеп, ел алғысына бөленген жандар қашанда туған халқының құрметіне ие болады.Міне, сондай атпал азаматтардың бірі – Сыр елінің, оның ішінде құт-береке қонған киелі Қармақшы жерінің бай тарихымен сусындап өскен Сәден Нұртаев.
Жас кезінен-ақ ел мен жер тарихы, осы өңірден шыққан белгілі тұлғалар жайлы әңгімелерге сусындап өскен ол туған ауылындағы орта мектепті тәмамдаған соң ауылдың өзге де арманшыл жастары сияқты Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетінде 5 жыл бойы жоғары білімді ұстаздардан тәлім алады.
Ал, институтты тәмамдаған соң ол еңбек жолын ауылдағы білім мекемесінде қарапайым мұғалімдіктен бастап, кейіннен Ақжар, Т. Көмекбаев және аудан орталығындағы Ү.Томанов атындағы №183 мектептерде оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Өзінің жаңашылдығымен, біліктілігімен танылған маман шәкірт тәрбиелеуде аянбай еңбек етіп, құрмет төрінен көрінді. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған шәкірттер арасында бүгінде өздері шәкірт тәрбиелеп, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып жүрген де бар.
Білікті сала маманы ұстаздық мамандықпен қатар ел тарихына да жете көңіл бөліп, шәкірттерін баулыған тарих пәнін туған жер тарихымен байланыстыра жүргізді. Өскелең ұрпақтың бойына ата салт-дәстүрімізді сіңіруде аянбай еңбек етіп, көп жылғы ізденісінің арқасында ол бұқаралық ақпарат құралдарына Сыр бойындағы діни ғұламалардың өмірі мен Ислам дінінің қасиеттілігі хақында көлемді мақалалар жазды. Сондай-ақ, 1996 жылы оның
Ұстаз, тарихшы, қаламгер Сәден Нұртайұлы күллі Түркі әлемінің абызы Қорқыт пен киелі Қармақшы өңірінде ғұмыр кешкен діни тұлғалардың өмірін зерттеп, бірнеше танымдық мақалалар жазды. Сондай-ақ, Мүсірәлі Сопы Әзиз, Алдашбай ахун, Төребай би сияқты дін қайраткерлеріне ескерткіш орнатудың бастамашы болды.
С. Нұртаев 1966 жылдары оқу мен еңбекті ұштастыра жүргізу саясатын батыл қолдап, өзі басқаратын №28 орта мектепті бітірушілердің облыс мектеп оқушыларына арнаған Үндеуіне мұрындық болғанын біріміз білсек, біріміз белмейміз.
Міне, осындай білікті маманның тындырымды жұмыстары оның жұртшылықпен етене араласуына септігін тигізді. Бала жасынан ата-анасынан, ауылдағы құймақұлақ қариялардан шешендігімен, білгірлігімен талайға таңдай қақтырған жыршы-термешілер, би-болыстар, батырлар мен ахундар жайлы аңыз-әңгімелерді тыңдап өскен ол жыраулық өнер мен ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіріп, сол ұлыларды ұлықтау мақсатында өзі басшылық жасаған мектепте арнайы мұражай ашты.
«Көптен күткен ұлы той» демекші, еліміз егемендік алғаннан кейін бұған дейін ел тарихын жазуға еркіндік ала алмай жүрген Сәден ағамыз енді жарты ғасыр бойы іште жиналған қазыналарының кілті ашып, үшкір қаламынан әңгімелер мен тарихи деректер жаза бастады. Оның ішінде, Ислам дінінің қадір-қасиетін қалың оқырманға өңірімізде алғашқы таныстырушылардың бірі болды. Сәден Нұртайұлы Қыр мен Сырға аты мәжһүр, көрнекті дін қайраткері, 1820 жылдары Ресей патшалығына «Ғазауат» соғысын жариялаған Марал Құрманұлы жайында жан-жақты дәлелденген «Ислам және Марал баба» атты кітап жазды.
С.Нұртаевтың екінші бір күрделі еңбегі – «Дін кереметі» кітабы. Қаламгер ағамыздың бұл кітабы оның нағыз зерттеушілік қабілетін танытты. Кезінде осы кітапта жазылған құнды деректер жайлы пікір жазғандар да болды. Тіпті, олар бұл кітаптың еліміздегі барлық жоғары оқу орыны мен діни мектеп медресесінде оқулық ретінде пайдалануға болатынын айтты.
Сәден ағаның бұл шығармасы негізінен еліміздегі діндердің тарихы, оның қалыптасуы мен орналасуы, Ислам дінінің дүниежүзіндегі беделі мен алып отырған орны, оның адамдарға рух беретін, қысылғанда қол ұшын созатын күш екенін көптеген ғалымдар мен дін танушылардың еңбектерінен мысалдар келтіріле отырып, қарапайым оқырманға түсінікті тілмен жазылған.
Ал, қалың оқырманға жол тартқан Сәден Нұртаевтың үшінші «Имандылық иірімдері» атты жинағында Ислам діні жайындағы жазған зерттеу мақалалары, ой-пікірлері, автор замандастары мен іні-қарындастарының естеліктері, арнаулары мен лебіздер, ұсыныс-пікірлер, көңіл-қостармен қатар, ата-анадан дарыған қасиетті ұстаушы ұрпақтары туралы аз-кем сөз болады.
Бұл жинақта С. Нұртаевқа тән өзіндік ерекшеліктері, досқа деген адал көңілі, адами қасиеттері, дастархан сәні жан-жақты баяндалған.
Сонымен бірге, ұлтымыздың ұлыларын ұлықтаған ұстаз-қаламгер Сәден Нұртаевтың осы үш кітабынан басқа «Мұсылман әдебі», «Ассалаумуәлей-кум ағайын», «Зияратқа тыйым салуға болмайды», «Жаратылыстың жаратушысы», «Қазақ жеріндегі Ислам кереметтері», тағы басқа да діни тақырыпта ұрпақ үшін маңызы зор мақалалары аудандық, облыстық, республикалық баспасөздерде жарияланды. Ол кейбір оқулықтар мен кітаптарға пікір жазып, өзінің дүние танымының кең екенін көрсетті. Сәкеңнің «Әдеп және жантану оқулығына жаңа ойлар қажет», «Зерделі ғалымның зерделі еңбегі», «Ойымызды айтайықшы» атты еңбектерінде профессорлар Қ.Жарықбаев пен Б.Сағындықовтың, ақын Т.Омаровтың кітаптарын талдап, жақсы жақтарымен қатар кемшіліктеріне тоқталып, тиянақты ой-пікірін ұсынған.
«Еңбек етсең емерсің» дегендей, туған жері мен халқының өсіп-өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін С.Нұртайұлы «Қаз ССР оқу ісінің үздігі» Қазақ ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге, қаламгер ұстаз облыстық дәрежедегі зейнеткер атағының иегері атанды.
Өмірлік жары Ақбалыш апаймен бірге ұл-қыз өсіріп, ұрпақ сүйді.
Көкірегі күмбірлеген Қармақшының белгілі азаматы Сәден Нұртайұлы 2002 жылғы сәуірде дүние салды. Өмірден өзі кетсе де, соңында сөзі, ізгілікті ісі қалған С.Нұртаев бүгінде тарихқа айналды.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші этнограф,
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
18 сәуір 2018 ж. 2 602 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 129

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 141

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 283

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930