» » Астананың алғашқы тұрғындары

Астананың алғашқы тұрғындары

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ. БҰЛ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ҮЛКЕН ЖЕМІСІ. ҚЫР ДАЛАНЫ ГҮЛ ҚАЛАҒА АЙНАЛДЫРҒАН ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ТӨЛ ТУЫНДЫСЫ. АСТАНА АҚМОЛАҒА КӨШІРІЛГЕНДЕ КЕЛЕШЕГІНЕ КҮМӘНМЕН ҚАРАҒАНДАР АЗ БОЛМАДЫ. ЕЛДІҢ ҮМІТІ МЕН КҮДІГІ ҚАТАР ЖҮРДІ. СОЛ КЕЗДЕГІ ЖАС ҚАЛАНЫҢ БҮГІНГІ КЕЛБЕТІ ҚАНДАЙ? ШАҢЫРАҒЫН БИІК КӨТЕРІП, УЫҒЫН НЫҚ ҚАДАП, КЕРЕГЕСІН КЕҢ КЕРЕ АЛДЫ МА? ОСЫ САУАЛМЕН АСТАНАМЫЗДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ БІРІ, ЖЕРЛЕСІМІЗ, «ҚР БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ», САЯСИ ҒЫЛЫМДАРДЫҢ КАНДИДАТЫ МҰСАХАН БАСШЫБАЕВПЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК.

Мұсахан Айтбайұлы 1956 жылы Жосалы кентінде көпбалалы теміржолшылар отбасында дүниеге келген. Тұрмыс бүгінгідей тәуір емес тұста бір үйдің бар баласын жоғары оқу орнына түсіру, оқыту қиын еді. Мұсахан ағамызды да қолдап, қолпаштап, қолынан ешкім жетектеген жоқ. Өзінің талабы мен біліміне сенген бозбала Қызылорда Мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті. Қолына дипломын алған жас аудандық комсомол комитетіне статист болып жұмысқа қабылданды. Кеңес әскері қатарына шақырылып, Архангельск қаласынан Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді. Өзі білім алған №26 мектепке математика пәні мұғалімі болып жұмысқа қабылданған ұстаз сатылай өсіп, аудандық оқу бөлімінде әдіскер, инспектор, №107 орта мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыройлы атқарды. Аудан әкімінің орынбасары, облыс әкімдігінің ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қалалық бөлімінің меңгерушісі, облыстық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының директоры қызметтерін атқарған уақытта да өзінің жан-жақты, сауатты маман екенін аңғартты.
1999 жылдың шілдесінде “Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы шығып, мемлекеттік қызметке конкурс арқылы қабылдау енгізілді. Орталық мемлекеттік органдар Астанада жұмыс істей бастады. Аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі мемлекеттік қызметтерді атқарған тәжірибелі тұлға енді елордада еңбек етсем деп армандайды. Сол-ақ екен 2000 жылдың қаңтарында “Егемен Қазақстан" газетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының бос мемлекеттік қызмет орындарына жарияланған конкурсы шығыпты. Конкурс талаптарына сай мұғалімдік мамандықпен қатар экономист, заңгерлікті меңгерген ғылым кандидаты құжаттарын тапсырып, тест сынағынан сүрінбей өтіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратына консультант қызметіне қабылданады. Парламент Сенаты Аппаратында 19 жыл консультант, бас консультант, сектор меңгерушісі қызметтерін атқарып, 2019 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан.
2000 жылы елордаға көшіп барған олар бүгін Нұр-Сұлтандық. Зайыбы Қалдыгүл Өтешқызы жоғары санатты ұстаз. Осындағы №37 орта мектепте ұзақ жыл математика пәні мұғалімі болып қызмет етсе, қазір еңбек демалысында. 5 бала өсіріп тәрбиелеген қос ұстаздың қыздары Назым, Жадыра және Гаухар өз теңін тауып, сол қалада мамандықтарымен еңбек етеді. Даулетханы – заңгер. Абылайхан – архитектор мамандығы бойынша магистратурада оқиды.
– Біз көшіп келгенде Астана қаласы 400 мыңнан сәл ғана асатын халқы бар, өзге ұлт өкілдері көп қала еді. Қазір ол көрсеткіш миллионнан асты. Қазақ ұлты басымдық алып, инфрақұрылымы қарыштады. Елордада Әлемдік деңгейдегі мәдени-көпшілік, бітімгершілік шаралар жиі өтеді. Мұның бастауында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі барын білгеніміз жөн. Қазір елорда кемеңгер көшбасшының атымен Нұр-Сұлтан қаласы болып аталады. Н.Назарбаевпен жыл сайын Парламентке келіп, Парламент сессиясын ашып, Парламенттің алдына міндеттер қойған кезде, Әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің съезі өткен уақытта кездесу мүмкіндігі туады. Нұрсұлтан Әбішұлының екі тілде еркін сөйлейтін шешендігі мен халықты топтастыра алу қабілеті сұңғыла саясаткер екенін дәлелдейді. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Парламент Сенатының төрағасы болып екі рет қызмет атқарғанда қызметтес болып, қолынан екі рет Алғыс хат, бір рет Парламент Сенатының Құрмет грамотасын және үш рет Елбасының қолынан медаль алдым. ҚасымЖомарт Кемелұлы бірнеше тілді меңгерген әлемдік деңгейдегі дипломат. Депутаттармен де, аппарат қызметкерлерімен де қоянқолтық жұмыс істейтін терең білім мен мәдениетті игерген кісі. АҚШ, Қытай, Индия, Біріккен Араб Әмірлігі, Түркия, Ресейде болдым. Бірінші кезекте өз еліңді олардың астаналарымен салыстырасың ғой. Сонда НұрСұлтан қаласы Әлемдік өркениетте өзіндік орны бар, дамыған елдердің астаналарынан кем емесіне көзім жетті. Бүгінде Орталық Азияның жауһарына айналған елорданы білмейтін жан жоқ шығар жаһанда. Өйткені бас қала бейбітшіліктің ордасына айналды.
Саясаткерлер мен қайраткерлердің бас қосып, бір мәмілеге келетін, еліміздің дамуындағы қарым-қатынастарды реттейтін, Заңдар мен маңызды Актілер қабылданатын, жастардың білім алып, арманы мен бақытына жол сілтейтін, қарқынды дамыған қалада қызмет еткеніме, елордамыздың гүлденуіне аз болса да өз үлесімді қосқаныма қуанамын. Әрбір қазақстандық қолымыз жеткен бақыттың бағасын білсек, еліміздің болашағы бұдан да мықты болары сөзсіз, – дейді туған жер перзенті.
Иә, «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың» деген. 44 жасында балаларының болашағы үшін қиындыққа қарамай арман қалаға аттанған ауыл азаматы қазір біраз белестерді бағындырған белгілі тұлға. Жұмысқа деген құштарлық, мамандыққа деген сүйіспеншілік тұрмыстағы барлық қолайсыз жағдайды ұмыттырған. Олардың көз алдында осындай әдемі қала бой көтерді, сол қаламен бірге оның өзі де, отбасы да дамыды, өсті, өркендеді. Алғашында ысқырық бораны мен қытымыр қысы қарығанымен, олар үшін қазір жер бетінде Нұр-Сұлтаннан асқан асқақ қала жоқ.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
04 шілде 2020 ж. 1 061 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 079

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031