» » » "Байқоңыр газ" ЖШС бас директоры Жолмырза Райсовпен сұқбат

"Байқоңыр газ" ЖШС бас директоры Жолмырза Райсовпен сұқбат

"Апат айтып келмейді" дейді халық даналығы. "Сақтансаң, сақтаймын" дейді тағы бір әпсана. Қалай айтылса да, қоғамда адам өмірі – басты құндылық. Ал оны сақтай білу үлкен жауапкершілік. Қауіптің түрі көп-ақ. Соның бірі – күнделікті тұрмыстық қолданыстағы газ баллоны. Оны қалай қолданған жөн, апатты жағдайдың қалай алдын аламыз? Осы бағыттағы және тұрғындар көңілінде жүрген басқа да сауалдар бойынша "Байқоңыр газ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жолмырза Райсовпен әңгіме өрбіткен едік.

– Жолмырза Сартайұлы, сіздің кәсіби, бұрыннан қызмет етіп келе жатқан білікті маман екеніңізді жақсы білеміз. Жалпы серіктестік жайында аз-кем тоқталып өтсеңіз?
– Иә, газ мекемесінде жұмыс істегеніме биыл 29 жыл болды. Серіктестік 1976 жылдан бастап аймағымыздың солтүстік өңірі – Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарының тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз етіп келеді. Мекемеде газ толтыру стансасы орналасқан. Осы станса арқылы баллон құю, қағын тазалау, винтель, клапан ауыстыру, қысымын тексеру жұмыстары атқарылады. Серіктестікте қазіргі таңда газ баллондарын тасымалдаумен айналысатын 34 автокөлік, 11 дана автокөлік құю бекеті, 300 тонналық газ сақтау қоймасы және үлкенді-кішілі 3500 дана газ баллоны бар. Мұнда 87 адам нанын айырып отыр. Ал, Қармақшына келетін болсақ, онда 10 адам жұмыспен қамтылған. 2 автокөлігі бар. Аудандарда өмір қауіпсіздігін сақтау үшін 104 нөмірі арқылы тапсырыс алып, сондай-ақ апатқа қарсы қызметтер қарастырылған. Газ баллонын кенттер мен ауылдық округтерге жеткізіп беруге қызмет көрсететін жалғыз аймақ – біздер болып табыламыз.
– Өзіңіз білесіз. Жақында Жосалы кентінде тұрғын үйде газ атылып, орны толмас қайғылы жағдай орын алды. Газ тұтынудан көпшіліктің қорқып қалған жайы бар. Осы тұрғыда баллонның қауіпті, қауіпсізін қалай ажыратамыз. Қарапайым қағидалары бар ма?
– Өте ауыр жағдай. Қазір халықта да үрей пайда болды. Елдің қорқып қалғаны рас. Баллонды пайдаланатын кезде ең әуелі оның қауіпсіздігіне мән берілуі керек. Редукторға қосар кезде баллонның аузында резина сақинасы бар ма (сальник), жарықшағы болмауын қадағалау қажет. Редукторға қосып болғаннан кейін барып сабынды-көбікті сумен тексеріп алу керек. Содан соң жағуға болады. Осылай жақсылап бір тексеріліп алынса, жарамды жанып тұра береді. Ешбір қорқынышы жоқ. Қайғылы оқиғадан соң жанар-жағар май бекетіндегі баллондарға газ құю тоқтатылды. Ереже бойынша автогаз құю бекеттерінде газ баллонына газ құюға тыйым салынған. Бірақ осыған дейін құйып келді. Серіктестіктің кенттегі филиалында соңғы 10 жылда баллонмен газ құю мөлшері өте төмендеп кетті. Өйткені тұрғындар автогаз құю бекеттерінен қажетінше құйдырып алып жатты. Газ мекемесі аудан халқының бар болғаны 30 процентін ғана қамтып отырды. Баллонның жарамды, жарамды емес жағдайына, газ плитасының ақауына автобекеттегілер жауап та, жөндеп те бермейді. Қиыны – осы.
– Өзіңіз айтып өткендей, осы кезде жергілікті халық тек қана "Байқоңыр газ" ЖШС қызметіне жүгінуде. Яғни газ баллоны қызметін сіздерден ғана алуда. Бұған дейін тұрғындардың 30 процентін қамтып келген мекемеге жалпы аудан тұрғындарына дерлік қызмет көрсету мүмкіндіктеріңіз қалай болар екен. Үлгере аласыздар ма, тапшылық туындамай ма?
– Дұрыс сұрадыңыз. Аз мөлшерде жұмыс істеп келген филиал бір демде 100 процентке үлгеріп береді деп айта алмаймын. Себебі осыған дейін сол өлшемде газ алып отырдық. Негізінен қажетті газ облыстық энергетика басқармасы арқылы сұралады. Бастапқыда жетіспеушілік болуы мүмкін, әрине. Бізде дәл қазір оған адам саны да, автокөлік те жеткіліксіздеу. 1-2 айдың ішінде толық таратып кетуге қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Ол үшін газдың толық алу мөлшерін көбейтуге қол жеткізуіміз керек. Осы жұмыстар реттелгенге дейін сәл уақыт керек. Ұзатпауға тырысамыз.
– Газ баллонын тұтыну кезінде тұрғындар өмір қауіпсіздігі үшін неге баса назар аударуы тиіс, тағы бір айтып өтсеңіз?
– Газ – қауіпті нәрсе екені белгілі. Бірақ ережесін сақтаса, қаупі жоқ. Кей адамдар баллонды төңкеріп жағады. Редукторды сақинасыз салады. Тіпті кейбірі редуктор қоспай, баллонға бірден жалғап салатындары да кездесіп жатады. Осындай жауапсыздықтан түрлі келеңсіздік жағдайы көрініс табады. Жалпы апат қауіпсіздік ережелері мен нұсқаулықтары дұрыс сақталмағандықтан болады. Тұтынушыларға айтарымыз, көгілдір отынды қолдануда барынша мұқият болайық, себебі адам өмірі бәрінен қымбат!
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

25 наурыз 2021 ж. 1 497 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031