» » » Таба нанның тәттісі-ай

Таба нанның тәттісі-ай

Газеттің әр санында қаймағы бұзылмаған қазақи дәстүрімізді дәріптейтін мақала жиі жазылып жүр. Көпке ой салуды көздейтін тілші қауымы өткен мен өшкенді тірілтіп, көмілген көмбені қайта аршып, жарыққа шығаруды мақсат етті. Соның нәтижесінде ұмытылған құндылық жаңа қырынан жаңғыруға бет алды. Сағираның жез самаурынынан шай ішкен соң тағы бір салтқа берік аналар сарқыншағының қолынан неге шоққа піскен таба нан жемеске деген ой келді.
Қи жағып, табаға нан жабатындар бар ма? Болса ауылда болар бәлки. Жосалыдан табыла қоймайды-ау. Ә дегендегі ой осыған саяды. Қуантарлығы сол кенттің өзінде бір емес бірнеше кісінің әлі күнге шоққа нан көметіні. Солардың бірі –Мейрамкүл Байқазақованың үйіне қарай бет алдық. Қабағы ашық келіншек күлімсіреп қарсы алып, жымиған күйде жай сұрасты. Жас шамасы қырыққа таяған. Жүзі жылыдан түңілме демей ме? Біз де еш қысылмай, емін-еркін үйге ендік.  Анадай жерде түтіні будақтаған самаурын тұр. Далада орналасқан қазандық пештің шоғы сөнбеген. Шағын ғана қорада барлық зат тиянақты орналасыпты. Ал үй іші мұнтаздай. Кейіпкердің өнеге тұтарлық қыры көп. Тындырымды тірлігіне көз сүйсінеді. Жұмыстан келген жолдасының қолына шәйнекпен  жылы су құйып, ілтипат көрсетуі «Пай-пай қазақтың келіндері-ай» дегізбей қоймайды.
Құдды балалық шақтың ауласына кіргендей күй кешесің. Көз алдыңызға елестетіңіз. Ауыл сыртынан шелек-шелек шөпшек пен тезек терген кезді. Сиыр жапасын түскенін-түскендей жинап алып, кептіріп қоятынымыз ше? Жарықтық тезек қат еді ғой. Өйткені бәрі ас пен суды шоққа пісірді. Түс пен кеште әр аулада пеште пісірілетін тағам иісітанауды жарып, тәбет ашатын. «Қолмен турасаң нан үгітілмейді», «Қиқымын тастама, обал болады» деп әжелер нан үзіп беріп, шүберек дастарқанның үстінде қалған қиқымын қолымен сыпыра алып аузына қағып жіберетін. «Нан қиқымын шашпаңдар, жерде жатса баспаңдар» деп тақпақтатын едік қой. Дәл сол көрініс біз үшін әлдеқашан сағымға айналған. Ал Каналбек аға мен Хадиша апаның шаңырағына Мейрамкүл келін болып түскелі үзілмей, жалғасып келеді.  
– Қысы-жазы нанды табаға көмемін. Сиыр тезегі жиналса – қоқыс. Оны шығарту –ақша. Одан пайдаға неге жаратпасқа? 1Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық1 деген. Күнделікті 6-да ояну менде қалыптасқан қағида. Сиыр сауамын. Қораға кірер алдында самаурын тұтатып, шоқ сала кетемін. Пешке сүт пісірген соң шоғына бірден нанымды көмемін. Ол аса көп уақыт алмайды. Тоқ пешке пісіргеннен әлдеқайда жеңіл. Бастысы дәмді, табиғи тағам. Әрі тоққа үнем. Күні бойы жұмыста жүрген қыз-келіншекке шоққа нан пісір деуге болмас. Бірақ мүмкіндігі барлар өзбектің бір жұдырық тандырын алып жегенше, таба нан көміп жесе берекелі болар еді. Ертегідегі батыр күн сайын өсіп жатса, біздегі тандыр нандар көлемі күн санап азайып келе ме деп қалам кейде. Нанға қалтадағы ашытқы (дрожь) пайдаланбаймын. Баяғы сол қамыр ашытқымыз, – дейді көрегенді келін.
Үйдегілер оянғанда Мейрамкүлдің шайы қайнаулы, сүті пісулі, наны көмулі. Табадан ыстық нанды алғаны сол еді. Үйдегілер дастарқан басына жинала кетті. «Жеңгелеп» жанынан шықпайтын қайынсіңлілеріне қолмен үзіп, ыстық табаның нанын ұсынды.
Асығып тұрған кісі болса ең болмаса «нан ауыз тиіңіз» дейтініміз тегін емес. Қиыншылық кезде талайдың өмірін жалғаған бір үзім нан емес пе? Қазіргідей тоқшылық заманда нанның қадірін тереңнен ұға алмай жүргендейміз. Жерде жатқан қиқымды көтеруге ерінеміз. Қалай піссе де, қайда піссе де қасиетті дәм – нанды қастерлейік.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА



Желідегі пікірлер
Бектұрған ӘБДІХАЛЫҚОВ:
  • Бала күнімде таба нанды шешем көметін. Кейін келіншегім сабан жағып, «мылқау пешке» пісіріп жүрді. Көршілер «Ауаны ластап, түтіндете бермеңдер» деп шағым түсірген соң нан көмуді қойды.
Гүлнар БЕРДІБАЕВА:
  • 2000  жылға дейін шоқ  табаға да, « мылқау пешке» де нан көмдік. Тал түсте балаларды ұйықтатып тезек  теремін.  Қазір  соны айтсақ өтірік сыңайлы.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ:
  • Көршім екі күннің бірінде қиға нан көміп, отқа тамақ пісіреді. Иісі шыққаннан еріксіз сол үйге қарай бет алатыным бар. Тоққа піскеннен шоққа піскен тағамның дәмі бөлек қой шіркін.
Айнұр АҒЫМБАЕВА:
  • Таба нанды айтқанда балалық шақ еріксіз ойға оралады екен. Ойнап жүрсек те үйге нан көметін тезек керегін ойлап жүретінбіз. Кім көп жинап әкелсе сол мақтау алатын. Таза өнім тұтынғаннан ба ауру аз болатын.
13 тамыз 2019 ж. 1 879 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031