» » » ҰРШЫҚ ҰСТАҒАННЫҢ ҰТАРЫ КӨП

ҰРШЫҚ ҰСТАҒАННЫҢ ҰТАРЫ КӨП

Елбасының «Болашаққа бағдар: руханижаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарыққа шыққалы бұл бағытта елімізде көптеген жұмыстар істелуде. Оның ішінде, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін журналист қауымыда бар. Желіге желіккеннен гөрі елге шыққанды жөн көретін қалам иелері рухани жаңғыру аясында елді мекен аралап, қоңырау шалып, бір қатар ізденіс жасадық. Мұндағы мақсатұмытыла бастаған қолөнерімізді қайта тірілту, халыққа насихат айту.

Бұл жолғы тапсырма – ұршық иіретін аналар іздеу. Білетін, көз көргеннен сұрастырсам, «бұрын айналыс­тым, бірақ қазір қолға ұршық алмағалы көп болды» деумен шектеле берді. Бір қарағанда, екінің бірі жүн иіретін сықылды. Шындығында ұр­шық иіретін адам табу үшін біраз бас қатыруға тура келді. Жан-жаққа телефон шалып отырғанымда ұжымдас құрбым Алма Елеусізова: «ұр­шық иіріп, тоқымамен айналысатын көрші апам» бар, – деп шарасыз отырғанымда жадыратып жіберді. Жағымды хабарды ести сала киіз кітапты қолтыққа қысып, ұршықшы апаның үйіне қарай аяңдадық.
Қуанышкүл Көлтаева 76 жаста. Кезінде Қаз КСР-дың депутаты болған Төлепберген Бөрібаевтың жары. Ерлі-зайып­ты шопан Қармақшы кең­шарының №2 қой фермасында елу жылға жуық уақыт мал баққан. Әрдайым жоғары көрсеткішке жетіп отырған. Алты баланы өмірге әкеліп, ұлды – ұяға, қызды – қияға қондырған шаңырақта үлпершектей немерелер өсіп келеді. Біз айтулы отбасына келгенде Қуанышкүл апа түйенің жүнін иіріп отыр екен. Мейірімді жүзі кез келгенді бау­рап алатындай. «Жүзі жылыдан – түңілме» демекші, оның жылы, жұмсақ әңгімесі жанға жылы тиді.
– Қойшымен тұрмыс құрдым. Өзім де қойшының қызы болдым. Әкем Әдепбай Тұр­мағамбетте елу жыл мал баққан кісі. Ес білгелі тір­лігі­міз малмен байланысты болған соң, көрпе көктеу, іс тігу, күрте, шалбар тоқу – үйреншікті іс. Жалпы, қол­өнер­ді қызығушылықпен өзім үйрендім. Зейнеткерлікке шықсам да бұл кәсіпті тастамадым. 76 – аз жас емес. Бас ауырып, балтыр сыздайды дегендей. Жаздай шұ­лық, қолғап тоқимын. Күн суыта бастағанда оған таласады. Кейде тапсырыс қабыл­даймын. Мақсатым – дүние көбейту емес, бір мезгіл көңіл бөлгенге жақсы. Үш қыз ұзаттық. Үшеуіне де өз қолыммен құрақ құрап, жасауын бердім. Бұрын түйе сауып, шұбат ашытатынмын. Түйеміз бар. Жүнін далаға тастаймын ба? Түйе жүнінен көрпе көктеймін. Ұршық иіріп, жүнін қажетіме жаратамын, – деді Қ.Көлтаева.
Бүгінде жастарға тоқыма немесе тігін тігу туралы айта қалсаң, «оған бола бас қа­тыру­дың керегі не? Дүкен­нен қажеттінің бәрін табасың» дегенді көлденең тартады. Шыны керек, дүкен­нен бәрі табылады. Алайда, қырық күн мұзда сақталған тауық еті мен жаңа сойылған мал етін қалай салыстырасыз? Болмаса, қаптамадағы сүтті жаңа сауылған сүтке айырбас­тар ма едіңіз? Тағы бір мысал, синтетикалық тоқыма киім мен ұлпадай мамық түйе жүнінен тоқылған бұйымға таңдау жаса десе, қайсысын қалар едіңіз? Әрине, адам қолынан шыққан өнімге не жетсін?!
– Сол үшін жастар қол­өнер­ге қызығып, мейілін­ше бейім болса,– дейді 59 жыл қолынан ұршығы түспеген апамыз.


Түйін:
Ертеде екі адам көрші болыпты. Бірі – көркем мінез­ді де, бірі – керісінше, қызғаншақ екен. Қызғаншағы ішінен: «Осы көшіп кетсе екен» деп тілесе керек. Күнделікті көршісінің есігінің алдына қоқыс салынған шелек қоятын болыпты. Оған көркем мінезді көршісі мән бермейді. Бұл ұзаққа жалғасады. Жақсы көрші бір күні шелектегі сасыған қоқысты төгіп, орнына алма толтырып, әлгі көр­шісіне апарады. Мұны көрген қызғаншақ көрші таң­қа­лып қалады: «Мен сені көшсе екен деп, күнде есігіңнің ал­дына сасыған қоқыс апарып қойдым. Сен болсаң, түк бол­мағандай маған бір шелек алма әкеп тұрсың? – деп істің мәнісін сұрайды. Сол кезде алма ұсынған көрші: «Әркім өзінде барымен бөліседі» деген екен. Қандай ғибрат алар­лық тәмсіл. Көршіңнің жақсы болғаны қандай жақсы.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
25 қыркүйек 2018 ж. 3 517 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 052

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031