Шойын жол шыңдаған шебер
жұрт теміржол қатынасын жолаушы ретінде ғана біледі. Ал оның зейнетінен бейнеті ауыр жұмысын екінің бірі біле бермейді. Оны білетін саланың өз маманы ғана. Үскірік қыста тоңып жүріп еңбек етсе, шыжыған жазда балқып тұрған шойын жолдың бойында күнге күйіп жұмыс істейді. Төзім мен шыдамның «қорғасынын» қатар құйған мамандық иесі –теміржолшы деп айтуымызға толық негіз бар. Ол сондықтан мәртебелі мамандық санатында. Сондай мамандық иесінің бірі – Жеткербай Смағұлұлы теміржолда 47 жыл еңбек еткен.
ШОЙЫН ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА
Оның еңбек жолы сонау 1968 жылы басталған. Жосалы бекетінде бағыттаушы болып жұмыс істеген жас жігіт ол кезде бар өмірі темір жолмен сабақтас болатынын білмеген еді. Жастық шақ – адамның ең батыл да батыр кезеңі ғой. Бұған дейін де сынның талайына төтеп берген жастың ендігі арманы жоғары білімді маман атану еді. Оған әркез осы асқақ арманы маза бермей, алға жетеледі де тұрды. Құдды бір құс секілді, тек ұшарға қанаты болса. Рас, оқығанның аты – оқыған. Оған тоқығаныңды қосып қойсаң тіпті, ғажап. Осыбір ойдың жетегінде жүріп ол Украинада 2 жыл азаматтық міндетін атқарып, Отан алдындағы борышын өтегенін де аңғармады. Елге келген соң бұрынғы бағыттаушы жұмысын қайта жалғастырып, отбасына көмек көрсетті. Десе де қиялдағы арманы оны бір демде Алматыдағы жоғары оқу орнына алды да кетті. Білімі мен оқуға деген арманы алдамады. Алла қолдап, Ташкент транспорт және теміржол институтына оқуға түсіп, студент атанды. Оны бітіріп, Жосалыдағы №3 жол дистанциясына инженер ретінде қызметке араласты. Мұнан соң Қызылорда қаласында «Азаматтық құрылыс» мекемесінде еңбек етсе, кейіннен Жосалы бекетінің бөлімше бастығы болып 14 жыл мекеме басқарды. Ардагер теміржолшының айтуынша, бұл кезеңде тұрғын үйлер мен темір жолға қарасты мекемелерде тазалық жұмысы жүргізіліп, күрделі жөндеу жолға қойылған. Сол секілді Жосалы, Төретам бекеті мен ондағы үйлердегі жылу қазандығы да қайтадан жөндеуден өтіп, үлкен жұмыстар істелген. Тоқырау кезеңінің көлеңкесі аталған мекемеге түсіп, ол жабылған соң Ж.Смағұлұлы «Теміржол – су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне шебер болып ауысады.
– 1998-2015 жылға, яғни зейнет демалысына шыққанға дейін Төретам, Жалағаш арасындағы бекет тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етумен айналыстық. Жосалы мен Төретам бекетіндегі жылу қазандығы да біздің құзырымызда. «Мөлдір бұлақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы Диірментөбе, Қорқыт бекетіне «Таза су» қондырғысы қойылды. Аталған бекеттер таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. Жосалы бойынша су есептегіш әрбір отбасыға кіргізіліп, тәулігіне тоқтаусыз су берілді. Сонымен қатар Қызылтам, Қорқыт бекетіне жаңадан су құбыры салынып, барлық үйге су толық жеткізілді. «Абыла-Жосалы» қысымдық желісінің 16 шақырымы заманауи жабдықпен ауыстырылды, – дейді кейіпкеріміз.
ТЕМІРЖОЛДА – ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП
Бір салада жарты ғасырға жуық уақыт қызмет ету – жүрек тазалығы мен мамандыққа деген сүйіспеншілікті білдірсе керек. Жалпы теміржолшыға қандай қасиет керек? Оған деген шыдам мен төзімді қайдан алуға болады?
«Адамға қандай жақсы қасиет керек болса, соның барлығы да теміржолшының бойынан табылуы қажет. Теміржолға да, теміржолшыға да – бастысы темірдей тәртіп керек десе, құптаймын. Себебі, теміржолда қателесуге, мүлт кетуге болмайды. Темір тәртіп болмаса – еңбегің еш, ісің ысырап. Төзім мен шыдамды – елге деген құрмет пен адалдықтан аласың». Бұл Ж.Смағұловтың бізге берген жауабы еді.
– Әу баста екі мақсатым болды. Бірі – саламатты ұрпақ өсіру, екіншісі – абыройлы еңбек ету. Осы мақсатыма да жеттім. Балаларым ер жетіп, халыққа қызмет жасауда. Ал өзім, еткен еңбегімнің игілігін көріп, аман-есен ұрпағымның ортасындамын. Әрине, жұмыс болған соң көп қиындық болады. Әсіресе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары. Жарық болмаған, қыста бу қазаны қатып қалған кез жиі орын алды. Демалысты білмедік. Қазір заман өзгерді. Тек ісіңе адал болсаң болғаны, – дейді ағамыз.
Айта кетерлігі, ардагердің туған ағасы, марқұм Тұрмағамбет Смағұлов та теміржолда вагон қараушы болған. Мамандықтың ыстық-суығын жастайынан татып өскен ағамыз үшін әріптестің орны қашан да бөлек. ОлАйтбай Бекниязов, Аман Нұғыманов, Бауыржан Баянов, Жайлаубай Дүйсенов, тағы басқаларының есімін мақтанышпен атайды.
– Жетекең бір қарағанда, ұстазымыз әрі алдыңғы буын ағамыз. Салада қатар жұмыс істедік. Сол кездегі сыйластығымыз, достығымыз әлі сақталған. Өте салмақты, қарапайым. Біреуге көмектескісі келіп тұратын мейірімді жан. Қызметті бірнеше мәрте ауыстырғанымен, адами болмысы сол бір қалыпта. Мейлінше бұл нағыз азаматқа тән қасиет, – дейді өкшелес інісі Қонысбек Тұрғанов.
ӨСКЕН ОРДА
Жеткербай Смағұлов Райхан жеңгемізбен танысып, отбасын құрған. Екеуі алтын асықтай ұл-қыз тәрбиелеп, құтты орнына қондырды. Бір ерекшелігі – оның барлығы да әке жолын қуған теміржолшылар. Алматы теміржол институтының түлектері. Қызы Жанар – Қызылорда бекетінде тауарлы кеңседе аға кассир болса, ұлы Жандос – қалада жүк тасымалдау бөлімшесі бастығының орынбасары, ал кенже бала Елдос – Сексеуіл бекетінің жоларалық дистанциясында бас инженер.
Ағамыздың жары Райхан Шәжетқызы Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Ол кісінің айтуынша, теміржолшыға жар болу үлкен жауапкершілік жүктейді.
– Күн, түн демей далада жұмыс істейтін теміржолшыға жар болу жеңіл шаруа емес. Оның қонағы, досы, тексерісі көп болады. Үйге адамды кез келген уақытта әкеледі. Сондықтан да самаурынға шоқ салынып, қазаның оттан түспегені абзал. Оған қоса, ағайын-туыс, әріптес бар, бәрінің көңілін табуың керек. Шариғатта: «Ең бақытты әйел – ерінің ризашылығын алғаны» деген. Жолдасыма қолымнан келгенше қызмет етудемін. Бүгінде екеуміздің 14 немереміз бар. Шүкір, бақытты ата мен әжеміз, – дейді өсіп-өнген отбасының отанасы.
Түйін
Бүгін таң арайлап атты. Азанғы ас мәзіріне отбасы мүшесі толық жиналған. Немеренің тәтті күлкісі мен бал қылығы аптапты жаздың ыстығын бір білдірер емес. Атасы мен әжесінің әңгімесіне еліте қараған немерелер оларға еркелеумен әлек. Қою күрең шайды сімірген сайын бойға сіңіп, маңдайға тер үйіріп барады. Иә, бұл бақытты елдегі бақытты әулеттің күндегі береке-бірлігі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ