» » » ЫРЫСЫ ТАСЫҒАН, ҰЛЫСЫ АСЫЛДАН ауылым – алтын бесігім

ЫРЫСЫ ТАСЫҒАН, ҰЛЫСЫ АСЫЛДАН ауылым – алтын бесігім

Түп сағасын Сырдария өзенінің терең ағысынан алатын қос арна – Балажарма мен Наурызбайдың аралығын жайлаған Ақтөбе деген ауыл бар. Сонау тоқсаныншы жылдағы тоқырау заманы – бұл ауылды да айналып өтпеді. Егін шаруашылығы тоқтады, қоймалар қаңырап бос қалды. Уақыт ағымымен бойын тіктеген мекеннің бүгінде қойнауы ырысқа толы. Дамуы мен ынтымағын қатар ұстап, Сыр мен Қуаңды жайлаған қалың елдің бір пұшпағынан ойып тұрып орын алды.
ЖАЙҚАЛҒАН АҚ КҮРІШІ
Бұл жолы іс-сапармен Ақтөбе ауылына аяңдадық. Ауылға кіре берісте екі жақ тізбектей ағаш отырғызылған. Бой көтерген нысандар, үйлер, тұрғызылған ескерткіштер барлығы да ауылдың әсем келбетіне айналған. Өзіндік тарихын сараласаң татулықтың иісі аңқиды. Иә, ол күнді ауыл тұрғындары күрсініп еске алады. Себебі сол жылдары ауылдың бірлігі жойылуға сәл қалды деседі. Алайда елім деген азаматтардың арқасында тұрғындардың басы бірігіп, татулықты ту етеді. Бүгінде сол бірліктің арқасында әр жылы қамбаға астық толып, оң нәтижеге қол жеткізуде. Ауылдағы ағайынның да нәпақа жиғаны осы саладан. Алайда өрістің кеңеюі алға ілгерілеуді қажет етеді. Ал диқаншының бүгінде кетпені сайлаулы, көңілі жайғаулы. Ерте көктеммен еңсе тіктеген еңбеккердің дені дала қосында еңбекпен біте қайнасқан. Көктемде дала төсін егінжайға дайындап, мол өнім алуға жағдай жасаса, жазда еккен өнімін күтіп-баптайды. Ал еңбекке толы сары күздің жайы бөлек әңгіме. Экономикалық тұрақтылық пен сапа сұранысын арттыруда экспорт әлеуетінің маңызы жоғары. Экспорт – нарық өсуінің басты құралы. Өзге аймақтардағы бүгінгі заманға сай технологияларға қол жеткізудің оңтайлы жолы. Ал өнімді экспорттау – бәсекелестіктің үлкен бөлігі. Бұл тұрғыда үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуірінде аймағымызға белгілі шаруашылықтың бірі – Нұрлан Іздібаев басқаратын «Ақтөбе и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Өзбекстанға өткен жылдың 4 айында 264 тонна Сыр маржанын сатып, одан 40 миллион теңгеден аса табыс түсірсе, үстіміздегі жылы 100 тонна күріш дақылын экспорттап, 15 миллион теңге пайда тапқан.
– Әдепкі суарған күріш жақсы өнді.  Биыл да меже толық орындалды. 1950 гектарға күріштің «Лидер», «Янтарь» сорты егілді. Ендігі су келуден мәселе болмайды. Барлығы оңтайлы шешімін тапты. Қазіргі таңда серіктестік 140 адамды жұмыспен қамтып отыр. Осыдан 4 жыл бұрын ашылған құрылым сол жылдары облыс бойынша егін көрсеткішінен үшінші орынды місе тұтқан-ды. 2017 жылы облыс чемпионы атандық. Алдағы уақытта да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деген серпін бар, – дейді «Ақтөбе и К» ЖШС басшысы Нұрлан Іздібаев.
Серіктестік қалт етсе көмек қолын созуға дайын.  Ауылды көркейтіп-көгалдандыруы­нан бөлек қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырған. Мәселен, жақында ғана 10 жасар қызылордалық Аружанға шетелде бүйрек ауыстыруына қаржы бөлген. Одан бөлек оқушылардың олимпиадасына, лагерьге баруына жәрдемдесу де бар. Ал мереке сайын тұрғындарға, қызметкерлерге жасалатын сыйлықтың жайы тым бөлек.
ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨРІСТІ КЕҢЕЙТПЕК
Құс фабрикасын іске қосу 2020 жылдың мамыр айына жоспарланды. Жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы құрылысы бойынша шатырын жабу жұмысы қарқынды жүруде. Кәсіпорынның іске қосылуы ауданда азық-түлік өндірісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сонымен қатар жем қорын дайындауға, қажетті дақылдар егіп, көлемін арттыруға, сол арқылы егін саласын әртараптандыруға ықпалын тигізеді. Мәселен, кешенді нысанның жұмысы үшін құс азығына күніне 20-22 тонна дақыл керек. Айына 600 тонна құс жемінің қажеттілігі туындайды. Әдетте құс шаруашылығына соя, зығыр, жүгері секілді өнімдер қажет. Фабрика пайдалануға берілгеннен кейін солай жеммен қамтамасыз ету мәселесі өздігінен туындайды. Сондықтан серіктестік құрама жем зауытын салуды қол­ға алған. Бұл жоба жем дайындауға қажетті дақылдарды егуге де жол ашады. 
– Жылына 1500 тонна құс етін өндіретін өндірістің болашағынан зор үміт күтеміз. Негізгі бағыты – бройлер балапандарын өсіру және құс етін өндіру. Жобаның жалпы құны 1,14 млрд. теңгені құрайды. Жалпы бройлерден неғұрлым сапалы ет алынады. Өнімнің орташа бағасы 650 теңге. Сондай-ақ, сою цехы, инкубатордан балапан шығару, тауық өсіру секілді жұмыстар қолға алынады, – дейді серіктестік басшысы Нұрлан Іздібаев.
Құс еті мен жұмыртқасының адам ағзасына тигізер пайдасы мол. Бір ғана жұмыртқаның өзінде 13 түрлі витамин болса, олардың барлығының да адамның өсіп қалыптасуына, ми қызметінің дамып, көздің көру қабілетіне тигізер әсері бар. Бүгінде ішкі нарықта сырттан тасымалданатын құс еті мен жұмыртқасы дүкен сөресін толтыруда. Құс фабрикасының ашылуы, сонымен бірге халықты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын түзеуге де сеп болмақ. Ауданымызда ашылатын құс фабрикасы аудан көлемінде ғана емес облыс, республика деңгейінде халық сұранысын қанағаттандырады деген се­нім мол. Ал, ұсақ құс өсірумен айналысатын жеке кәсіпкерлер қазіргі таңда тек құс жұмыртқасын нарыққа ұсынып, халықты сапалы жұмыртқамен қамтуда. Ауданда тауық, үйрек, қаз, күркетауық секілді құстың еті мен жұмыртқалары өндірілуде.
ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ӨРГЕ СҮЙРЕЙДІ
Серіктестіктен шыққан соң бағыт көр­шілес тұрған «Оңталап» шаруа қожа­лығына бұрылды. Екі орта алыс болғанымен жаяулатып келеміз. Анадай жерден менмұндалаған қожалық кеңсесінде қайнап жатқан тіршілік. Бізді елер емес. Барлық техниканы жөндеп жатқан механизатордың бірі – Әлішер Маханов бізді басшылыққа сілтеді. Айтуынша, сонау 1998 жылы ашылған шағын, отбасылық шаруа қожалық 2015 жылдан бас­тап іріленген құрылымға айналған. Бүгінде бұл орын 70 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Биыл 800 гектарға күріштің «Лидер» сорты егілді. 177 гектар жаңа жоңышқа, 331 гектарға ескі жоңышқа отырғызылды. Бастапқыда совлёр ектік. Өнім төмен нәтиже берді. Ал соңғы жылдары әр гектардан 40-тан алса сыйақы беріледі деп шештік. Нәтиже жаман емес. Өнім Ақ Орда капиталына өтеді. Әрі сол жақтан экспортталады, – дейді бас бухгалтер Анар Аралбаева.
Мұнда 597 адамның жер үлесі бар. Осы үлескерлерге мереке сайын шара ұйым­дас­тырылып, сыйлықтар таратылады. Шаруа қо­жалық ауылдың көркейіп-көгалдануынан бөлек қайырымдылық шараларына да белсенді араласады. Мәселен, қарамағындағы жұмысшыға төрт бөлмелі үй, ауылдағы мешіт имамына жеке пәтер алып берді.
Аудан бойынша І тоқсанның қоры­тындысымен ауылшаруашылығы өнім­де­рінің жалпы көлемі 707,9 млн. теңге бо­лып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тыр­ғанда 101,1 процентті құрады.  Мал ша­руашылығы, оның ішінде мүйізді ірі қара басы 102,9 процентке, қой басы  100,5 процентке, жылқы 112,3, түйе 104,2, құстар 102,2 процентке өскен. Есепті кезеңде 779,7 тонна ет өндірілді. Ал мал шаруашылығын қосымша баптаған «Оңталап» шаруа қожалығының бұл іспен айналысқанына 4-5 жылдың көлемі болды. Қазіргі таңда екі жұмысшы осында малшы. Жем-шөбін дайындайды. Мұндағы ірі қараның сатуға жарамдысы саудаға түседі. Жалпы 150 бас аналық пен 6 бұқа өсіріп бапталуда.
Қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты болуы – халықтың екі қолға бір күрек ұстауына байланысты. Кәсіпкерліктің дамуына күш салған аймақ бұл мәселелерді шешуге әлдеқашан кірісіп кеткен. Бұл орайда, мемлекет отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп, бизнес үшін қолайлы жағдай да жасады. Ал жаһандық нарыққа шығатын, бәсекеге қабілетті өнім шығару – барша шаруалар мен диқандар еңбегін шыңдай түсері айқын.
ТӘРБИЕ НӘРІН БЕРГЕН БІЛІМ ОРДАСЫ
Түрлі салада жүрген маманның шыққан жері, білім алған ошағы, тәрбие нәрін алған алтын ұясы болады. Ол – мектеп. Мектеп – 11 жыл бойы білімнің бәрін оқушы бойына сіңдіріп, оны тәрбиелейтін өмірдің алғашқы сатысы. Айтпағымыз, Ақтөбе ауылының білім ордасы – №109 мектеп жайында. Бұрын 1934 жылы бой көтерген мектеп «Қостам» жерінде бастауыш мектеп болып ашылған. Алғашқы мектеп ұстаздары Б.Тыраңбаев, С.Қожаназаров, Қ.Құдайбергенов, Т.Бердібаев, Ө.Оспанов, Д.Қаракениев қызмет атқарды. 1941 жылы 7 жылдық болып қайта салынды. Мектепте жауынгер-ақын Б.Қасқырбаев, У.Жансейітов, Қ.Нұрманов, халық ағарту қызметінің озық қызметкері Н.Смағұлова ұстаздық етті. 1953 жылы Ақтөбе атындағы ұжымшар орталығынан Чапаев, Жданов, Аманкелді, Бозарқаш ауылының оқушылары келіп дәріс алған.
Қазіргі таңда мектепте 319 оқушы бар. Оның 22-сі мектеп бітіруші түлек. 19-ы ұл­т­тық бірыңғай тестілеуден өтуге сақадай-сай. Ал 9-сынып оқушыларының арасынан 3 үздік бар.  Мектеп табалдырығын аттаған бой­­­да жылы құшағын жая қарсы алған мектеп директордың бейінді істер жөніндегі орынбасары Жанат Башенова қара шаңырақтың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
– Мектеп жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мәселен жақында ғана өткен Бітібаева атындағы олимпиадаға Бибігүл Әбдірасылованың жетекшілігімен қатысқан Назира Алмасова олжалы оралып, облыс әкімінің алғыс хатымен, медалімен марапатталды. Сондай-ақ, мектеп оқушысы Сапар Елжан өнертапқыштар байқауына қатысып, робототехника құрастырудан аудан бойынша бас жүлде алып, облысқа жолдама алды. Жетекшісі Айзада Алашбаеваның да еңбегін айта кеткен жөн болар, – дейді ол.
Білімнен бөлек спорт жетістіктері де баршылық. Көп жылдық еңбек өтілі бар  Ермек Сүйеубаев пен жас маман Бақытқали Киікбаевтың жаттықтыруымен З.Қоныс­бекова, Д.Жұбан, Ж.Алмасова, Е.Амангелдиев сынды оқушылар жеңіл атлетикадан топ жарып жүр. Сондай-ақ, дене тәрбиесі пәнінің ұстазы мектепте шахмат ойынына баулиды. Мұнан да толайым жетістіктерге қол жеткізгені баршылық.
– Мектеп кітапханасында бүгінде кітап қоры – 18034 дана, көркем әдебиет – 5773 дана, оқулықтар – 11615 дана, 74 электронды диск,  572 әдістемелік құрал бар. Оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы жақсы. Кітапты шаң бастырмай, бетін парақтап зейінін ашады. Осы ауылда туып, қара шаңырақтан түлеп ұшқан, қазіргі таңда сол оқушылардың бір-бір жердің тұтқасын ұстап отқанын айта кеткен жөн болар, – дейді мектеп кітапханашысы Гүлназ Ешниязова.
Жаз айы – баланың толыққанды демалып, денсаулығын нығайтуына қолайлы уақыт. Әрбір балақай жазғы демалысты жайлы, қызықты өткізуді армандайды. Осы арманның орындалуы Ақтөбе ауылы балаларына бұйырыпты.  Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектеп жанындағы «Балдырған» күндізгі тынығу лагері балақайлар мекеніне айналды. Күндізгі лагерь – оқушы үшін ең пайдалы әрі тиімді демалыс орны. Саламатты өмір салтын қалыптастырып, баланың танымдық деңгейін арттыратын шара маусым айында жұмыс істейді.
– Лагерьде тәрбиеші, әуез пәні, дене шынықтыру пәні мұғалімі, медбике, аспазшы жұмыс істейді. Сондай-ақ, екі ауысым бойынша 50 оқушы тынығады. Мектеп жанындағы лагерьге демеушілік жасаған «Ақтөбе и К» ЖШС мен «Оңталап» ШҚ төрағасы, лагерьге қажетті ойыншықтар, құрал-жабдықпен қамтамасыз еткен мектеп түлектері, кәсіпкер А.Мереков пен Қ.Нұржақыповтың еңбегін ерекше атап өтуге болады, – дейді №109 мектеп директордың бейінді істер жөніндегі орынбасары Жанат Башенова.
Әрбір адамның балалық шағындағы ұмытылмас естелік – осындай жазғы лагерьмен де байланысты. Сондықтан балғындар үшін қызыққа толы демалыстың маңызы зор бола бермек.
Туған жерге тағзым жасау – əр азаматтың адамдық борышы. Жақында ғана  мектеп бітіргендеріне 5 жыл, 10 жыл, 20 жыл, 30 жыл толған түлектер кездесіп, өздерінің туған жеріне, алтын ұя мектебіне ерекше ықыласын білдірді. Білім мен ғылымның ордасын  бітірген  10 жылдық түлектер де ерекше тарту жасады.
– Сынаптай сырғып өткен уақыттың жүйріктігіне қарап таң боласың. Арман аясында, межелі мақсат жолында сан тарапқа аттанған біздер бүгінде түрлі салаларда нəтижелі жұмыс істеп жатырмыз. Ақтөбе ауылындағы  №109 мектепті 2009 жылы бітірген, 10 жылдық кездесуге қатысушы түлектер ауыл орталығындағы «Е.Сексенбаев» атындағы саябаққа заманауи үлгідегі жарық шамдармен көмкерілген «I LOVE AKTOBE» инсталияциясын орнатып, тарту ретінде ұсындық. Халық даналығындағы «Саусақ бірікпей, ине ілікпес» деген тəмсілді тілге тиек ете отырып, жасалған жұмыстың барлығы ауызбіршілік пен татулықтың септігі деп білемін, – дейді 10 жылдық түлек Әзиз Дүкенбайұлы.
Бір қызығы №109 мектептің директоры Бақытбек Алмағанбетов жұмысқа кіріскен бойда мектепті гүлге айналдырған. Есік алдына түрлі қызылды-жасылды гүл отырғызып, барлық кабинетке үй гүлдерін қойған. Расымен де, мектепке кірген бойда-ақ бір серпіліп қаласың. Айнала жап-жасыл.
– Білім ордасында 2003 жылдан бері  қызмет етіп келемін. Сыртқы, ішкі тазалық пен мектеп айналасына гүл, ағаш егу жұмыстарын техникалық қызметкерлермен бірлесіп атқарып жүрміз. Бөлме гүлдерін отырғызу –  әсемдікке, әдемілікке айналдырып, бала денсаулығының жай-күйіне өзіндік үлес­імізді қоссақ деген ниет қой біздікі, – дейді шаруашылық меңгерушісі Гүләйім Әскербекқызы.
АУЫЛДАҒЫ ТҰҢҒЫШ ШЕБЕРХАНА
«Жасында еңбек еткен, қартайғанда қуанады». Иә, қазіргі кәсіпкерлердің дені жас­тар. Жұмыссыздық актуалды мәселе десек, кәсіп ашуды да соған балайтыны аз емес. Себебі, неден ашарын, неден бастарын білмей дал болған талай жасты көз көрді. Ашса – қаражат жоқ, қаражат болса – идея аз. Ақтөбе ауылынан біз жолықтырған жас кәсіпкер нағыз еңбек адамы. Жастайынан көлік жөндеуге құмартқан ол өздігінен үйренген. Ауылда СТО жоқ. Қандай да бір мәшине бұзылса, сүйретіп Бауыржан Аяповқа келеді. Жұмысын өзіне серік еткен ол бұзылған көліктерді жөндеуді хоббиіне айналдырған. Міне, бұрын көліктерді үйінен, не барып жөндеген Бауыржанның арманы да орындалып, жақында ғана өз кәсібін ашты. 
– Осы еңбегіме негізі жеті жылдан асыпты. Бастапқыда жолдастарымның мәшинесін жөндеп, қарап беруден басталды. Бертін келе хоббиіме айналды. Неге осы жұмысты қолға алмасқа деген ой келді. Жоспар құрып, жобаға қа­тысуға бел будым. Нәтижесінде «Микро кредит Қызылорда» бағдарламасынан 2 милли­он теңге көлемінде қаражат алып, көлік жөн­деу жұмысымды бастап та кеттім, – дейді ол.
«Іскерлік – табыс кепілі». Еселі еңбегімен арманын іске асыруда тер төге еңбек еткен адам ғана нәтижеге қол жеткізеді. Әрине, бір нәрсенің жүзеге асуы үшін талай қиындық кездеседі. Тек сол қиындыққа мойынсұнбағаны ғана кәсібінің нәсібін кө­реді.
– Алған несие шама-шарқынша жетті. Қажетті заттарымды алдым. Алдағы уа­қытта осы кәсібімді үлкейту жоспарда бар. Оның қасына көлік жуу, вулканизация секілді орындар ашқым келеді. Себебі СТО тұрған жерде осылар болуы керек қой. Көлік жөндеу де қол жетімді. Таныстар, естіген-көргендер, бұрыннан келетіндер де тұрақты тұтынушым. Әні, ана жердегі мәшине бүгін бітуі керек. Содан соң мына қызыл мәшине. Қораның артында тағы біреуі тұр, – дейді Бауыржан Аяпов.
Байқағанымыздай, аула жеңіл көлікке толы. Ішкі құрылыстары ақтарылып жатыр. Ал кәсіпкер болса барлығына өзі үлгеруде. Май-май қолын жердегі матаға сүрте салып, әңгімені жалғаған Бауыржан Аяповтың жұмысына бөгет жасамауды ұйғардық. Ауылдағы жал­ғыз шеберхана болса да елдің сұранысына жарап тұр.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
04 маусым 2019 ж. 1 135 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031