» » Сенім болса, серпіліс болады

Сенім болса, серпіліс болады

Ауылдың тыныс-тіршілігі де ауыл шаруашылығымен байланысты. Түрлі жобалар қолға алынып, ауылдың гүлденуіне серпіліс беруде. Мемлекеттік бағдарламаны оңтайлы пайдаланған кәсіпкерлердің де дені жастар. Ал әлеуметтік саланың түйіні жыл өте тарқатылып келеді. Жылдағы қалыптасқан дәстүрге сәйкес, ел болып еңсерген жетістіктер мен алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісуді мақсат тұтқан аудан басшысының кезекті есебі өз жалғасын тапты.



Ауыл тынысын кәсіпкерлік аша түседі
Иіркөл ауылында ел мүддесі үшін атқарылған шаруалар аз емес. Мәселен, заман талабына сай 50 орындық балабақша пайдалануға берілсе, ауылға кіреберіс автокөлік жолы күрделі жөндеу жұмысынан өтті. Сондай-ақ, Қорқыт ата көшесі жарықтандырылды. Бүгінде кәсіпкерліктің өрісі кеңеюде. Мемлекет жасаған қамқорлықты дұрысынан пайдалан да кәсіп аш. Иә, жұмыссыз жүріп, уақытыңды босқа өткізгенше, оны тиімді қылу жақсы. Қуантарлығы былтыр ауыл азаматтары арасында мал шаруашылығын өркендету, бақша өнімдерін өндіру жəне шағын кəсіпкерлікті дамыту сынды шаралар бойынша жүзеге асырылған жобалары оң нәтиже берген. Бұл туралы жиын барысында айтылды. Кездесуде өңір басшысы Сұлтан Ысқақұлы ауыл тұрғындары Зеркүл Есенова, Болат Əбдірасылов, Шəркүл Бисембаева, Мороз Көпжасаров, Кенжегүл Ниязбаева, Дастан Алманов, Жайнарбек Ерманов, Орынкүл Асанова, Бекмахан Есмаханов, Нұрсұлу Ұзақованың ауыл жастарын қызметке тарту, ағаш отын шабуға арналған рұқсат қағаздың бағасын реттеу, ауылдық округтің пас­портын орнату, жұмысқа орналастыру, аудандық спорт мектебінің филиалы ашылса, көпжолақты ұялы байланыс желісін орнату, көшені жарықтандыру секілді сауалдарына жауабын берді.

– Биыл «Жастар жылы». Елбасы Н.Назарбаев әсіресе жастарға ден қоюды қолға алды. Себебі, болашақ – жастардың қолында. Мемлекет тарапынан жастар корпусын дамытуға арналған түрлі жобалар ұсынылды. Оған қатысып, жас кәсіпкер атанғандары да аз емес. Жұмыссыз бос сенделгеннен, екі қолға бір күрек алып, маңдай термен еңбек еткенге не жетсін? – деді аудан әкімі.

Шаруашылықтар тірлігінде жаңашылдық бар
Былтыр Орынбасар Төлепов бас­шылық жасайтын "Жаңажол" шаруа­шы­лығының диқан-механизаторлары өзі­не бекітілген күріштік алқаптан мол өнім алып, облыс бойынша "Үздік егін шаруашылығы" номинациясын иеленіп, аудан мерейін тасытты. Сонымен бірге ауыл шаруашылығының басқа да дақылдарын өндіруде жəне мал азығын молынан жинап алуда аянбай еңбек етіп, бүгінде қытымыр аязды мезгілден төрт түлік малын тойымды қалыпта ұстап отыр. Сондай-ақ, округте шағын кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасы нə­тижелі істерімен айшықталуда. Ауыл тұрғындары арасында мемлекеттік бағ­дарламалар арқылы көкөніс өндіру, мал шаруашылығын өркендету, тұрмыстық қызмет көрсету бағытында тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Шаруашылық басшысы О.Төлеповтың айтуынша, ауыл тұрғындарының əлеуетін артты­ру мақсатында көптеген іргелі іс­тер атқарылуда. Шаруашылық бойынша өндірілетін күріш жəне ауыл шаруашылығының басқа да дақылы, мал азығы нарық бағасынан арзанға сатылды. Сондай-ақ, серіктестік ауылдағы барлық қоғамдық шаралар мен жеке тұрғындарға барынша қолдау көсетуде. Міне, бірлік пен еңбекті ту еткен, ата-салт дəстүрін ұлықтаған ауылдағы жиында округ тұрғындары ауыл əкімі Əбимүсілім Қоқановтың Дүр Оңғар ауылы бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстарына разылығын білдірді.
– Ауылдың гүлденуі – елдің гүлденуі. Реформалар мен бағдарламалар ауыл халқының еңсе тіктеуіне бағытталған. Ауылдағы бірнеше көшеге жөндеу жүр­гі­зілді. Абаттандыру жұмысы жасалды. Ат­қарылып жатқан жұмыстардың игілігі ауыл халқы үшін, ауыл үшін жасалып отыр, – деді ауыл әкімі.

Жиында аудан басшысы Сұлтан Ыс­қақұлы өңір бойынша Елбасының сара сая­сатын жүзеге асыруда атқарылған жұ­мыстарды баяндады. Сонымен қатар, аудан экономикасын нығайту мақсатында алдағы уақытқа жоспарланған, ел игілігіне пайдалануға берілген нысандарға тоқ­талды.

Татулықты ту еткен ауыл
Тарихы тереңді бойлаған, бүгінде 10-нан астам этнос өкілі бір ананың баласындай бірлік пен ауызбіршілікте өмір сүріп, тіпті қыз беріп, келін түсіріп құдандалы болып тату-тəтті өмір сүріп келе жатқан ІІІ Ин­тернационал ауылдық округі өңір­дегі берекесі тасыған елді мекеннің бірі.
Расында да, еңбектің керемет үлгісін, бірлігі бекем осы бір ауылдың тұрғындары қашанда жайдары да жылы жүзімен, енбекқорлығымен ерекшеленеді. Бұл ауылдан екі Еңбек Ері, сонымен бірге көптеген еңбек майталманы, қоғам қайраткерлері түлеп шықты. Иə, халқының жүзінде ырысы, даласында күріші тасыған осындай құтты мекеннің бүгінгі ұрпақтары аталар салып берген сара жолын жалғастыруда аянбай еңбек етуде. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігін тұрақты жұмыспен қамтып отырған, білікті басшы Милияр Арифов басшылық жасайтын "Достық Жер МК" серіктестігі аймақтағы ең ірі шаруашылықтың қатарынан орын алған болса, Аштар Муратов, Камил Арифов, Али Рагибов жəне басқа да майталман мамандар ауыл əлеуетін нығайтуда еселі еңбектерімен ел құрметіне бөленіп келеді.
Аудан əкімі С.Мақашовтың осындай берекесі мен бірлігі үстем болған елді мекен тұрғындарымен өткен кездесуінде ауыл əкімі Əсет Омаров ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып, өңірдің ахуалына тоқтады. Мұнан соң аудан әкімі өткен жылы аудан тұрғындары мен өңір экономикасын нығайту мақсатындағы іргелі істер жайында сөз қозғады. Сон­дай-ақ, алдағы уақытқа мақсатталған жұмыстарды саралады. Ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген түйткілді мə­се­ле­лерді зерделеп, оның шешілу жолын түсіндірді.

Тұрмыс жайлы, түтін түзу
Аудан əкімі С.Мақашовтың өңір тұрғындарымен өткен жылы аудан бо­йынша атқарылған жұмыстарын баяндауға арналған дəстүрлі есепті кездесуі Төретам кентінде жалғасты.
– Өткен жылы Төретам кентінде шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту мақсатында түрлі бағыттағы кəсіпкерлік нысандар ел игілігіне пайдалануға берілді. Бірнеше көшеге жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Сонымен бірге, кент тұрғындары арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруда жəне жастарды спортқа баулуда заманауи үлгідегі денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылса, кенттегі Аманкелді көшесіндегі ластанған аумақ тазаланды. Өткен жыл ел мүддесіне арналған ілікімді істермен айшықталды, – деді Төретам кентінің əкімі Шайхыбек Сүйеуімбетов.
Кездесуде аудан əкімі Сұлтан Мақашов өңір бойынша жүзеге асырылған жобалар мен Мемлекет басшысының сара саясатын жүзеге асыруда атқарылып жатқан жұмыстарды саралады. Сонымен қатар, Төретам кенті тұғындарының тұрмыс-тіршілігін нығайтуға мақсатталған жұ­­мыс­тарды зерделеп, жоспарларына тоқ­талды. Есепті жиында кент тұр­ғын­дары Əбумүтталап Ниязбаев, Əділ­бек Өтебаев, Əмидулла Нағыметов көшелерді жөндеу, кентті абаттандыруда жіберілген олқылықтар, кентті табиғи газбен қам­тамасыз ету сынды сауал көтеріп, маман­дар тарапынан өз дəрежесінде жауап алды.

Аудан басшысы Сұлтан Мақашовтың ғарышкерлер айлағы тұрғындары ал­дындағы есепті кездесуі Ақайда басталды.
– Былтыр ақайлықтардың тұрмыс-тіршілігін арттыру үш­ін біршама жұмыс атқарылды. Оның ішінде шағын кəсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орнын ашуда бірнеше азамат түрлі бағытта несие алып, өз кəсібін дөңгелетуге білек сыбана кіріскен. Сондай-ақ, мал шаруашылығын өркендету мақсатында бірнеше тұрғын алған несиелері арқылы жұмыс істеп жатыр. Округте заман талабына сай тұрғындарға тұрмыстық кызмет көрсетуде ауыл кəсіпкерлері тарапынан бірнеше кəсіпкерлік нысан пайдалануға берілді, – деді ауыл əкімі Гүлсара Омарова.
Мінберге көтерілген аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы аудан экономикасының өсу динамикасын зерделеді. Оның ішінде, өңір бюджетінің кіріс-шығысын пайымдап, Елбасының шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамытуға арнаған бастамалары арқылы елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаларын қолдаудағы игі істерді саралады. Сонымен бірге, өңір диқандарының ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруде қол жеткізген жетістіктерін айрықша атап өтті. Құрылыс саласында да атқарылып жатқан жұмыс, нақтырақ айтқанда ағымдағы жылы Байқоңыр қаласында салынып жатқан бес қабатты бес тұрғын үй өз иелерін табады. Сондай-ақ, Жосалы кентінде 300 орындық мектеп пен Төребай би жəне Иіркөл елді мекендерінде 50 орындық балабақша мен басқа да кəсіпкерлік жəне əлеуметтік нысандар іске қосылды.
Тұрғындар тарапынан, оның ішінде Байқоңыр қаласының прокуроры Азамат Баянбайұлы, облыстық мəслихат депутаты Əнуарбек Дəуленбаев, зейнеткер Жақсылық Қыпшақбайұлы, көктемгі қар еру кезінде пайда болатын суларды тартуға байланысты шараны жүзеге асыру, аяқ су мəселесі, тұрғын үй кезегі, мал ұрлығының алдын алу барысында ауыл аймағына бейне камера орнату, Байқоңыр қаласында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерге берілетін кезек жəне көшелерге жөндеу жүргізу, көрші аудан елді мекен тұрғындарымен қарым-қатынасты нығайту мақсатында Сырдария өзенінен көпір салу, мектептегі сыныптарды арнайы құрал-жабдықпен қамтамасыз ету сынды мәселелер көтерді. Тұрғындар көтерген түйін тиісінше шешіледі.
– Ауыл түлесе – қазақ түлейді. Себебі, ауыл мен қазақ ажырамас ұғым. «Айтысқан ауыл болмас, болыспаған ба­уыр болмас». Әр жылы осындай оң нәтижеге қол жеткізіп, ел мерейін тасытқан өрелі істер – ауыл халқының мызғымас бірлігінің арқасында, – деді аудан әкімі С.Мақашов.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
24 қаңтар 2019 ж. 1 084 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 306

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 405

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930