» » Өңірдегі соны серпін

Өңірдегі соны серпін

Ауданның тыныс-тіршілігі ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Ауылдағы ағайынның да нәпақа жиғанЫ осы саладан. Бірақ, өрісті кеңейту үшін кәсіпкерліктің ілгерілегені қажет. Қайтпек керек? Былтыр облыста "Кәсіпкерлікті қолдау" жылы жарияланды. Аймақ кәсіпкерлерінің ұсынысымен бұл бастама тағы ұзартылды. Одан бөлек мемлекет бұл саланың қағажу көрмесі үшін түрлі жобаларды қолға алуда. Нарық заңына сәйкес өмір сүрмек болсақ, шағын және орта бизнеске серпін қажет. Ал әлеуметтік саланың түйіні жыл өткен сайын шешіліп, күрмеуі тарқатылуда. Мұндай ауқымы кең тақырыптар аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың дәстүрлі есеп беру жиынында көтерілді.
Күрмеудің түйіні тарқайды


Биылғы жиын әдеттегідей Т.Көмекбаев ауылынан басталды. Елді мекен әкімі Ғ.Ақжігітов ауылдағы тіршілікті баяндады. Жоспарға алынған дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды. Төребай би және Иіркөл шаруалар тиісінше жүзеге асуда. Ауыл әкімінен соң елді мекен тұрғындарын аудан басшысы өңірдегі өрелі істермен таныстырды. Рас, былтыр ауданда құрылыс қарқын алды. Әлеуметтік саланың қажеті өтелуде. Төретам кентінде, ауылдарында су жаңа балабақша пайдалануға берілді. Аудан орталығындағы жаңа мөлтек ауданнан да еңселі мектеп салынып, ел игілігіне тарту етілді. Көптен қаузалып, әр мінберден көрініп жүрген Иіркөл, Дүр Оңғар, Төребай би ауылдарының кіре беріс жолы да жаңғыртылды. "Ақжар-Тұрмағамбет-Көмекбаев" автожолы да бір сыпыра жөндеу көрді. Жоспарсыз тірлік жоқ. Алайда жоспардың дені ойлағандай жүзеге аса бермейді. Мәселен, көгілдір отынға аудан тұрғындары көптен қол созып келеді. Былтыр "газ әне кіреді, міне кіредімен" уақыт өтті. С.Ысқақұлы биыл аудан орталығына газдың келетінін нықтап айтты.
Рас ауылда мәселе жоқ емес, көпті алаңдатқан да, түн ұйқысын төрт бөлгізген де мал ұрлығы. Ауыл тұрғыны Жүрген Маңмұрынов бірнеше жылқысының барымтада кеткенін айтты. Өзге тұрғындар да осы базынаны аудан әкіміне шағына жеткізді. "Малым - жанымның садақасы" дегенмен, ауылдағы жұрттың бар байлығы төрт түлігі. С.Мақашов мал ұрлығына орай тиісті салаға нықтап тапсырды. Одан бөлек, тұрғындар сапынан ауыл маңындағы каналдардың тазарту қажеттігі, ауылдан көшкен кісілердің үйін меншіктеген тұрғындардың бей-берекет қора салып, ауыл тазалығы мен ажарын қашырып жүргені, ескірген клубты жаңалау сынды мәселелер көтерілді. Мұндай мәселелердің түйіні тарқар күн алыс та емес.
Кәсіпкерлік өрісті кеңейтеді
Келесі кезекте аудан әкімі Қуаңдария ауылына ат басын бұрды. Жуырда ғана сайланған Рустам Ефенов ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырып, жүйелі жұмыстың жайын баяндады. Мұнан соң сөз алған аудан әкімі ауданда қолға алынған ілкімді істерді саралады.
 - Былтыр мерейлі жыл болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен ауданның 90 жылдық мерейтойын, Сыр сүлейі Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдығы жəне Ақжар ауылының 60 жылдығын жоғары дәрежеде атап өттік. Биыл "Жастар жылы" келді. Елдегі кәсіпкерлікке серпін беретін де осы жастар. Ауыл жастары жұмыссыз жүргеннен гөрі, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз-өзін жұмыспен қамтуы тиіс. Мемлекеттен несие алып, кәсіп бастаған жұмыссыз жүріп, бос уақыт өткізгеннен қорқынышты емес, - деді аудан әкімі.
Әкім баяндамасынан соң, ауыл ақсақалы Ешмағамбет Дүйсебаев елдегі ілкімді істерге разылығын білдірді. Елді мекенде мал шаруашылығын дамытып, ауылдағыларды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Болат Бөгетовтың тіршілігін де сөзіне арқау етті. Сондай-ақ, тұрғындар атынан Серікбай Есіркепов пен Қайырбек Қабылановтар маңайдағы каналдарды жаңғыртудан өткізгендерге де алғысын жеткізіп, ауылдық клуб пен фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселесін сөз етті. Аудан әкімі мұндай мәселелердің тиісінше шешілетінін, айтулы нысандардың жайы назарда тұрғанын жеткізді.
Алдашбай ахун ауылында жалғасқан кездесуде Сұлтан Ысқақұлы өңір əлеуетінің өсіп-өркендету мақсатындағы жүзеге асырылған жобалар мен ағымдағы жыл бойынша мақсатталған жоспармен таныстырған соң, ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Алдашбайлықтарды ауылдық мешітке имам шақыру және мешіт пен Омар Шораяқұлы, Түпбөгет көшелеріне жағдайы, бақша егуге қолайлы «Майлыөзек» өзегі арқылы ауылға аяқ су тарту жəне учаскелік полиция қызметкерін арнайы автокөлікпен қамтамасыз ету, ауылда бұқаралық спортты дамытуда спорт алаңын кеңейту сынды мәселелер алаңдатады. Аудан әкімі бұл шаруалардың да бірлесе еңсерілетінін айтты.
Серпін болу үшін тер төгу керек
Аудан əкімі Сұлтан Мақашовтың өңір тұрғындарымен есепті кездесуінің екінші күні Дауылкөл ауылдық округінде жалғасты. Ауыл əкімі Бақытбек Байбарақовтың есепті кезең бойынша атқарылған жұмыстарды сараланған соң, одан əрі жиын тізгінін алған аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы алып, өңір экономикасы мен халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыруға бағытталған игі істерге тоқталды.
– Ауданда әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы, елді мекендерді байланыстыратын жолдарды жөндеу, ауылдың сәулеттік келбетін ашатын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Байқоңыр қаласында бес қабатты бес тұрғын үй салынып жатыр. Мұндағы мақсат - "жұлдызды шаһардағы" ел азаматтарын баспанамен қамту. Биыл бірқатар жолдарға жөндеу жүргізілді. Келер жылы 3 елді мекен мен Жосалы кентіндегі бірнеше көшеге және Қызылтам елді мекенінің кіреберіс жолына жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді аудан әкімі.
Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша өткен жылы егін жинау науқанында мол табысқа қол жеткізген «Тұрмағамбет» ЖШС диқаншы қауымына ризашылығын білдіріп, шаруашылық ағымдағы соя егуді қолға алып отырғанын мəлімдеді.
Былтыр ғана құрылғанына 60 жыл толған Ақжар ауылына атбасын бұрған аудан әкімі ауыл тұрғындарын ілкімді жүзеге асып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ауылда шынын да ілкім бар. Көп жылдан бері өз арнасына түсе алмай келе жатқан «Ораз ахун ЛТД» серіктестігі басшылығы тізгінін ұстаған ауылшаруашылық саласының білікті маманы Жомарт Жалғасбаевтың басшылығымен серіктестік күріш дақылын өндіруде жоғары нəтижеге қол жеткізді. Машина-трактор паркі жаңаланды. Ауылда жұмыссыз жүрген жастар шаруашылыққа тартылды. Жұмыс табылмай өзге елді мекендерге қоныс аударған ауылдастар қайта көшіп келді. Ауыл тұрғындары əкімі Ерлан Бисембаевқа да, аудан әкіміне де ыстық ықыласын жеткізді.
Мұнан соң Сұлтан Ысқақұлы Ақтөбе ауылының халқымен кездесті. Ақтөбе ауылы соңғы жылдары аймағымызда экономикасы қарыштап дамып, əлеуеті артқан ауылдық округтердің бірі. Осы жылдар аралығында Нұрлан Іздібаев басқаратын "Ақтөбе и К" шаруашылығы аймақта күріш өндіруші ірі ша­руашылықтар қатарынан нықтап орын алды. Мал азығын дайындауда да, сонымен бірге трактор-машина паркін жаңартуда да ілкімді ісімен өзгелерге үлгі көрсетуде. Тағы бір айта кетерлік жайт, шаруашылық биыл құс фабрикасын аяқтауға жұмыс істеуде. Серіктестік өткен жылдағыдай биыл да күріштің ирандық "Тором хошими" сортын өндіруді ұлғайтып, өнімін шет елге сатуға жоспарлауда. Ауылдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып келе жатқан "Оңталап" шаруа қожалығының да қарымына ауыл тұрғындары дән риза. Шаруашылық өткен жылы күріш жəне басқа да ауылшаруашылық дақылын өндіруде, мал азығын дайындауда еселі еңбек етті.
- Шынтуайтыны керек, Ақтөбе ауылы қазір Қармақшының локомотиві іспетті. Бұл ауыл аза­мат­тарының тынымсыз тіршілігінің негізі. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осы қарқыннан таймау керек. "Тором Хошеми" өндіру мен экспорттау арқылы табысқа жетеміз. Құс фабрикасы да ауылдың тың тынысын ашады. Алайда кәсіп етуге талпыныс керек. Ауыл жастары мемлекет берген мүмкіндікті пайдалануы тиіс, - деді аудан әкімі.

Түйін
Жүйелі жұмыс өрге сүйрейді. Ал жүйе болу үшін бірлік керек. Қазір елімізде тұрақтылық бар, татулық бар. Бастысы тірлік ету. Кәсіпкерлікпен шұғылдану. Кәсіпкерлер тек өздерінің жағдайын түзеп қоймайды, ауданның да әлеуетін ілгерілетеді. Туған жерге еңбек ету деген осы.


Н.Жанәділов

21 қаңтар 2019 ж. 861 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 308

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 407

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930