ЕЛДІҢ ӨРКЕНДЕУІ АУЫЛДАН БАСТАЛАДЫ
Аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың өңір экономикасын нығайтуда өткен жылы атқарылған жұмыстары жайында халық алдында есеп беру кездесуі ІІІ Интернационал, Жаңажол және Иіркөл ауылдық округтерінде жалғасты. Алдымен учаскелік полиция инспекторларының қоғамдық тәртіп бұзушылық және жасалған қылмыстық істерге қатысты мәліметтері тыңдалған соң, ауыл әкімдері округтер бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытқа мақсатталған жоспарларды баяндады.
Содан соң аудан әкімі Сұлтан Мақашов өткен жылы аудан экономикасы мен өңір тұрғындарының әлеуетін арттыруға байланысты атқарылған жұмыстарды саралай келе Елбасының қолдауымен елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қол жеткізілген жетістіктер, сонымен қатар салықтық базаны ұлғайту және оның нәтижесі туралы әңгімеледі. Аймақ басшысының үстіміздегі жылды кәсіпкерлікті дамыту жылы деп белгілеуіне байланысты ауылдық жерлерде жұмыссыздықты жою мақсатында тұрғындарды, оның ішінде жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке тарту жайында әңгіме тінін тарқатты.
Аудан басшысы аталған жұмыстарды саралай келе, әсіресе Елбасының қолдауымен елді мекендерде кооператив құру жұмыстарына аса мән беру керегін, құрылған кооперативтер арқылы елді мекендерде көп жұмыс атқаруға болатынын тілге тиек етті. Осы жұмыстарға ауылдардағы шаруашылық басшыларына да үлес қосуға шақырды және оның тиімділігіне тоқталды Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар арқылы елді мекен тұрғындарын, оның ішінде жастарды кәсіпкерлікке тарту керегін, алдағы уақытта бірнеше елді мекендер орталығындағы көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ауданда өткен жылы төрт түлік басы біршама өскендігін, ол мемлекеттік бағдарламалар мен кооперативтер арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстардың жемісі екенін, сонымен бірге аудан кәсіпкерлерінің нәтижелі еңбектерімен ауданда біршама іргелі істер атқарылғанын баяндады. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы кәсіпкерлермен 330 жоба бойынша түрлі қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несие алынса, 29 елді мекеннің 18-і сапалы жер асты сумен қамтамасыз етілді. Ал, ағымдағы жылы бірнеше ауыл көшелеріне және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолынан Дүр Оңғар, Иіркөл, Төребай би ауылдары мен Төретам кенті, Ақжар-Көмекбаев автожолы аралығы мен Қызылтам елді мекені кіребіс жолдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Аудан орталығындағы тұрғын үйлерді газдандыру мәселесі де шемімін тауып, Жосалы кенті тұрғындарының көгілдір отынға қол жеткізер күні де алыс емес. Иіркөл, Төребай би ауылдарында құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған екі 50 орындық балабақша мен кент орталығындағы №183 орта мектеп ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Есепті кездесулерде интернационалдық Г.Мутиев ауылдағы кейбір көшелердің электр бағаналарын ауыстыру, М.Арифов ауылдық мәдениет үйіне 1 штаттық бірлік беру, дүроңғарлық А.Тұрмаханов жер үлескерлері мен шаруашылық арасындағы келісім-шартты жүзеге асыру, Т.Ерәлиев пен Т.Омаров №107 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауылға жаңа медициналық бекет салу, көшелерді жарықтандыру туралы мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, иіркөлдік М.Ерболатов пен Б.Әбдірасылов ауыл маңынан өтіп жатқан «Балажарма» каналын тазарту, интернет желісінің жылдамдығын арттыру, бақша егу үшін трактор алуға көмектесу, ауылдан жайылымға шыққан төрт түлік өту үшін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойынан өткел салу сияқты көптен түйіні шешілмей келе жатқан сұрақтарын қойды.
Аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерді зерделей келе, ағымдағы жылы бірнеше ауылдық округ көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілетін және атқарылатын жұмыстардың ішіне электр бағаналарын ауыстыру, жарықтандыру, арықтарға лотоктар орналастыру кіретінін, №107 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екенін айтты. Сонымен бірге, бақша егемін деген азаматқа қай кезде де қолдау көрсетілетінін және тіркемесімен, басқа да құрал-жабдықтарымен трактор алып беруге жұмыс істейтінін айтып қуантты. Сонымен қатар, мамандарға «Балажарма» каналын тазарту жұмыстарын жүргізуге тиісті құжаттар дайындауды тапсырды.
Келесі кезекте аудан әкімі Ақай ауылы және Төретам кенті тұрғындары алдында өткізген есепті кездесуінде ғарышкерлер айлағында орналасқан аталмыш екі елді мекен тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін арттыру мақсатында өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытқа мақсатталған жоспарларды баяндады.
Нақтырақ айтқанда, өткен жылы осы екі елді мекен тұрғындары үшін Ресей үкіметі жалға алған 1160 гектар жер Қазақстанға кері қайтарылып, алдағы уақытта қайтарылған жер телімі елді мекен тұрғындарының ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік саласын дамытуға жол ашады. Байқоңыр қаласындағы 6 білім беру мекемесінің жылу жүйелері модульді бу қазандықтары арқылы газға көшірілді. Халыққа қызмет көрсету орталығы тұрғындарға жан-жақты қызмет көрсетуде, жаңадан пайдалануға берілген облыстық медициналық орталығының филиалы ғарышкерлер айлағы тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуде. Оған қоса ағымдағы жылы емханалық қызметті де көрсетуді бастайды. Сонымен қатар, денешынықтыру және сауықтыру кешені құрылысы биылғы жылы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде. Тағы бір айта кетерлік жайт, өңір тұрғындарын Байқоңыр қаласы мен Ақай елді мекені шекарасынан ағып жатқан Сырдария өзенінің арғы бетіндегі елді мекендермен қарым-қатынасты күшейту мақсатында көпір салынады және Байқоңыр қаласындағы қазақстандық азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға байланысты 5 көп қабатты тұрғын үй құрылысы басталады. Сондай-ақ, аталмыш екі елді мекеннің экономикасы мен тұрғындар әлеуетін арттыру мақсатында басқа да атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Жиын барысында аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы өңір тұрғындары жолдаған сауалдарға зейін қойып, көтерілген мәселелер төңірігенде тұшымды жауаптар берді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ