ӨНДІРІСІ ӨРІСТІ ӨҢІР
Қармақшы – әуелден ауылшаруашылығына иек артқан өлке. Өзге өңірлердегідей баурайынан тулап шыққан мұнай жоқ, сай-саласында тау болып үйілген руда жоқ. Өндіріс көзі де анадай көп емес. Сондай экономикалық белдеуде тұрса да тұрмысы тұралаған емес. Ата кәсіп пен егіншілік тіршілікке арқау. Ешкімнен кем түсіп те жатқан жоқ. Өндірісі өрісті, алқабы ырысты, қамбасы күрішті өңірдің өркендеуі жолындағы жұмыстар жөнінде аудан әкімі Сұлтан Мақашов ауыл тұрғындарымен есепті кездесуі барысында мәлім етті. Апта басында ауданның шалғай жатқан елді мекені Т.Көмекбаев атындағы ауылдан бастау алған есепті кездесу Қуаңдария, Алдашбай ахун, Дауылкөл, Ақжар және Ақтөбе ауылдарында жалғасын тапты.Еңбек еткенге қолдау бар
Сөз басында ауданның ата кәсіпті тұрмысқа арқау еткенін сөз еттік. Егіншілік те жоқ емес. Өлке ауылдарының 90-пайызында тіршілік алқабы теңселген күрішке негізделген. Ал, бірлі-жарым ауылдың жайы тек төрт түлікпен өмір сүруге қолайландырылған. Солардың қатарында Т.Көмекбаев және Қуаңдария елді мекендері бар. Бұл ауылдар егіннен де ада дегенді білдірмейді, ауыл тұрғындар аздап бақшалық дақылдарды егумен айналысады. Бірақ өзге ауылдармен салыстырғанда көп емес. Қос елді мекеннің тынысы ашылуы үшін былтыр біршама жұмыс істелді. Бастысы мал шаруашылығын дөңгелетуге негізделген шаруалар еді.
– Мал, балық шаруашылығын дамытуға, шабындық, жайылымдарды ұлғайтуға 2017 жылы облыстық бюджеттен 281 118 мың теңге қаржы бөлініп, Қармақшы ауданындағы «Қаракөл», «Таскөл», «Қоңыраулы-Көлдей» көлдерін сумен қамтамасыз ету және экологиялық жағдайын жақсарту жобасы іске асырылды. Нәтижесінде, «Қаракөл», «Таскөл», «Қоңыраулы-Көлдей» каналдары тазаланып, сағаларына екі көзді су тоспалары салынды. Сонымен қатар, жоба аясында Қуаңдария өзегінің Қарақ учаскесінің тұсынан 2 жерден 5 көзді су тоспасы салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, Қуаңдария, Т.Көмекбаев ауылдық округтердегі мал шаруашылығын дамытуға жайылымдық жерлер ұлғайып, мал азығын дайындауға шабындық жерлер көбейе түседі. Балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізеді. Қараөзек арнасына «Қожантай» су реттегіш тоспасының құрылыс жұмыстарына 2017 жылы 18,7 млн.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстар мал басын, мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайтуға оң ықпалын тигізеді, – деді аудан әкімі.
Рас, қос ауылдың да тынысы ашылғалы тұр. Өйткені, соңғы жылдарда су жүйелері елді аса қинап келген. Суландыру желісінің төменгі маңында орналасқан соң екі ауылдың да қазіргі мақсаттары айқын. Мал шаруашылығымен қатар егіншілікті де жандандырмақ. Себебі аудан әкімі С.Мақашов қос ауыл тұрғындарының бақша егуіне жағдай жасап, бір-бір трактордан алып беруге уәде етті. Шат көңіл жұрт мұндай ақжолтай хабардан соң аудан әкіміне тек алғысын жаудырды.
Нарыққа бейімделу керек-ақ
Нарықтық қоғамда істейтін тірлік жоқ деп жатуға болмайды. Қол жаюға да мүлдем жол жоқ. Өйткені қимылдамағанға «жеміс пісіп, ауызға түспейді». Алдашбай ахун ауылына қарата айтылған аудан әкімінің сөзі осыған сай болды. Өйткені, ауыл тұрғындары есепті кездесуде көлдей-көлдей мәселені көлденең тартты. Бастысы – ауылға инвестор табу. Бірнеше жылдан бері күріш егу көлемі азайып келе жатқан ауылдың тұрмысына қариялар да алаңдаушылығын білдірді.
– Инвестор табу керек дегеннен гөрі, елді мекеннің тіршілігін нарыққа бейімдеу керек.
Мәселен, қоңсы қонған Ақтөбе ауылында құс фабрикасы салынуда. Кешенді нысанның жұмысы үшін құс азығына күніне 20-22 тонна дақыл керек. Айына 600 тонна құс жемінің қажеттілігі туындайды. Әдетте құс шаруашылығына соя, зығыр, жүгері өнімдері аса қажет. Күріш егу - ауылдың тынысын кеңейтпесе, нарық сұраныс туындатты, тұрмысты соған қарай бейімдеу қажет. Құс фабрикасы ашылғанда жемді тыстан тасыған ауданға тиімді емес. Ауыл су желісінің аяғында орналасқан. Мұнда су жеткізудің өзі өзекті мәселе. 3000 гектарлық құс азығын егу қажеттілігі туындап отырғанда, сол қажеттілікті өтеуге тырысу керек. Мәселен, Ақай ауылында «МеаПрим» серіктестігі күріштен қытырлақ даярлаумен айналысуда. Кәдуілгі чипсы. Сұранысқа әрі тұрмысқа негізделген тауар шығарумен айналысатын кәсіпкердің жұмысына оң баға беруге болады. Одан өзге бақша егу тіршіліктің тың тынысын ашады. Онда да экспортқа шығарылатын бақша дақылдарының сортын егу қажет. Өткен жылы бірлі- жарым инвестор экспорттық өнімдер егуге жер сұрап жүрген. Соларды ауылға тартудың қамына кірісеміз, - деді аудан әкімі.
Одан өзге ауыл тұрғындары жедел жәрдем көлігі, интернет, пошта мәселелерін көтерді. «Күрмеуі қиын мәселе іскерден қашады» дегендей ауыл тұрғындарын толғандырған мәселе кезең-кезеңімен шешілетін болды.
Кәсіпкерлікпен көкжиек кеңеймек
Өткен жылы кәсіпкерлікке біршама қолдау болды. Өңірде қаржы ұйымдары тарапынан 330 жоба мақұлданып, 1093,5 млн. теңге жеңілдетілген несие берілді. Биыл да бұл үрдіс өркендемесе, кенжелемейді. Дауылкөл және Ақжар елді мекендерінде ауыл тұрғындарымен кездесуде әкім осыған сендірді. Биыл облыста жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы басталды. Кәсіп болмай несібе жоқ. Кәсіпкерлік дамымайынша елді алаңдатқан жұмыссыздық мәселесі өзгеріссіз қала бермек.
– Өндірісті цифрландыру басталып кетті. Енді жұмыс орындары азаяды. Бұрын он адам істеген цехта автоматтандыру жүрсе, бар-жоғы екі маман әлгі он адамның жұмысын істейтін болады. Мемлекеттен жалдамалы жұмысты күтіп, «алақан жаюдың» қажеті шамалы. Мүмкіндік берілді, сол мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Ауыл әкімдері жастарды, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартуға жұмыс істеуі тиіс. Жастар кәсіп бастаудан қорқады. Қорқыныш – қай істің де жауы. Мемлекет берген несиені мақсатты жұмсап, бірер жылдың көлемінде мол пайдаға кенелуге болады. Қаржы ұйымдарынан алған несиені той-томалаққа, жеңіл автокөлік алуға жұмсаудың қажеттілігі шамалы. Одан біз ұтыламыз. Өнімсіз тірліктен гөрі өнімді кәсіп қажет, - деді аудан әкімі.
Қос ауылдың тұрғындарын алаңдатқан мәселе де жоқ емес. Батыс Қытай-Батыс Еуропа авто дәлізінен бастау алатын Ақжар-Т.Көмекбаев ауылдарының арасын жалғаған күре жолдың жайын ауыл ақсақалдары сөз еткенде, аудан әкімі мәселенің түйіні биыл тарқайтынын жеткізді. Қаржы мәселесі де шешілген. Мұнан өзге де азын-аулақ мәселелер сөз болды. Әкім тиісті сала мамандарына тапсырма берді.
Кооперативтерге
артылар сенім мол
Қазір ауылдарда кооперативтер құрылуда. Мұндағы мақсат – ауыл кәсіпкерлерінің жұмысын жеңілдету, кәсіпкерлікке тың серпін беру. Кооперативтер бүгінде шағын цехтарға қол жеткізуде. Нарықта дайын өнім жоғары бағаланса, мұндай құрылымдар шикізатты дайын өнімге айналдырып, ауылдарды шикізат базасы деген атаудан алыстатпақ. Бұл жайында аудан әкімі С.Мақашовтың Ақтөбе ауылының тұрғындарымен кездесуінде сөз болды.
Аудан әкімі ауылдың әлеуетін көтеріп отырған кәсіпкер Н.Іздібаевты қолпаштап, мұндай азаматтардың ауданда көп боларына сенім білдірді. Өйткені соңғы үш-төрт жылдың көлемінде «Ақтөбе и К» серіктестігі біраз тірліктің басын қайырды. Күріш зауытын салды, егін көлемін ұлғайтты, ауылды абаттандырды, елге қайырым қылды. Соңғысы құс фабрикасын салуға қол жеткізді. Демек аталмыш серіктестік аудан дамуына едәуір септігін тигізуде.
– Кооперативтерді құрудағы басты мақсат – нарыққа бейімделу. Ауылдағы сүт-ет бағытында кәсібін ашқан жандар шикізатты аудан орталығына жеткізуіне біршама уақыт кетеді. Уақыт – сапаға әсер етеді, тауардың тұтыну мерзімі де өтуі мүмкін. Ал кооперативтер шағын цех арқылы шикізатты өңдеп, тауарды сауда айналымына шығарады. Бір ғана сүт өңдеу цехының 7-11 түрлі өнім шығаруға қауқары бар. Ақтөбе ауылының дамуы талайды қызықтырады. Елдің тұрмысы мен тірлігіне қанық азамат ауылды гүлдендіріп отыр. Жастар осы тұлғалы азаматтан үлгі алса екен, –деді аудан әкімі.
Рас, «Ақтөбе и К» серіктестігінің басшысы Н.Іздібаев көпке үлгі. Қайырымдылықпен де, қамқорлықпен де шұғылданып келеді. Аудан әкімі С.Мақашов осындай азаматтардың елде көп болғанын тіледі.
Түйін.
Өлкенің даму динамикасы қалыптасқан. Ендігі мақсат – осы үдерістен тайқымау. Алайда, аудан әкімі айтпақшы, одан әрі өсіп-өну үшін кәсіпкерлікті жандандыру керек. Келелі жиындарда С.Ысқақұлы жастарға нарықтық қоғамға бейімділік туралы үндеп-ақ жүр. Мұны жастар ескеріп, мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланса, игі тірліктің болары тұр.
Дастанбек САДЫҚ.