» » » ДАРХАН ЖҮРЕК ИЕСІ

ДАРХАН ЖҮРЕК ИЕСІ

ОЛ ЕЛ ІСІНЕ АДАЛ, ҚАРАПАЙЫМ, ЖҮРЕГІ МАҢАЙЫНА ЖЫЛУ ШАШЫП ТҰРАТЫН АЗАМАТ ЕДІ. СҮЙЕККЕ СІҢГЕН ҚАСИЕТІ ШЫҒАР, ҮЛКЕНМЕН ДЕ, КІШІМЕН ДЕ ОРТАҚ ТІЛ ТАБА БІЛЕТІН АШЫҚ ЖАРҚЫН МІНЕЗІ БАР БОЛАТЫН.1974 ЖЫЛЫ ЖАМБЫЛ ГИДРОМЕЛИОРАТИВТІК ИНС­ТИТУТЫН БІТІРІП, ЕЛГЕ ОРАЛҒАН СОҢ ҚАРМАҚШЫ АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БҰЙРЫҒЫМЕН ДАРИЯЛЫҚ БОЙЫНДАҒЫ «ЖОСАЛЫ» КЕҢШАРЫНА АҒА ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИК БОЛЫП БАРАДЫ.
Осы шаруашылықта (кейін Төребай би ауылы) 28 жыл үздіксіз жемісті қызмет еткен жылдары Нұрмаш Жолмырзаев бас гидротехник, кәсіподақ, партия ұйымдарының жетекшісі, кеңшар директорының орынбасары, ауыл әкімі сияқты басшылық жауапты қызметтердің тізгінін ұстап, аталмыш шаруашылықтың экономикалық-әлеуметтік дамуына және ауылдың мәдени-рухани өмірінің жаңғыруына өзінің лайықты үлесін қосып, елді де осы мақсатқа жұмылдыра білді. Мұны қазір де Төребай би ауылының жұртшылығы ұмыта қойған жоқ.
Тағдыр ғой... Нұрмаш Жолмырзаев 2002 жылы, 51 жасыңда бұл фәниден бақиға озып кеткен еді. Содан бері де аттай 17 жыл зымырап өте шыққан екен. Аруақты еске алу, оның рухын те­біренту – тірілердің парызы. Нұрмаш жайлы қалам тарту көптен бері ойда жүрген шаруа еді. Соның сәті енді түсіп отыр.
Иә, өмір-өзен жалғасып жатыр. Өмірге біреу келіп, өмірден біреу өтіп жатады. Тіршіліктің бұл үйреншікті құбылысы. Бірақ, өмірден озған жақсы адамның артында елге еткен жақсы ісі мен жақсы ізі қалады. Нұрмаш марқұмның есімі де оны білетін елдің жүрегінде сондай өнегелі қасиеттерімен қалған еді. Ол 1951 жылдың 15 ақпанында Қармақшы ауданының Чапаев атындағы ұжымшарда (қазіргі Ақтөбе ауылы) қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Әкесі Жолмырза – осы ауылдың байырғы тұрғыны, қара білектің күшімен, ақ кетпен, ақ таяқтың ұшымен нәпақасын теріп, отбасын, бала-шағасын тарықтырмай өсірген қарапайым шаруа кісі болатын. Анасы Зайра да сол қара шалының тапқанын ұқсатып, өзі де еңбектен шет қалмайды. Ауыл-аймаққа белгілі, мінезінің жайлы, дастарқаны майлы болуымен ерекше ел ілтипатына бөленген салиқалы бәйбіше кісі еді. Бұл отбасында 3 қыз, 2 бала өмірге келген. Айман әпкесі тұрмысқа шыққаннан кейін үйдің ендігі үлкені Нұрмаш болып қалады. Ол өзінен кейінгі Мираш, Төленді, Роза есімді бауырларына қамқоршы әрі ақылшы бола білді. Жас кезінен алғыр, елгезек бала болып қалыптасқан Нұрмаш мектепте үздік оқыды.
Нұрмаш Жолмырзаев ауылындағы №109 сегізжылдық мектепті бітірген соң онжылдық білім алуды аудан орталығындағы №26 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте жалғастырды. 1968 жылы осы мектепті бітереді. Бір жыл ауыл өндірісінде еңбек етеді. Сонан соң, келесі жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына оқуға түсіп, студент атанады.
Институттан кейін күріш өсіруші шаруашылыққа мамандығы бо­йынша қызметке келген жас маман сенім мен жауапкершіліктің не екенін енді байқағандай болады. Тағы бір байқайғаны: аудандағы күріш өсіруші барлық шаруашылықтың егінжай танаптарын сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өткір күйде тұрғаны болды. Әрине, суармалы егістікті суландыру жұмысы бәріне ортақ проблема еді. Жас маман аға инженер-гидротехник болып алғаш жұмысқа кіріскен сәттен бастап, шаруашылықтың ішкі су жүйесін, яғни, қолда бар су жүретін каналдар мен арықтардың, атыздардың ішін кеңейтіп, тазарту жұмыстарымен айрықша айналысады. Сондай-ақ, жаз мезгілінде су насостарының пайдалануға сақадай әзір болуына ерекше назар аударатын еді. Жетпісінші жылдардың екінші жартысында Сырдария өзенінің «Жосалы» кеңшарына жақын жағалауында шетелдік «Чех насосы» орнатылады. Бұл жаңа қондырғы шаруашылықтың су жүйесіндегі проблеманы едеуір жеңілдете түскен еді.
Күріш, бақша және мал өсірумен айналысатын іргелі шаруашылықтың суға деген мұқтажының өтеле бастауы егістік пен жайылымдық ал­қап­тарды мейілінше кеңейтуге мол мүмкіндік бере түсті. Бұрын шаруа­шылық бойынша аса бағалы күріш дақылы егісінің көлемі 500 гектар болса, енді ол 1500 гектарға жетіп, 2500 гектар жер инженерлік жүйе­ге келтірілді. Кеңшарға қарасты «Қостөбе», «Жосалы», «Келте арық» каналдарын қайта кеңейтіп, жөңдеу жұмысы да сол тұста қауырт жүргізіледі. Басқа да гидротехникалық қосымша құрылыстарды салу қызу қолға алынған. Бұл күнде олар халық игілігіне әлі қызмет жасауда. Бұл шаралар кеңшарда мал басының өсіп, олардың 1500 басқа жетуіне игі ықпалын тигізген еді.
Шаруашылықтың бас су маманы Н.Жолмырзаевтың уақыт талабына сай атқарған қажырлы әрі жаңашыл еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше рет облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттары мен құрмет грамоталары және мерекелік медальдарымен марапатталады. Әрине, еткен еңбектің еленгені – адамның мерейі емес пе?! Кеңшар өндірісінде, әсіресе, оның ең жауапты нүктесі – су шаруашылығы жүйесіне ұзақ жылдан бері басшылық жасап, үнемі іскерлік қырынан көріне білген Нұрмаш Жолмырзаев 1989 жылы аудандық партия комитетінің ұйғаруымен «Жосалы» кеңшары партия ұйымының хатшысы болып, 1989-1991 жылдар аралығында абыройлы қызмет атқарады. 1991-1994 жылдары кеңшар директорының орынбасары ал, 1994 жылы аудан әкімінің бұйрығымен Жосалы ауылының әкімі болып тағайындалды.
Іскер басшы, ауыл жанашыры атанған Нұрмаш Жолмырзаев 1994-2001 жылдар аралығында өзінің әкімдік қызметін уақыт талабына сай жүргізіп, көптеген жақсы ісімен оң бастамалардың ұйытқысы болады. Ауылды абаттандыруға, оның әлеуметтік-мәдени бейнесін жаңғырту бағытындағы жақсы жұмыстарға белсене кіріседі. Соның нәтижесінде көшелер жөнделіп, оларды жарық­тандыру, мектеп пен балабақша ғима­раттарын жөндеу, айналасын көркейтуді реттеу жұмыстары біршама жолға қойылады.
Нұрмаш Жолмырзаұлы қазіргі Төребай би ауылында 28 жыл тұрып, өзінің саналы ғұмырында сол ел халқының игілігі үшін көптеген жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болған іскер басшы, жаны жайсаң, жүрегі дарқан азамат еді. Ол сонымен қатар, үлгілі, өсіп-өнген отбасының асқар таудай әкесі еді. Асыл жары Нұрлаш Асарбаева жоғары білімді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болды. «Тегі жақсының – өзі жақсы» дегендей, ол елге әйгілі Шолақ бақсы, яғни, Алдабергеннің қызы. Заманында көріпкелдігімен, балгерлігімен және бақсылығымен дертіне дауа іздеген жандарға дем салып, шипа болған қасиетімен танылған Алдаберген Асарбайұлы елге сыйлы, елге шапағаты мол тиген кісі болған. Анасы Дінжан да жүрегі мейірім, ізгілікке толы, жаны таза, біреуге жақсылық жасауға құмар жан еді. Отбасында Зейнулла, Зейнеш, Зибаш, Мыңлаш, Мәді атты бауырлары бар. Барлығы да өмірден өз орындарын тапқан, үлкен әулеттің отанасы мен отағасы, балалы-шағалы. Немере сүйіп, бақытқа кенелген.
Аты да, мақсаты да ұқсас Нұрмаш пен Нұрлаш шаңырағында өрбіген төрт баланы өсіріп тәрбиелеп, олардың жоғары білімді азамат атануына кезінде дұрыс бағыт-бағдар берді.
Нұрмаш Жолмырзаұлы 2001-2002 жылдары аудандық «Мұрап» су шаруашылығы мекемесінде директор болып қызмет жасады. Ол қай қызметте болмасын абыройлы атқарып, ел-жұрттың сенімінен шығып жүрген еңбекқорлығымен есте қалды. Бірақ, сұм ажалға не шара? Ол 2002 жылдың 15 ақпанында дүниеден озды.
«Өмір деген бір жарқ еткен сәуле ғой» – деп қазақтың марғасқа ақыны Мұқағали жырлап өткендей, марқұм әкелері еске түскенде кез келген баланың жүрегінде әкеге деген бір ерекше сағынышты сезімнің алаулай түсетіндігін сезіну еш қиын емес. Бірақ, дана халқымыз: «Орнында бар оңалар» деген аталы сөзді де бекер айтпаған ғой. Өмір-өзені жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа алға басып жатыр. Осының өзі бір ғанибет емес пе?! Еліне еңбегі сіңген ерді елі де ұмытпайды. Оған кәміл сенуге болады.
И.БЕКМАХАНҰЛЫ,
ҚР Ақпарат саласының үздігі.

03 мамыр 2019 ж. 996 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 069

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031