» » » Ұршық иіру ұмыт қалмасын

Ұршық иіру ұмыт қалмасын

Ойын қуған нағыз балалық шақ. Әсілінде тығылыспақ, «галка» ойнасақ та құмарымыз бір қанбайтын. Сексеннің сеңгіріне шыққан әжем кейде бала боп көрінетін. Таза ауа­да кілемді жерге жайып жіберіп, «ойыншығымен» ойнайтын. Яки күнделікті ұршығын қолына алып шыр көбелек айналдыратын. Санына сыйпап қалғанда бір қолына қысқан жүні ширатылып, дайын жіп болып шыға келетін. Бізге – сыйқыр, оған – еңбек.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңында редакция тілшілері қазақы қаймағы бұзылмаған шаңырақтарды ара­ла­ды. Мақсат – қазекемнің салт-дәстүрімен сабақтасқан шаруа­шы­лығын қалың оқырманға насихаттау. Бұл жолғы тапсырма – ұршық иіретін әже іздеу. Балалық шағымды еске алып жаяу жүріп келемін. Ойымда тек қазақылықтың иісі аңқыған ауыл әжелері. Көне көздер бар ма? Болса қайдан табамын? Сансыз сұрақтар да сарнап тұр. Тапқан кейіпкерлер «бұрын иірдік, біраз болды қолға алмағалы» деумен ғана шектелді. Расымен бір қарағанда үлкен кісіні көрсең жүн иіретін сықылды. Шынтуайтына келгенде, мұндай кісіні табу үшін бас қатыруға тура келеді екен. Салым суға кетіп қалың ойда отырғанымда ұжымдағы апайым Әлия Төремаханова «менің әжем ұршық иіреді ғой» деп көңілімді жадыратты. Жақсы жаңалықты есті­ген соң апыл-ғұпыл ұршықшы апа­ның үйіне бет алдық.
Жұмагүл Тоғымова – 87 жас­та.  Жүгіру мен жүзуден алдына жан салмайтын әжей спортты жанына серік еткен. Сондықтан болар тыл ардагерінің осы күнге дейін басы ауырып, балтыры сыздап, дәрігерге шағым айтып көрген емес. Жасы тоқсанға таяған Жұмагүл әжей ширақ қимылдайды. Әрі үй шаруасына да мығым. Тылда еңбек етіп, ауданның өркендеуіне елеулі үлесін қосқан әже «Спорт денсаулық кепілі» қағидасын өмір бойы ұстанып келеді.
– Суға бала күнімнен түсемін. Дарияның бергі бетінен арғы бетіне өтемін. Оған қоса сиырым бар, соны сауамын. Бір минут болса да бос отырмаймын. Қолым босай қалса ұршығымды иіремін. Оның тынбай айналуынан көзім де, қолым да талмайтын. Қазір шүкір, еш жерім ауырмайды, – деген кейуана әңгіменің тетігін ағытып жіберді. Бұл бізге де қызық еді.
– Ұршық иіруді жарықтық, нағашы шешелерімнен үйрендім. Ол кезде кіп-кішкентай ойын қуған бала едім. Шұлық, киіз, кілем тоқитынмын. Әлі күнге осы үрдіс жалғасын тауып келеді. Бірақ жасым да сыр берді ме, көзден қалып барамын. Қазір шөберелерімнің жасауын әзірлеу үстіндемін, – дейді әжей.


Әңгіме арасында алтынқол әже ұршық иірудің қыр-сырын көрсетті. Оның айтуынша, жіп иірудің екі түрлі құралы бар. Бірі – ұршық болса, екіншісі – аяқпен айналдыратын жіп иіруіш. Сондай-ақ жүн иірудің де екі әдісі бар екен. Бірі – шүйдені сол қолдың сыртына іліп қойып иірсе, келесі – шүйдені жоғарғы үйдің қабырғасына іліп қойып иіру. Бұл әдіс саусақтардың ширек қимылдауын керек етеді. Әжей айтқан әдіспен таза түтелген жүнді ұршыққа салып иіре бастадым. Дұрыс болмай қалса ұят болады-ау деп қысылып қоямын. Алайда Жұмагүл әженің «машықтансаң төселіп кетесің» дегені бір марқайтып қойды.
14 құрсақ көтерген Жұмагүл Тоғымова бүгінде 10 баладан 37 немере, 52 шөбере сүйіп отыр. Ал сол шөберелеріне жасау дайындап үлгеремін дегенше әлі біршама уақыт керек дейді қолынан ұршығы түспеген қарт ана.
Айнұр ӘЛИ,
«Қармақшы таңы».
21 наурыз 2019 ж. 6 035 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 051

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031