» » » Құмдағы қорымдар

Құмдағы қорымдар

Бұл дүрмек дүниеден кім өтпеді? Патша да, пайғамбар да, зұлым да, ғалым да өтті. Ал біз неге оларды түгендейміз? Өйткені олардың өмірі өнеге, тіршілігі тәлім. Ал ұрпақ өнегесіз өспек емес. Осы мақсатты арқау етіп жүргенімізге көп болды. Бірақ жолы түспей жүрген. "Бабалар жолын" біз насихаттамасақ, басқа қайыр бар ма?


"Сабақты ине сәтімен" деген, жуырда ғана аудандық газеттен облыстық басылымға жұмыс бабымен ойысқан Дәулет Қырданның бізге келе қалғаны. Көптен бері оған да осы базынамды айтып жүргенмін. Содан үзеңгілес жанның орайын тауып елге келгені. Ойланбастан далалыққа ұмтылдық. Не мақсат дейсіз ғой, мақала барысынан ұғарсыз.
Қазақты Құдай ешкімнен кем етпепті. Мына ұланғайыр даланың өзі не тұрады? Ұлтарақтай жерге иін тіресіп тіршілік етіп жатқан мемлекеттерге қарап, тарихын бажайлап, бабалар рухымен бір мақтанып қойдық. Ол рас, 18 миллионға "Еділ - үйдің есігі, Жайық - үйдің жапсары, Түркістан – үйдің төрі" («Орақ-Мамай» дастанының Орманбет толғауы) атанған кең-байтақ көсілген даланы сый етті. Жай сый етпеді, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ұлтарақтай жер үшін анталаған жаумен алысып, Әйтеке би айтпақшы, «Біз бүкіл қазақ – бір шаңырақ, бір қазан, бір төрелік дастарқан болып, атамекенді түгел қамтиық!» деген тілекпен ұрпаққа мұра етті.
Сайын даланы қақ жарып жүйткіген көліктен төбе-төбеге көз жүгірткен менің кеудемде бір дүлей күш тулап барады. Дүлей күш деуге келмес, зор мақтаныш, өткенге құрмет. Ішімнен күбірлеп қазақ қазақ болғалы жанын шүберекке түйіп, халықтың ел болмағын ойлаған баба жұртқа алғысымды жаудырып келемін. Жаудырып келемін. Неткен бақытты ұрпақ едік! Неткен бақытты едік!
Темір тұлпар жұлқынып қояды. Шопыр баланың көлік жүргізудегі ебі бөлек. Құрсау қарда шойнаң ете қалған доңғалақтыны әп сәтте ырыққа көндіре қояды. Бағытымыз белгілі – ел ишандар пантионы атап кеткен Марал баба зираты. Көлік жол қуалап келеді. Жол қуаламасқа лаж жоқ, жолдың кей бөлігі сай табанымен өтеді. Ал сайды су басқан. Жай су емес, шағын көлшік. "Жолдың жайын жүрген біледі" деген, жол жол емес, көлік ізі әбден таптаған қос арық. Марал бабаны білмейтін қазақ жоқ. Қалай дегенмен үш жүздің пірі болған тұлға ғой. Қазақта үш жүзге пір болған екі кісі болған. Бірі – 1860 жылы Тәуке хан үш жүзге пір етіп сайлаған Мүсірәлі сопы әзиз, екіншісі Кенесары хан пір сайлаған Марал ишан. Осы ретте жаңсақ пікір туады, қазақта пір көп болған ғой деген. Әрине, пір көп болды, бірақ олар үш жүздің пірі болған емес.
Ишандар пантеоны
Сартөбе басын жұрт неге ишандар пантеоны атап кеткен? Орынды сұрақ, бұл жерде қанша ишан жатқанын нақты айту қиын. Кейбірінің аты-жөні тіпті елеусіз қалған. Мұндағы ишандарды тізімдеп көрелік, Марал ишан, Қалқай, Оспан, Қауыс, Әмит, Пірзада, Текзада, Бекіш, Елібай, Мұсайыпхан, Үндемес, Елеуіс, Сыздық, Орхан, Анапия, Қалыбай, Аралбай, Мамыр, Сламхан, Есмұхаммед, т.б. Осынша әулиені, қоғам қайраткерлерін құшағына басқан мекен жер бетінде кемде-кем.
Ишан дегенге келейік, бұл сөздің мағынасы не? Діни дәреже. Қырық молданың ілімі – бір мақсұмда болады, қырық мақсұмның ілімі – бір ахунда болады, ал қырық ахунның білгенін – бір ишан біледі. Ал Марал бабаның діни тәлімінен 33 ишан, 88 мақсұм сусындаған.
Пантеон басынан бізді Бекболат Ералиев күтіп алды. Хабарласқанымыз жоқтұғын. Өзі сезгендей ме, әйтеуір құшақ ала ұмтылды. Жөнімізді айтқаннан соң, дастархан жайып, буы бұрқыраған ыстық сүт пен нан ұсынды. Отанасы балаларды алып, зейнеткерлікке шығуына орай құжат жинауға кеткен екен. Әйелі жоқ үйге ұқсамайды, мұнтазтай таза.
Әуелі аз-кем әңгіме өрбіді. Бекеңнің мұнда шырақшы болуы тегін емес. Есімін Әмит ишанның баласы қойыпты. Ишан баласы Әлиасқарға Марал баба аян беріп, есімін Бекболат қоюды тапсырған. Қазір Бекең Сартөбе басын паналағанына үш жыл. Шырақшының тегін адам емесін әңгімесінен аңғару да қиын емес.
 - Аулада екі итім бар. Баба басына келушілер қос иттің басын сипап, оларды жақын тартқысы келеді. Әрине, бірінші менен рұқсат сұрайды ғой. Ал егер сол иттің орнында екі ішкілікке салынған кісі жатса, оның басын сипамақ түгілі маңайымен жүрмеуге тырысады. Мұнан нені аңғарамыз. Алла адамға неше түрлі қасиет берген. Қасиетсіз тіршілік жоқ. Ең жоғарғы қасиет - адамгершілік. Ал оны жоғалтсаң ит құрлы қадірің қалмайды. Сартөбеде жатқандар ең қасиетті кісілер. Менің міндетім –шырақшылық емес, қорым басын қараусыз жүрген малдан қору, көгерту және көктету. Баба басына шырша, тұт, қара тал ектім, көгеріп тұр, – дейді шырақшы.
Құлболды ишан Марал бабаға: "Жатқан жерің сары төбе болады, айналаңда сексеуілден басқа ештеңе болмайды" деген екен. Сонда Марал ишан: "Оныңыз рас шығар, бірақ күндердің-күнінде басыма шырақшы келеді, сол шырақшымен тал да келеді, гүл де келеді" деген ғой. Бекболат Ералиев кеңкілдей күліп, "сол шырақшы мен шығармын", – дейді. Әзілдегені шығар. Мүмкін сол шырақшы осы кісі болар.
Сексеуіл дарағы анадан бір, мынадан бір сорайып тұрғанмен, шырақшы еккен бұталар өзінше дара көрінеді. Бекболат отыр­ғызған бір түп тұт шыбығы әуеліде көктемей әбігерге салған ғой. Қанша тыраштанып су құйса да, әлгі шыбықта мамыр болса да бүршік шықпапты. Содан баба басына келген бір ақсақалдан жөн сұрайды. Қария бұл жерге сексеуілден басқа шықпасын айтып, бос тыраштанып жүргенін келеке етеді. Бабаның тегін емесі, шырақшысын жерге қаратпайын дегені ме, әйтеуір әлгі оқиғадан бірер күннен соң шыбық бүршік атыпты.
Сартөбе басы әуелден киелі
Марал бабаға дейін Сартөбе басы қорым болған. Оның дәлелі – топыраққа көмілген көктастар. Біз барғанда біршамасы қар астынан тек төбесін көрсетіп жатыр екен. Аршып көрдік, жазуы басқа, ежелгі бір тілде жазылған. Бәлки, шағатай тілінде. Мұны бірнеше кісі келіп, тәржімалап көріпті. Қанығына жете алмаған. Бір аяныштысы қорым басы мал ізі мен нәжісінен көрінбейді. Құмалақ дегенің әр жерде шашылып жатыр. Шырақшы Сартөбені қоршамаса, бабалар басын қараусыз малдың панасына айналарын күйінішпен айтты. Бақсақ сонадайда жайылып түйелер жүр, жылқылар жүр. Іштей мұндай тұлғалар өзге елде болса, әуелі басын қоршап, маңайын тазартып, туристерге жағдайды жасап қоюшы еді. Мұндағы тарих тұтас шежіре ғой.
Айтпақшы, көзге түскені төбенің бел ортасында тым ескі бейіт. Жаңбыр мен қар суынан сырты оңғанымен, кесегінің бүтіндігі таңданыс тудырды. Бұрын биік мұнара болғанға ұқсайды. Басында құлпытас та жоқ. Шырақшы бейіттің Домалақ ананікі екенін айтты. Бейіт ананікі екенін анықтаған. Бірақ кім және қашан жерленгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл бейітті төрт түрлі атайды: Домалақ ана, Айша ана, Қамыр ана, Жылауық ана. Бекболат Ералиев оның мәнін тарқатып берді. Оның айтуынша, Айша ана атануы, бейіт әйелдікі болған соң. Ал мұнара домалақ болған соң жергілікті жұрт Домалақ ана атапты. Қамыр ана атануы белгісіздеу, есесіне Жылауық ана атанған себебі, баласы мен ері жаугершілікте қайтыс болып, ана өмірін жылаумен өткізген екен. Шырақшы мұнара маңындағы сексеуілде байланған ақ матаны Дәулет Қырдан екеумізге қақ бөліп беріп, тәбәрік болсын деген ишарат білдірді.
 – Кезінде Жылауық ана Тәңірге жалбарынып, не әулие етуін, болмаса әулиенің қасына жерлеуін өтініпті. Алла оның тілегін қабыл еткен ғой. Домалақ ана бейітінің маңында көптеген ишан жатыр, – деді Бекең.
Шырақшының соңына еріп жүре бердік. Қорым ішіндегі бейіттерді таныстырып жүр. Көктастармен таныстыруда. Сондағы аңғарғанымыз, көктас дегеніміз бейіттегі тұлғаның қандай кісі екені жөніндегі тұнған мәлімет екен. Айтпақшы, көктас жай тас­тан жасалмаған, оны арнайы Самарқаннан алдырған. Көктастың жоғарғы жағындағы күн белгісі ишаннан ілім алғанын білдіреді. Ал төменгі бөлігінде жұлдыз болса – оқуды тәмамдағаны, ал найзағай белгісі тұрса – оқуды аяқтамағанын білдіреді.
Баба мұраты – ұлтқа қызмет
Марал баба туралы аңыз әңгімелер көп. Аңыз астары – ақиқат. Ал Марал баба қазақтың "бозторғай басымен, тұрымтай тұсымен" заманда дінінен безбей, қасиетінен жерінбей, туған жерін жатқа бермей дәстүрі мен санасын сақтап қалуында аянбай күрескен тұлға. Ол жайында шырақшы Бекболат Ералиев баяндап берді.
 – Жоқшылықтың зардабын шеккен Марал ишанның балалық шағы Құланбай ишанның үйінде өтеді. Ишан да көзі қарақты кісі болса керек. Өзіне жетерлік байлығы да бар адам болған. Марал баба Жам тауының үңгіріндегі мешіт-медресенің ғұламасы, атақты әулие Жалаңаяқ ишанның қарауына көп қалпенің бірі болып қабылданады. Оқуға зерек әрі Алла берген жеке басының қасиеті арқасында Марал шәкірттер арасында айрықша дараланып көзге түседі. Оқуын бітірген Марал ишан бір күні 7 ізбасарларымен бірге бір байдың үйіне келеді. Үйге келсе хәл үстінде жатқан келіншекті көреді. Өзінің Алла берген емшілік қасиетінің арқасында келіншекті аман-есен өлім аузынан алып қалады. Қуанған бай Марал ишанға өзінің сүйікті, Сарыбауыр атты арғымағын сыйға береді. Ишан жылқыны жетектеп, ұстазына апармаққа оқталғанда бай: "Жылқыны мініп бармайсың ба?" - деген ғой. Сонда Марал баба: "Алланың атымен ұстазыма сый еттім. Енді жылқы сонікі. Ұстазымның рұқсатынсыз жылқысына қалай мінбекпін, – деп жауап қайырған екен. Адалдық дегенді бабамыздан үйренсек, нетті, – дейді шырақшы.
Марал ишан Кенесары хан көтерілісі кезінде Ғазауыт соғысын жүргізеді. Оған себеп болған Құсмұрын өңірінде орыстардың қазақтарды еріксіз шоқындыруы еді. Қызылжар жерінде атақты Сартай, Шаушақ батырлармен тізе қосып шайқасқа шығады. Марал ишан 1821 жылы өзін императорға жолықтыруды сұрап, Орынбор генерал-губернаторы П.Эссенге және Сібір әскери бөлімінің бастығы генерал П.Капцевичке хат жолдаған. Хатында қазақтарды зорлап шоқындыруға, құнарлы жерлерді тартып алуға қарсылық білдірді. Осындай аласапыран сәтте жер-суынан, ата-қонысынан айрылған қазақ шаруалары Кенесары әскеріне қосылады. Сөйтіп, бұл қозғалыс ұлт-азаттық сипат алады. Міне, осы кезде Кенесары өз хандығының рухани көсемдігіне Марал ишанды шақырады. Көтеріліске қатысушыларға діни басшылық жасау үшін Марал келісім беріп, хан сарайының Кеңес құрамына кіреді. Кенесары әскерінің бірсыпыра жеңістерге жетуіне, халық алдында беделінің артуына әулиенің көп үлесі болды. Бірақ, кей жағдайда Кенесары ишанның көңілін қалдыра береді. Әсіресе Кенесарының батыр інісі Наурызбай ишанды қатты өкпелетеді. Кенесары өзі Марал ишанмен бөле болып келеді. Осы туыстықтарын жалғастыру үшін ишан жағы Наурызбайға қыз беріп, оны күйеу еткен. Бірақ батыр бұл сенімді ақтамаған. Бірде Кенесары ауылы көктем шыға жайлауға көшеді. Наурызбай көшкен елдің соңында атқа кесе отырып, қаннен қаперсіз ән шырқап отырады. Марал ишанның ұлы Піртаза ишан жасында өте ерке өсіпті. Қазақта балдызы жездесімен қалжыңдап, түрткілеп ойнай беретін әдеті бар ғой, Наурызбайдың соңында таймен жортып келе жатқан Піртаза жастықтың желігімен аңсыз отырған батырды қамшы сілтеп арқадан тартып өтеді. Наурызбай қылышты суырып алып, балдызына сілтеп қалады. Бірақ, батырдың қылышты ұстаған қолы әрі жүрмей қалшиып қатып қалыпты. Піртаза шапқылап, әкесі мен Кенесарыны қуып жетіпті. Сонда Марал ишан: "Піржан-ай, байқамайсың ба? Жын-шайтанның ойнағынан пайда болған тентек төре басыңды қағып тастай жаздады ғой. Мынаны көрмейсің бе?" – деп, жеңін түріп, қан ағып тұрған білегін көрсетіпті. Осындай қылықтарымен Марал ишанның жүрегіне дақ сала берген Наурызбай, әулиенің бетіне қарай алмай жүреді.
Бір аңызда Ер Сейітпенбет әулие, Жәрімбет әулие және Марал ишан үшеуі Сырдың бойында бас қосыпты. Сонда Марал баба: "Жұрт сені «Ер Сейітпенбет» деп атайды. Әулиелігің рас болса, біз қайда жерленеміз? – деп сұрайды. Сауалға Сейітпенбет: "Сен Марал, суы мол елді мекенде қаласың, Жәрімбетке өзі тұрған осы таудың басы бұйырар, ал мен қиян шөлден пана табармын, – деп жауап берген екен. Әулиенің айтқаны келеді. Кей аңыздарда үш әулиенің қатарына Қармақшы атаны да қосады. Сол аңыз бойынша Сейтпенбет әулие Қармақшыға: "Сен елдің ішінде боласың, атыңды күллі әлем білетін болады", – деген екен. Онысы ақиқат Қармақшы топырағын Байқоңыр ғарыш айлағы арқылы әлемнің кез келген елі біледі.
Бисенбай әулие ме, балуан ба?
Ишандар пантеонынан саулық тілесіп шыққалы тұрғанымызда шырақшы үздік-үздік аңыз әңгімелерді жаудырып жатты. Жөн-ақ, әңгіме деген жақсы, бірақ уақыт деген ештеңені күтпейді. Жолымыз Бисенбай әулие қорымына бағытталған.
Тас жол бойын қуалап келеміз. Қорымға бағыттаушыдан қара жолға түстік те, тартып отырдық. Төбе-төбе қуалап, иен даланы пана қылған төрт түліктерді тамашалап келеміз. Шудалы өркештерін арқалап дала кемелері жүр. Ақпанда бура құтырады деген бар. Алайда қазір қаңтар. Сонда да әңгіме ауаны бураның құтыруынан басталып кетті. Содан не керек әңгіме бітті. Бірақ Бисенбай қорымы жоқ. Әлі жүріп келеміз. Малшылар ауылына соқтық, жөн сұрадық. Олар да қорымды білмейді. Маңайды білмейтін малшылар қалай жүр мұнда дестік те, кері бұрылдық. Тас жолға жақындағанда төбе басында шағын қорым көрінді. Міне, Бисенбай әулиенің бейіті. Төбеде біраз қорым бар. Бірақ әулиенің бейіті жермен-жексен болған. Бірақ жүз жасаған балуанның бейітін темір құрсаумен қоршап қойыпты ұрпақтары. Мал баспасын дегені де?
Әулие туралы дерек аз негізі. Бірақ балуан болғаны туралы бір аңыз бар. Қазақ даласына түрік балуаны келеді ғой. Ешкімді шыдатпайды. Алдынан келгендердің жауырынын жер иіскетеді. Бір күні Бейсенбай әулие Марал бабадан бата сұрай келіпті. Ишан қайтарып жібереді. Екінші күн тағы келеді. Ишан тағы үнсіз шығарып салады. Үшінші күні келгенде қолын жайдырып, батасын беріпті. Уақыты жетіп, бір аста Бисенбай әулие мен түрік балуаны белдескен екен. Сонда әулие түрікті әуелете көтеріп, лақтырғанда жатжерліктің мойны үзіліп өліпті де, Бисенбай әулиенің белден қалыпты. Халық шулап қоя бергенде ортаға Марал ишан шығып: "Өңірде қазақтың намысын ойлаған жалғыз Бисенбай болды. Енді маған келгендерің әуелі Бисенбайға соғыңдар, берерлеріңнің бір бөлігін соған тастаңдар. Ал біз өмірден өткен соң, әуелі менің есімімді, содан соң Бисенбайдың атын атаңдар" деген екен. Міне, жүз жасаған Бисенбай әулие өмірінің соңына дейін елінен құрмет көрген тұлға болған.

Түйін
Қазақ даласы әлі талай сырды бүгіп жатыр. Рухани жаңғырудың мойнымызға жүктейтін бір міндеті – тұмса тарихты сөйлетіп, ұрпаққа баба жұрт тұрмысын таныту. "Бабалар жолымен" айдарының да жүктейтін міндеті осы. Ендігі кезекте туған жердің сыры мен қырын зерделей түспекпіз. Бұл – біз үшін емес, ұрпақ үшін қажет қадам.

Д.Садық,
"Қармақшы таңы".
21 қаңтар 2019 ж. 2 093 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 000

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031