» » » Ғасырлық тарихтың куәсі болған май зауыты

Ғасырлық тарихтың куәсі болған май зауыты

Архив – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік арнаулы мекеме. Мекемелердің ескі құжаттарын сақтайтын, жеке тұлғалардың өмірі мен қызметіне байланысты жинақталған жәдігерлер жиынтығы.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қармақшы аудандық архиві филиалы Халық депутаттары облыстық атқару комитетінің 19 қаңтар 1987 жылғы шешімі, Халық депутаттары аудандық архив мекемесін жасақтау және ғимарат бөлу туралы қарарымен құрылып, 1987 жылдың 14-ақпаннан бастап ауданымызда шаруашылық есептегі жеке құрам бойынша архив жұмыс істей бастады. Осылайша негізі қаланған аудандық архивке Арал қаласынан Қармақшы ауданына қарасты 20 мекеменің 1413 құжаттары көшіріліп әкелінді. Архив қорына түскен алғашқы қор – май зауыты.
Аудандық архивте ең алғаш ашылған бірінші қор – ол Кеңестер Одағы дәуірінде ауданымызда өңір тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленген мекеме – Қармақшы май зауыты.
Қармақшы аудандық май зауытының құжаттары архив қорына сақталуға 1987 жылы қабылданған. Қазіргі уақытта аудандық архивте май зауытының 1948-2000 жылдар аралығындағы 170 сақтау бірлігі архив қорына сақтауға қабылданған. Бүгінгі әңгіме арқауы болып отырған Қармақшы аудандық май дайындау зауыты жайлы айтар болсақ, мекеме 1948 жылы аудан орталығы Жосалы кентіндегі Аманкелді көшесінде жеке тұрғын үй негізінде ашылған. Ең алғаш ашылған уақытта ол үй зауыт талаптарына сай емес, жай ғана тұрғын үй болатын. Алғашында зауытта сүт өнімдерін дайындайтын құрал-жабдықтар болмағандықтан өнімдердің барлығы зауыт жұмысшыларының қолымен атқарылды. Кейіннен Ресей елінен арнайы май дайындайтын, сағатына 1 тонна сүт айыратын сепаратор алынды. Сүт пен қаймақ арнайы астына от жағылатын астауда пісірілді. Оған су толтырылып, ішіне сүт-қаймақ құйылып арнайы алюминий флягтерде дайындалды. Сүт аудан шаруашылықтарынан өгіз арбамен тасылса, негізгі өнім шаруашылықтардан сүт, ал жеке тұрғындардан күйдірілген май күйінде қабылданды. Кейіннен сүт көлемі көбейіп, ескі зауыт тозығы жеткен соң ол жаңа талаптарға сай болмағандықтан, сол кездегі зауыт директоры Айзахан Бижанова мен сол уақыттары ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған Ахметжан Жанпейісовтің қолдауымен кент орталығындағы Красно-Армейская көшесінің дарияға жақын жерінен жаңа зауыт бой көтерді. Зауыт ет-сүт өнеркәсібінің министрлігі қарауындағы «АСМНУ» құрылыс отрядының күшімен типтік жобадағы күніне 12 тонна сүт қабылдайтын зауыт 1975 жылы ашылды. Зауыт 864 м₂ жерді алатын екі этажды өндірістік цех, 864м₂ жерді алатын гараж, су тазартатын өндіріске дайындайтын станция, екі жабық склад, 1 ашық склад, 120м₃ болатын су жинағыш, 90м₃ септик қосымшаларымен өндіріске берілді. Цехтың екінші қабатында сүт тексеретін лаборатория, бір этажды контора және жұмысшы-қызметкерлерді кіргізіп шығаратын бөлме және зауыт территориясы 1 га жерде орналасып, бетон плиткалармен қоршалды. Зауытта өндірістік корпуста сұйық отынмен жұмыс істеген Е-1/9 бу қазаны, Амиак айдайтын АУ-90, П-110 компрессоры болды. Өндірістік цехта сүт өңдеуге қажетті барлық құралжабдықтар жеткілікті болды. Зауыт 8 шаруашылықтан және жеке секторлардан күніне 12 тонна, маусым кезінде 18 тоннаға дейін сүт қабылдап, шығарған негізгі өнімдерден сары май, қаймақ, ірімшік, пастерленген сүт өнімдері аудандағы Қармақшы тұтынушылар одағы, ОРС-НОД-12 мекемелері арқылы таратылып, Қызылорда сүт зауытына да сүт жіберіп отырды.
Зауытта ең алғашқы есеп қызметкерлері Ниязов Қаби, Майхина Ағипаш, Қисықова Бәтіш, Тапиева Қанымкүлдер жұмыс істесе, өндіріс шеберлері Жылкелдиева Әлимаш, Дүйсенбаева Шарипа, Қожағұлова Маржан, Дәдікбаева Мария, Қосанова Гүлжамила және цех слесарьлары Жәнәділов Сырбай, Сулейменов Мажит, котельныя машинистері К.Бахиров, Мейірманов Құрақбай, компессор машинистері Утегенов Серікбол, Александр Бахиров, шоферлар Жесіғұлов Бағдияр, Сатылабаев Нұрлан, Үсенбаев Қуандық және цех жұмысшылары Аманжолова Зұлхия, Мусинова Баян, Бекжанова Баян, Мешітбаева Үрмия, Төлеубаева Жаңагүл, Жалғасова Әлия, Кубекова Фарида, Құрманбаева Балжан, Ысқақова Маржан, Қанибетова Баян, технолог Жұматаева Несібелі, механик Тоқтыбаев Жаңабек, электрик Жұмалиев Бекмұхан, лаборанттар Досжанова Күлпан, Көздібаева Дүйсенкүлдер өз еңбектерімен халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуде тынбай еңбек етті.
1948-жылдардағы архив құжаттарында көрсетілгендей, зауыт директорлары болып Құдабаев Мәденбай, Асанов, Жанпейісов Ахметжан, Наметшаев Қасқыр, М.Үргенішбаев, А.Иманғалиев, Мусабек Алдамжаров, Айзахан Бижановалар қызмет еткен. 1976-1981 жылдар аралығында Серік Жангисиев, жоғары білімді технолог маман Несібелі Жұматаева 1981-2000 жылдар аралығында зауыт басшысы болып қызмет атқарды, ол кездері зауытта 3035 қызметкер еңбек етті. Қызметкерлер жыл сайын өздеріне бекітілген өндірістік жоспарларын 100-110 пайызға орындап отырды. Әсіресе, жаз айларында 18 тоннаға дейін сүт қабылдаған кездері болды. Зауытқа күніне ауданның 8 шаруашылығынан және жеке секторлардан сүт қабылдады. 1994-1995 жылдары нарықтық кезеңге өтуге байланысты ауданымызда мал басы түгелге жуық жекешелендірілуге және соның салдарынан шикізат болмауына байланысты зауыт жұмысы 2000 жылы тоқтатылды.
Сөйтіп, Қармақшы май зауыты аудан тарихында жазылып қалды. Міне талай азаматқа абырой әкелген, талайдың мақтанышы болған Қармақшы май зауыты мекемесінің тарихы бүгінгі ұрпаққа ертегі болғанымен, орта және аға буын өкілдері үшін өте ыстық.
Г.ІЗДІБАЕВА,
Қармақшы аудандық архиві филиалының басшысы
03 мамыр 2025 ж. 742 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (10400)

03 мамыр 2025 ж.

№31 (10399)

29 сәуір 2025 ж.

№30 (10398)

26 сәуір 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 700
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031