» » » АЙБАТТЫ БАТЫР МЕН БАБА БОСТАН БИ

АЙБАТТЫ БАТЫР МЕН БАБА БОСТАН БИ

Қазақ тарихын кері парақтасақ жаугершілік заманда ел тыныштығы үшін аттан түспеген батырлар мен дауды шешкен би, шешендер көп-ақ. Бүгінде олар есімдерімен елге мәлім. Алайда кейінгі зерттеулермен көпшілікке енді таныстырыла бастаған, аты аңызға айналған батырлар әлі де бар. Соның бірі – айбатты батыр Арыстанбай Айбасұлы.
Кіші жүз ханы Әбілхайыр жасағының бас қолбасшыларының бірі болған Арыстанбай батырдың қалмақпен қанды шайқастары қазақ жазушыларының кітабында айқын да анық жазылған. Батыр баба қысылтаяң сәтте өзгелердің қолынан келе бермейтін шаруаны тындырып отырған. Әбілхайыр хан 1730 жылдары Ресеймен қатынас орнатуға талпыныс жасап, бірнеше рет елшіліктер жіберген. Себеп, құба қалмақ пен башқұрттар, екінші жағынан түрікпендер әлсін-әлсін шабуыл жасап қазаққа маза бермесе керек. Жан-жақтан көз алартып отырған көршілердің қаупінен құтылу мақсатында Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға мәжбүр болады. Хан Арыстанбай батыр өзімен құрдас болғандықтан оған өзгелердің қолынан келе бермейтін шаруаны әдейі тапсырған. Атам қазақ ерлікті мақтан үшін жасамаған, ел, жер, отбасы, ұрпақ қамы үшін жасаған және өлімге басын тіккен. Батыр да осындай ел оғланы, нағыз намысшыл қазақ болған.
Арыстанбай Айбасұлы – Дөйт ұранды Шөмекейден тараған атақты батыр. Жаугершілік, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс сияқты қасіреттердің зардабын шөмекейлер де көп тартқан. Батырдың ата тегіне тоқталсақ, Қожагелдіден Тыныс, одан Рай тараса, Райдың Айбасынан Арыстанбай туған. Ал осы батырдың ұрпақтары Қызылорда облысының Қармақшы ауданында көптеп шоғырланған.
Батыр туралы бүгінге жеткен деректерде ол өте ірі сүйекті, ұзын бойлы кісі болыпты. Ат үстінен екі аяғы салбырап, есектің үстіне мінгендей болып көрінеді екен. 1729 жылы «Қалмақ қырған» деген атпен тарихқа енген қалмақтармен болған соғыста Арыстанбай үлкен ерлік жасайды. Ол Әбілхайыр хан жасағының қолбасшыларының бірі болыпты. Сонда батырдың ерлігіне тәнті болған телеу Тайлақ батыр «Сені тапқан анаңнан айналайын» деп риза болыпты деген ел аузында әңгімелер қалған.
Ал енді Шөмекейдің Қожагелдісінен шыққан белгілі би бар. Ол – Бостан Ұзақұлы. Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы өзінің «Ел қамын жеген ерлер» деген ұзақ толғауында:
«Бірқатар шықты бой түзеп,
Самырза, Тәмпіш һәм Бостан.
«Сен» деген сөзді олардың,
Есітпеді құлағы,
Яки дұшпан, ия достан.
Шыдай алмай сұсына,
«Мен» деген ерлер мүрт кетті,
Еріген мұздай ағыстан.
Сілтегенменен ұзаққа,
Озат жүйрік солар еді
Созылмас сіңірі шабыстан» дейді.
Бостан би шағын, ажарсыз адам болыпты. Бірде оған құрдастары «Сөзге шешенсің, сонша ажарсыз болғаның қалай?» деп сұрағанда би тұрып: «Дұрыс сұрақ, екі базар бар екен. Бақ базар және ажар базар. Мен бақ базарында көбірек жүріп, ажар базарына келсем ол тарап кетіпті. Сондықтан ажарсыз болып қалдым да, бірақ бақ қонды» деп жауап берген екен.
Даулы мәселелерде Бостан, Сәтпай, Жорықбай билер көбіне бірге жүреді екен. Бостан сөзді бірден бастамай, кібіртіктей беретін болған. Сонда сөзді Сәтпай бастап, Бостан жалғастырып кетеді екен. Халық оларды Сәтпай – кілт, Бостан – сандық десе керек. Бірде Бостан биге төресін сұрап екі аңшы жігіт келіпті. Бір жігіт тұрып «Би аға, түзден түлкі қуып едім, бір інге келіп кірді. Бірақ мына жігіт ін менің бағып жүрген інім еді, түлкі менікі деп дау айтып тұр. Сонымен төрелігін сіз беріңіз» депті. Би тұрып, «Ін баққан әйелдің жұмысы, ал аңшылық жеті қазынаның бірі. Түзде жүріп аң аулау ердің жұмысы. Түлкі ұрғашы болса ін аңдыған сен ал, еркек болса түзде жүрген аңшы сен ал» деп әділдігін айтыпты. Сонда түлкіге дауласып келген екі жігіт ырза болып тарқасқан екен. Жалпы Бостан бидің шешендік өнері туралы аңыз-әпсаналар, даулы мәселеде тауып айтқан сөздері ел аузында көп-ақ.
Шөмекейдің Қожагелдісінен тараған қос бабаны бұлай қалам тербеп жазуымыздың өзіндік себебі бар. Жақында аудандағы және елдің аймағындағы баба ұрпақтары Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Толыбай ауылындағы Қожагелді қорымында жатқан Арыстанбай батыр мен Бостан биге арнап көктас қойып, ас берді. Халқымызда «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген жақсы сөз бар. Ал бабаға тағзым – ұрпақ борышы. Шежіре арқылы кімде-кім өзінің тегін таниды, бұрынғы өткен бабаларының ізгілікті істеріне қанығады. Олардан үлгі алып, адами жақсы қасиеттеріне еліктейді, арқа тұтады.
Ерсін СӘДУҰЛЫ
11 тамыз 2024 ж. 662 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 286

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 381

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930