Қыз тәрбиесі – қоғам тәрбиесі
«Қыз тәрбиелегенің – ұлтты тәрбиелегенің». Мұны біз емес айтқан, бізге дейінгілер солай айтқан. Рас, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ұрпақ жалғастығын бәрінен жоғары қою әлемнің өзге елдерінде сақтала бермейтін дәстүр. Жасыратыны жоқ, қазірде қызды тәрбиелеуде ұлттық тәрбие негізінен алшақтап барамыз. Қыз баланы қалай тәрбиелеп жүрміз осы?
Ата-бабамыз қызға «қонақ» деп төрден орын беріп, парасаттылыққа баулып өсірген. Қазекем өрісін кеңейтер қыз баланың тәрбиесін басты назарға алып, сыпайы, ізетті де ісмер, қылықты болуын қадағалап отырған. Еркін ұстаған, бірақ тым еркелетпеген. Қызға «жат жұрттық» қонақ ретінде жас күнінен отбасының бірлігін сақтаушы, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде тағылымды тәрбие берген. «Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, оның жүріс-тұрысы мен киім киісі – тәрбиенің негізі. Мойындау керек, кейбір ата-ананың баласымен араласуға да уақыты жоқ. Күн көрістің қамы дейміз бе, жоқ әлде жұмысбастылықтан ба бала тәрбиесіне көңіл бөлу азайғандай. Міне, қоғамымызға өз қолымыздан келеңсіз жағдай тудырып алдық.
«Отан отбасынан басталады» десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы, берекесі болатын – әйел адам. Ананың құрсағына шарана бітсе, ол қашан дүниеге келгенше «іштегі шарана ұл ма әлде қыз ба» деп уайымдайтын болған. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның дамуы мен мемлекеттің өркендеуі – соңында келіп әйелге, келешек ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ.
Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тәлім тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «Қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.
Бір сәт өткенге көз жүгіртейікші... Қазақы дәстүрде қыз баланың бойына қарапайымдылық, сыпайылық, биязылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сияқты қасиеттерді сіңіріп өсірген. Тарихқа зер салсақ, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелінің үлгісі емес пе?! Халқымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз болған. Ұлы Абайдың тәрбиешісі болған данагөй әжеміз Зере, анасы Ұлжанды қалай ұмытамыз?
Асыл дініміз де қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Пайғамбарымыз Мұхаммед «Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанына киіндіріп бақса, олар (қыздарын тәрбиелеп өсіргені) сол үшін тозақ отынан қалқан болады», – деген. Бұл шынымен де қыз бала тәрбиесінің ата-анаға оңай түспейтінін дәлелдейді.
Қыз отбасында анаға қарап бой түзейді, үлгі алады. Оны болашақ өмірге дайындайтын да сол анасы. Бір ғана мысал алайық, анам мені үй шаруасына бейімдеу үшін «бір жағымда жүр» деп кішкентайымнан үй тіршілігіне араластырып өсірді. Мен осылайша анамның бір жағында жүріп, көзбен көріп, біраз нәрсені үйренгендеймін. Айтып істеген бір бөлек, көзбен көргенің жадыда жақсы сақталады емес пе?! Міне, анамның сол кезде үйреткен дүниесі енді кәдеме жарап жатқанына көзім жетті. Болашақ өміріме қажетті азықты бала күнімнен үйреткеніне қуанамын. «Шеше көрген тон пішер» деген осы болса керек-ті.
Жоғарыда айтқандай, отбасындағы қыз тәрбиесіне тек ана жауапты деген сөз емес. Әкенің де қыз бала тәрбиесінде атқаратын рөлі ерекше. Бала күнімізде әкеміздің қабағынан именетінбіз. Әкеміз бетімізге қарсы келіп ұрыспайды. Ақырындап анамызға айтады. Ол бізге «әкелерің айтып жатыр» дейді. Бізге осы да жеткілікті болатын. Содан сап тыйылатынбыз. Ал, қазіргі әкелер қыздарына қалай тәрбие беріп жатыр? Оның тәрбиесінде қатаңдық керек пе? «Қызға қырық үйден тыйым» дейді дана халқымыз. Сол себепті қыз тәрбиесінде кей дүниеден тыйып ұстағанымыз абзалырақ.
«Қыз» – ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана уақыт өте келе дәрежесі зор «әжеге» айналады. Осы үшеуінен сатылай келе ұрпақ өсіп, ұлт қатары көбейеді. «Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» деп қараған халқымызда ұл баланы тәрбиелеуді аталар мен әкелер өз қолына алса, қыз баланы тәрбиелеу әжелер мен аналардың жауапты ісі болып саналған. Қыз бала тәрбиесі ата-аналарға үлкен сын болған.
Иә, ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін – қыз. «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтереді емес пе?! Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, болашақ ұрпақтың анасы екенін ұмытпайық!
Ақнұр САҒЫНТАЙ