» » » Жеті шелпек берсем жейсіз бе?

Жеті шелпек берсем жейсіз бе?

Қазақ ертеден келер ұрпақ бойына ұлттық құндылығымыз бен салт-дәстүрімізді үлгі еткен халық. Қаншама қиын-қыстау кезеңнен өтсек те, салт-дәстүріміз бұзылған жоқ. Осы уақытқа дейін ұрпақ санасында сайрап тұр. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр мен жөн-жоралғымыз жетерлік. Солардың ішінде жеті шелпек тарату ерекше орын алады. Мұны әлі күнге дейін жалғап келеміз.
Әдетінше анам жеті күлшесін алып көршілерге емес, жаңадан ашылған ойын алаңына барып, бүлдіршіндерге ұсынады. Алайда балақайлар жеті шелпекті алудан бас тартыпты. Біреуі «Үйдегілер танымайтын адамнан ештеңе алма деген еді» десе, енді бірі «қолым май болады», «үстім бүлінеді» деп қолын кері қайтарыпты. Анам «Алғашында таңырқағаным рас. Бұрындары балалар жеті шелпекке тұра жүгіріп, қос-қостан сұрап алушы еді. Ал қазір керісінше. Бірақ ренжімедім де. Себебі қазір қауіпті қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой. Жаңалықтарды аша қалсаңыз, жаға ұстатар дүние көп. Бұл тәрбие де бәлкім сондай қауіптің алдын алар. Жеті шелпегімді көз таныс көршілеріме тарата беретін болдым» дейді риясыз пейілмен.
Иә, қазір өзіміз де баламызға «бейтаныс адаммен сөйлеспе», «танымайтын адамның қолынан ешнәрсе алма», «бөтен көлікке отырма» деп айтып отырамыз. Бұлай деуімізге айналамыздағы түрлі жағдай себеп болып отыр. Бұрындары қалада жеті шелпек таратса алмайды екен дегенді естуші едік. Тіпті көпқабатты үйдің тұрғыны шелпек ұсынған көршісіне «үйімде наным бар, қажеті жоқ» десе, енді бірі шелпекті алып алған соң «қанша теңге берейін» деген көрінеді. Әсілі, сатып жүр деп түсінсе керек. Сонда балаларды былай қойғанда, үлкендеріміздің өзі жеті шелпектің шарапаты туралы білетіні аз болып тұр-ау. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аз-кем ақпарат бере кетсек.
Жалпы жеті шелпектің қашан шыққаны туралы нақты ақпарат жоқ. Ежелден келе жатқан аңыз-әңгімелерімізге қарап, пайғамбар дәуірінен бастау алғанын білеміз. Бір аңызда жеті шелпектің қауіп-қатерден сақтайтыны былай айтылыпты. Ертеде бір аңшы болыпты. Ол қыран құсты баулып, саятшылық құрады екен. Аңға шыққанда бірнеше күн жүріп, қанжығасы майланып оралып жүреді. Бір күні ол тағы да тауға кетуге әзірленеді. Құзар шыңға ұя салатын қыранның балапанын үйіне әкеліп баптауды ойлайды. Сапарға шығатын күні ұйқысынан шошып оянады. Бір бәлені жүрегі сезеді. Әйеліне:
– Мен аңға шыққан мезетте жеті шелпек таратып жібер, – деп тапсырады. Әйелі:
– Жарайды. Айтқаның болсын, – деп, ері аттанған кезде жеті шелпек пісіріп, көршілеріне таратып жібереді. Жұрт: «Қабыл болсын!» – деп, күлше наннан дәм татысады. Аңшы бұдан бұрын да бүркіттің балапанын алып кетеді екен. Қыран аңшының тағы келерін сезеді. Олжа іздеп кетер кезде ол балапанын тауға аманаттайды.
– Бөгде біреу ұяма тиісіп, балапанымды алып жатса, жартасты жаңғырықтырып хабар берерсің. Оны құздан лақтырып, көздерін ояйын, – дейді. Тау бүркіттің өтінішін қабыл алады. Біршама уақыттан соң, қыран ұяға келсе, балапаны жоқ. Ол аңшының алып кеткенін біліп, қатты налиды. Тауға:
– Саған хабар жеткіз деп едім ғой. Балапанымды неге беріп жібердің? – деп ренжиді. Сонда тау:
– Мен саған хабар бергім келген. Бірақ, аңшы балапаныңды алып жатқанда жеті күш жеті жағымнан басып, тырп еткізбеді. Қозғалуға мұршам болмады, – деп ақталыпты. Жеті күлшенің шарапаты алып тауды басып, аңшыны бәледен сақтапты. «Жеті шелпек жеті түрлі бәледен сақтайды» деген сөз осыдан қалған деседі.
Әрине, осыдан кейін барлығымыздың ойымызға жеті шелпек неге жетеу деген сауал келеді емес пе?! Шелпектің жетеу болуы жайлы мына аңыз Оңтүстік Қазақстан өңірінде жақсы сақталған.
Қазығұртта өмір кешкен Ысқақ қожа есімді әулие кісі болыпты. Ол ел-жұртын адамгершілікке, арлылыққа, ізгілікке шақырып, зұлымдықтан тыйып отырады екен. Ысқақ қожа дүниеден өткенде, баласы Ысмайыл қожа әкесін жерлеп, қырқына дейін бейсенбі күні жеті шелпек пісіріп, халыққа таратыпты деседі. Бір күні одан біреу:
– Тақсыр, неліктен жеті күлше таратасыз? Бір күлше берсе болмай ма? – деп сұрапты.
– Жеті күлшенің сауабы жеті атаңа, одан асса, жетпіс атаңа кетеді. Ал бір күлше өз қара басыңа ғана жетеді, – депті. Садақаға таратылатын күлшенің жетеу болуында да осындай мән бар екен.
Иә, жеті шелпегіміз де көненің көзіндей сақталған кәделі ұлттық тағамымыздың бір түрі. Сондай-ақ дінімізде де маңызды рөл атқарады. «Алла тағаланың назарында садақа үшін берілген бір үзім нан Ухуд тауындай үлкейеді» деген аят жолдары бар екен. Әдетте бізде жеті шелпекті жаман түс көргенде немесе түсімізге аруақтар кірген кезде таратады. Әрине, бұл – дүниеден қайтқан атабабаларымызды еске алудың бір жолы. Сол үшін де жеті шелпекті жиі таратып, дініміз бен дәстүрімізді әрі қарай жалғастырып отырайық. Болашақ ұрпақ тәрбиесінен де ұмыт қалдырмайық. Қазірден бастап бала бойына осы бір асыл қасиеттеріміздің қаншалықты маңызды екенін түсіндіргеніміз абзал.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
13 маусым 2024 ж. 421 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 016

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031