» » » Адалдықтан айнымаған азамат

Адалдықтан айнымаған азамат

Қасиетті Қармақшы көптеген  дарын иелеріне  өмірден  өз орындарын табуларына жол ашқан киелі өлке.
Бұл өңір қаламдары қарымды ақын-жазушылардың, бірінікі біріне мүлдем ұқсамайтын  мақамдарымен елді ауызына қаратқан жыршы-термешілердің,   рекордтар иесі атанған диқандар мен механизаторлардың, әлем аспанында  көк байрағымызды желбіреткен спортшылар мен өнер тарландарының кіндік қандары тамған жер.
Міне, осындай  киелі өлкенің құрамындағы елді мекендердің  қатарында тарихы тереңге бой­­лаған, нақтырақ атқанда  Еңбек Ері, халық ауызында «Қазақтың Мересееві» атанған даңқты механизатор Қасымтай Ізтілеуов,  Батыр ана, Еңбек Ері  Сәлима Жұмабекова,  ІІ және ІІІ дәрежелі «Данқ» орденінің иегері  Нұраддин Көмекбаев, «Ленин» орденді механизатор Әлиакбар Әбішев,  ҚазССР-нің коммунистік партиясы  ХХ ІV  съезінің делегаты Күләйім Әпенова және басқа да ел құрметіне бөленген атпал азаматтармен бірге менің оқырмандарға ұсынып отырған мақаламның басты кейіпкері Сағаладдин Қаюұлы Керуеновтің де өсіп-өнген құтты мекені Ақжардың орны ерекше.
1946 жыл.  Тамыз айының орта шеңі. Қурайлы каналынан бөлінетін «Метей арығын» жағалай қоныстанған «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы шағын ғана ұжымшар шаруаларымен бірге өткен жылы майданнан аман-есен елге оралған Қаю  туған ауылындағы шаруашылықты қайта қалпына келтіруге белсене атсалысып  жүр.
Күн сәскеге жетер уақыт. Бір кезде ауылдан  «Қаю ұлды болды. Керуен ақсақал немерелі болды»  деген  қуанышты  хабар жетіп, ол тек ауылдағы ғана емес, егіс басында жүргендерге де лезде тарап кетті. Бәрі қуанып жатыр. Сүйіншілеп келгендерді құшақтап Қаю жүр.  Өйткені көптен мұндай  құлаққа жағымды хабарларды естімеген ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен жаңалық болатын. Сондай-ақ, халыққа  осы  жаңалықты сыйлаған нәресте  соғыстан кейін  ауылда дүниеге келген  сәбилердің алғашқыларының бірі болатын.
Сонымен қатар,  Керуен ақсақал мен Сақып­жамалдың отбасындағы алғашқы той. Шілдехана тойы. Өмірге келген нәрестеге де  ат беріліп қойды. Атасы оның құлағына үш рет дауыстап, Әскербек деп ат қойды. Той жалғасуда. «Той десе қу бас та домалайды»  дегендей, Керуен ақсақалдың немерелі болған тойына ауыл-аймақ түгел жиналып, шашу шашып, баталарын беруде. Оның қызған шағы. Бір кезде  үйге ауыл ардақтысы, атақты Көкілташ медресінде діни ілім алып, осы  өңір балаларын діни сауаттылыққа үйретіп жүрген Ешмағамбет молда кіріп келді де:-Дүниеге Сағаладдин келіпті ғой. Құтты болсың тумаңыз аға,- деп қолын жайып батасын берді. Осы сәтте жаңа ғана думандатып  үйде отырғандар  үнсіз қалды. Осыдан сәл уақыт бұрын  Керуен ақсақал немересіне өзі таңбалап ат қойып еді. Соңы не болар екен.?  Осы сәтте ол қолын  алға созып: -О, Молдеке төрлет, орын беріңдер оған.  Ас әкеліңдер,-деп молданы төрге шақырды. Содан Ешмағамбет төрге озып, орнына жайғасқан соң  Керуен жұртшылыққа қарап тұрып, -Уа халайық, мана немеремнің атын өзім қойып едім. Өздеріңіз естіп отырсыздар, Үйіме қонақ болып Ешекең молда келді. Оның ауызына құдай салды. Баламның атын Сағаладдин қойды.  Молда айтты бітті, немеремнің аты енді  Сағалладин болады,- деп   бесікте жатқан  сәбиді халыққа  қайта таныстырды...
Арада жылдар өтті. Кешегі сәби  бүгінде қолына  қалам-дәптер салынған дорбасын арқалап, атасымен бірге мектепке барды.  Қатарларымен бірге ауылдың шаңына батып, асық ойнап, доп қуды. Жүйрік тұлпар мініп, бәйгеге шапты. 
Зулап өмір өтуде. Сол  балалық шақтың бақытты күндері де артта қалды.  Кешегі ауыл баласы бүгін ер жетіп,  мектептен алған білімін әрі қарай жетілдіру және оның атасы мен әжесінің ортасында жатып, олардың өзінен зор үміт күтетінін және өскенде ел қалаған, елін сүйген, туған елі үшін қызмет ететін азамат болуы үшін білімді болу керек деген аманаттарын  орындау  мақсатында  жүрек қалауымен  Жамбыл қаласындағы  тамақ және жіңіл өнеркәсібі технологиялық институтының «тамақ өндірісінің машиналары мен аппараттары» бөліміне оқуға түсті.
Міне, кеше ғана ауылда жүрген  бала, бүгін еліміздің ең көрікті қалаларының бірі қарт Қара­таудың баурайына орналасқан Жамбыл қала­сындағы  киелі қара шаңырақтың шәкірті атанды.
Жаңа өмір, жаңа достар Сағалайдинді  өмірге өзгеше көзқараспен қарауға жол ашты. Білікті ұстаздардан тәлім ала жүріп, ол спорттың бокс түрімен  де шұғылданды. «Күш атасын танымас»  деп жоғарыда айтқанымдай, кеше ғана  Қуарайлы каналының бойында атқа мініп, асық ойнап ауыл балаларымен алысып-жұлысып жүрген, студенттік өмірдегі жолдастары арасында «кішкентай» деген лақап есім алған Сағаладдин бүгінде  институтаралық, қалааралық, тіпті облысаралық жарыстарға қатысып, топ жарып, Жамбыл облысының чемпионы атанды. Институттың мерей­ін тасытты. Сабақты жақсы оқып, оқу орнының мақтанышына айналды.
Иә,  қызықты сәттерге толы студенттік  өмір де  өз ретімен өтті.  5 жыл бойы бірге білім алған группалас достар жан-жаққа, яғни институт жол­дамасымен, оның ішінде жас маман  Сағаладдин Керуенов Көкшетау қаласындағы «Красноармейск» ұн тарату зауытына инженер болып жұмысқа орналасты. Екі жыл бойы  аталмыш кәсіп­ор­ын­­­да абыроймен қызмет атқарған ол  Отан ал­дын­дағы міндетті азаматтық борышын өтеу мақ­сатында  Забайкалье әскери округіне қарасты Чита қаласындағы  әскери бөлімде  қызмет етеді. Ол 2 жыл бойы өзіне жүктелген міндеттерді мінсіз ат­қарып, басшылық тарапынан қолдауларға ие болады. Сонымен қатар,  бала кезінен жанына серік еткен бокста да үлкен нәтижелерге  қол  жеткізеді. Тынымсыз жаттығулардың арқасында ол өз салмағы бой­ынша бірнеше рет  округ чемпионы атанды.
Осы арада екі жыл да зуылдап өтіп, ол ауылға жол салды. Әскери қызметті аяқтап елге оралған соң біршама уақыт туған ауылында ата-анасына қолғабыс еткен Сағаладдин Қызылорда қаласындағы  облыстық астық дайындау басқармасына жұмысқа орналасуға оның басшысы  Кеңестер Одағының Батыры Жалел Қизатовтың қабылдауына кіреді.  Ел ағасы  жас маманның дипломына қарап отырып:-Айналайын оқуды жақсыға бітірген екенсің. Маған дейінгі қыз­мет еткен мекемелерден алған мінездемеңе көңілім толып-ақ отыр. Жақсы еңбек еткен екен­сің. Оған ешқандай шүбә келтірмеймін. Ал, енді сен бүгіннен бастап біздің өндірісте, біздің жұмысшылармен қатар еңбек ететін боласың.  Менің саған ескер­терім. Жұмыста тек тәртіп, сосын тәртіп керек. Осыны жадыңда ұста,-деп оны  облыстық ас­тық өнімдері басқармасына  аға инженер етіп  қыз­мет­ке қабылдайды. Ұстаз ақылын жадына сақтап алған шәкірт сол күннен бастап,  өзіне жүктелген міндеттерді орындауға құлшына кіріседі.  Басқармада аға инженерге жүктелген міндет көп-ақ екен. Қағазбастылықтан басқа  астық қабылдау және оны тарату  бекеттерінің қалтқысыз жұмыс жасауы мен қарамағындағы  қызметкерлерге  бағыт-бағдар беру  сияқты жұмыстардың барлығы Сағаладдин Қаюұлының міндетіне кіретін. Бұл міндетті Сәкең ағамыз өте ұқыптылықпен, ыждахаттылықпен, ат­қарды.
Міне, жас та болса  аз уақыттың ішінде өзі­не жүктелген  қызметке жауапкершілікпен, сауат­тылықпен қарап, ұжымдастарының құрметін ие­ле­н­­ген Сағаладдин Керуенов көп ұзамай-ақ  басқарма басшыларының  назарына ілінеді. Сол жылы  арада бірер ай өткен соң  оны басқарма басшысы Ж. Қизатов  өзіне шақырып алып, Қазалы аудандық астық тарату базасына  бас инженер етіп тағайындайды. Жас маман басшының тапсырмасын алған беттен Қазалы ауданына келген соң қызметіне кірісіп, бұл жерде де жаңа қызметтестерімен тіл табысып, бірге қызмет ете бастаған  кезінде оны  облыс орталығына қайта шұғыл шақыртып,  басқарманың  техникалық бөлімінің бастығы, одан кейін бас инженер қызметтеріне тағайындайды.
1980 жыл. Басқарма басшысы Жалел Қизатовтың кабинеті.  Төрдегі креслода үстіне киген костюмінің момырауында  Алтын жұлдызы жарқыраған бас­қарма басшы  оған қарсы отыздың ортасына  ен­ді жеткен, жас та болса білікті де білімді жас  ма­мандар қатарынан орын алған Сағаладдин отыр. Кездесудің мақсаты  жуырда Жосалы астық қа­был­дау кәсіпорнының директоры, майдангер Қасқыр Наметша құрметті зейнеткерлік демалысқа шығып, оның  директорлық қызметі босады. Осы лауазымға  лайықты азамат ре­тінде оны шақырғанын және  өзі  сол қызметке Сағаладдинді ұсынып отырғанын жеткізді.
Мұндай жаңалықты күтпеген жас маман біраз ойланып, басшыға не айтарын білмей отырғанда Жәлел Қизатов оның ойын бөліп:-Жә, түсіндім.  Қасқыр ағаңдай бола аламын ба деген ойыңды жүзіңнен оқып отырмын. Оның  еш қиындығы жоқ. Қасекеңнің бастаған  ісін жалғастыру сенің міндетіңе жүктеліп отыр.  Сондықтан бүгіннен бастап, сен Жосалы астық қабылдау кәсіпорнына директоры болып тағайындалдың. Сенің бастығың да ақылшың да Қасекең. Жолға дайындал. Сәттілік тілеймін,- деп қолын  оның алып құттықтап, шығарып салады...
Қандай да бір шаруа­шы­лық­тарда егін жинау науқаны кезінде қарбаластар көп болатынындай аудандық астық қабылдау мекемесінде де  қызу жұмыстарға толы екені рас.  Диқанның ала жаздайғы  маңдай терімен өн­ді­рілген  ақ күрішті қабылдап ал­ып, тазалап, кептіріп және оны  вагондарға ти­еп, еліміздің әр  аймақтарына жөнелту ке­зін­де ұжым қыз­меткерлері ұй­ымшылдық та­нытады.   Ал, бі­лікті сала маманы Са­ғаладдин Қаю­ұлы бол­са, сондай  қызу еңбектің ортасында өзі басшылық жасап, жұмысшылармен еңбек мерекесін ұйымдастыра білді.  Елден келген астықты тоқ­таусыз қабылдауды қадағалап, ең­беккерлердің толық жұмыс жа­сауларына барлық жағдайды жасады.  Қасқыр Наметша  ағасы бастап кеткен жаңа астық қабылдау базасы құрылысын жалғастырды. Іске қосты. Со­нымен қатар, жұ­мысшылардың толық еңбек ету­леріне барлық жағдайды жасады. Жұмыстан кейін жуынатын душ, дем алатын орын,  таза да жарық асхана салды.  Кәсіпорынды  заман үлгісіне сай техникалармен қамтамасыз етті. Сөйтіп  ұйымшылдық пен табандылықтың арқасында ұж­ым қызметкерлерінің мақтанышына айналды. Оның әрбір атқарған жұмыстарын бақылап, дұрыс жерлерін мақұлдап, кемшін істеріне түзей білген  ақылшы ұстазы  Қасқырдай ағасының батасын алды.
Расында да, адамгершілік және имандылық  бойына ұялаған адамды кім жақсы көрмейді, кім құрметтемейді. Сағаладдин өзіне дейін бұл кәсіпорынды басқарған 16 азаматтың атына кір кел­тірмей, олардың жұмысын жалғастырды. Бұған дейін  алып келген жыл сайынғы бүкілодақтық  жарыстардың жеңімпазы деген атақтарын ешкімге бермеді. Облыста  өз саласы бойынша маңдайалды кәсіпорындардың қатарынан нықтап орын алды.
Сәкең ағамыз жиырма бес жыл  бойы аудандық астық қабылдау мекемесінің тізгiнін ұстап, абыройлы да  жемісті жұмыстар атқарды.
Иә,  адам баласының өмір болған соң шың басына шығып шаттанатын да,  өзегіне түсіп күйінетін де сәттері де  көп болатыны белгілі.  Бірақ сол ад­ал ниетпен  бірге қызметтес болған азаматтарға көмегіңді аямай, олардың жағдайларын жасап,  қаншама рет  халықтың ойынан шыққаныңмен, әттеген-ай деген де сәттер де кездеседі. Кейбір білгіштер жолыңды бөгегенде, әсіресе жұмысыңа кедергі келтіргенде ішіңнің күйетіні-ай. Сондай жағдайлар менің кейіпкерімнің де басынан өткенін аға буын өкілдері жақсы біледі. Тіпті, оның орнына сырттан адам тағайындап қойған кездер де болды. Құдайға шүкір, «Елім деген ер болса, ерім деген ел де табылар» дегендей, туған елі үшін еңбек еткен Сәкеңдей ағамыз халқының қолдауына ие болып, қандай да болмасын кедергілерді жеңе білді.
Расында да, әрдайым оның жүзінен жылылық пен қамқорлық лебі, қарамағындағы әрбір адаммен жұмысшы деп емес,  әріптесім деп сыйласып,  оларға көрсеткен бауырмалдығын қармақшылықтар әліге дейін айтады.
Сағаладдин Керуенов Жалел Қизатов, Қасқыр Наметшалармен бірге сол кездері ауданның бірінші хатшысы болған Елеу Көшербаевты да ұстаз тұтты. Ол сол жылдары  өзінің атқарған жауапты қызметінің абыройлы болуына Елеу Көшербайұлының үлкен қамқорлық жасағанын, сонымен бірге оның:–Ай­налайын Сағаладдин, әлі жассың, байлыққа, дүниеге қызықпа,-деген ақылын осы күнге дейін еске алып, айтып отырады.
Сағаладдин Керуенов өзінің естелігінде:-Мен ауылға Қасқыр Наметша   ағамның орнына тағайындалғанда, ол кісі өзі менің қолымды алып,  Қараөзек арқылы кенттің шығысында  мекен еткен  тұрғындарға аяқ су айдайтын насосты таныстырумен бастап, сол каналмен жаяулатып,  кенттің екінші бетінде  жаңадан салынып жатқан астық қабылдау базасына дейін аралап келдік. Ағайдың маған сол кезгі айтқан ақылдары мен кеңестері әлі есімде.  «Жұмысшылар сенің басты қаруың. Олардың жағдайы қандай деңгейде  жақсы болса, сенің  жағдайыңның да солай болғаны. Мына заготзерно қабырғаларын жұмысшылар, оның ішінде әйелдер  бригадасы өздері көтерді.  Бұл үлкен еңбек. Сондықтан да шырағым, еңбек ету бөлек те, еңбекті ұйымдастыра білу бөлек екенін ұмытпа» дегені менің әлі есімде. Содан кейін сол күні ағ­ай екеуміз жаяулатып, өзі­міз­ге қарасты, яғни бүгінде ха­лық жадында «Қас­қырдың дү­кені», «Қасқырдың мон­шасы» деген атаулармен қалғ­ан әлеуметтік нысандарды ара­­ладық. «Ай­сұлу» бала­бақ­ша­сы ұжымында болып, олардың жұмысын көрдік. Көше бойынан мекеме жұмысшыларына арнап салынған тұрғын үйлердің жай-күйімен таныстық. Сол күні ағайдың тапсырмасымен  оның үйінде қонып,  таң атқанша екеуміз мекеменің және өзінің алға қойған жоспарлары жайлы әңгімелестік.  Шүкір, ағ­ай­ымның ма­ған деген ықы­­ласының жә­не оның бер­ген ақыл-ке­ңестерінің ар­қасында ұжымдастарым жылы қабылдады. Олармен бірге мен абыройға ие болдым. Шүкір, оның  шәкірттері, артынан ерген інілері көп. Сондай азаматтың   мансапқа қызықпайтын мінезі кімге де болса өнеге болды. Өзінің  кімге де болса көрсеткен көмегін тіс жарып мақтанбады. Көмек сұрап келгендерге бастықпын деп шіренбеді. Басқалардың ісіне қызғанбай, қайта  әрдайым оларды қуаттап отырды.  Өзінің інісіндей көріп, болашағынан көп үміт күткен Сағат Әбдіқалықов, Тасболат Шымбергенов, Мұхит Нұрмахановтай талапты шәкірттер тәрбиеледі.  Достары да жетерлік болды. Орынбасар Сариев, Әділбек Ибашев, Жұмағали Маханов, Аманкелді Ақжігітов, Жақан Тоқтаров, Сәду Қалимаханов, Мақсұт Өтегенов, Қылышбек Әбішев, Милияр Арифов сынды  атпал азаматтармен бірге отбастарымен достасып,  ел мүддесі мақсатында бір­ге қызмет етті.
Тәжірибелі басшы бірінші кезекте кәсіпорын жұмысшыларының  заман талабына сай өмір сүріп, еңбек етулеріне жағдай жасады. Баспанаға мұқтаж еңбеккерлерге  тұрғын үй салып берді. Олардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында да бі­раз жұмыстар атқарды. Жастарға әрдайым қолдау көрсетті. Әсіресе, талантты жастарға көп көмек берді.
Сонымен бірге мекеме жұмысшыларын мал азығы жем,  шөп, көмір мен қысқа жағатын отын­дарын, сондай-ақ  ұн және ұн өнімдерін, оның іш­інде вермишель, рожкилерді, тіпті шайларды да бас­қа өңірлердегі жолдастарымен хабарласып, на­рық бағасынан арзан бағамен сатып алып беріп, жақсы еңбек етулеріне қамқорлық жасады. Жыл сайын мекеме еңбеккерлерін демалыс орындары  және шипажайларда дем алуға, емделуге жіберіп тұрды.
Сондай-ақ, Сәкең ағамыз туған елінің әлеуетінің артуына да бей-жай қарамай, белсене араласты. Оған айғақ,  мекеменің көпшілік  қызметкерлерінің балалары білім алатын №183 орта мектептің сол кездегі директоры Тұрсынкүл Әбдиевамен қоян-қолтық жұмыстар жасап, қамқорлыққа алып, оның материалдық базасын нығайтуға көп еңбек сіңірді. Тіпті, сол кезде білім саласы бойынша  мектептерге жүргізіліп жатқан реформаларға сәйкес аталмыш  білім мекемесіне қосымша 8 бөлмелі сынып  ғимаратын салды. Автокөлік сыйға берді. Мектеп оқушыларының жазғы демалыс күндерін тиімді пайдалану мақсатында кәсіпорын атынан оларды тынығу лагерьлеріне жіберіп отырды. Ал, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары «Айсұлу» балабақшасын ұстауға қаржы бөліп, кейіннен оны басы бүтіндей аудандық білім бөліміне тапсырды. Бірақ, осындай игілікті істері үшін  сол уақытта  ҚазССР дайындау министрі  қызметін  атқарған М.Дайыровтан қатаң ескерту алғанымен,  облыстағы басшысы, КСРО Батыры Ж.Қизатовтың:-Еліне адал қызмет еткен Сағладдиндей азаматқа алғыстан басқа айтарым жоқ,-деп оның арқасынан қаққаны оны одан әрі  шабыттандырып,  нәтижелі  жұмыс атқаруына  үлкен  жол ашты.
Иә, осындай елеулі еңбектің  қайтарымы ретінде  Сәкең  ағамыз басқарған мекеме бірнеше рет КСРО астық дайындау министрлігінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алса, көптеген жұмысшылар бүкілодақтық социалистік жарыстардың жеңім­паздары атанды. Тіпті, бірнешеуі мемлекеттік наградаларға, яғни орден, медальдарға ие болды.  Бірнеше қызметкер өзі сияқты аудандық кеңеске депутат болып сайланды. Спортшы және өнер сүйер азамат ретінде дарынды жастардың түрлі спорттық жарыстарға және өнер байқауларына қатысуларына, сонымен қатар жергілікті ақындардың кітаптарын жарыққа шығаруға демеушілік жасаған болатын. Міне, сол жастарымыз бүгінде елімізге танымал тұ­лғалар қатарына қосылды. Олар Сәкеңдей ағаларымен  әрбір жолыққан сәттерінде өздерін үлкен өмірге қанат қақтырған ағаларының арқасында бүгінде ел қалаған азаматтар болып жүргендерін мақтан тұтатындарын айтады.  Осындай ерен еңбектің арқасында өзі де құрметтелді. Аудан, облыс партия комитеттері мен әкімдіктерінің бірнеше рет құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен және  «Қазақстан Тәуелсіздігіне-10 жыл», «Қазақстан Мәслихатына-20 жыл» мерекелік медальдарымен, сондай-ақ  бірнеше рет бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.  Аудандық кеңеске және облыстық мәслихаттың  ІІ шақырылымына депутат болып сайланды.
Қармақшылықтар Сағаладин Қаюұлын адал­дығы үшін  бағалайды. Оның мінезінің сыпайылығы, сонымен бірге әрдайым  шуақ шашып тұратын адамгершілік қасиеті мен оның қарапайымдылығы өскелең ұрпаққа  өнеге.
Міне, бүгінде  жетпістің  асуына жеткен С­а­ғаладдин Керуенов  бар саналы өмірінің қызық­қа және қиыншылыққа толы күндерін бірге өткізген  жары, сұлу да сымбатты Көкшенің тумасы Халимамен ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, өмірден өз бағаларын алған бақытты жандар.
Осы ретте, материал  дайындалып жатқан кезде кабинетіме бір  әйел кісі келіп кірді. Аман-саулықтан  апай:
-Інім менің сіздерге келген мақсатымды тыңдасаң.
-Апа айта беріңіз. Сізді тыңдап отырмын деп,   мен ол кісіге қарай  бұрылдым.
 -Сен кенттің арғы бетіндегі, яғни бүгінде аты бар да заты жоқ заготзерноны білетін шығарсың.
-Иә білімін апа.
-Оның  бұрыңғы бастығы Сағаладдин Керуеновты ше?
-Әлбетте апай. Мен ол кісі туралы мақала да дайындап  жатырмын.
-О, онда сен маған оның өмірбаянын берші, туған күніне байланысты құттықтау берейін деді. Осы кезде маған бір ой келіп, апайдан Сағалладин ағай жайлы айтып беріңізші деген сөзімді аяқтамай жатып, ол кісі:- Сәкеңмен мен 25 жыл, яғни біздің еңбек еткен кәсіпорнымыз банкрот деп танылған 2005 жылға дейін бірге қызмет еттім. Ол азамат туралы не айтайын, ағай жай ғана азамат емес, нағыз азаматтың өзі десем артық айтпаған болар едім. Оның іскерлігі мен қызметіне деген жауапкершілігін, қарамағындағы жұмысшыларға көрсеткен қамқорлығын әлі күнге дейін бірге қызметтес болғандар айтып отырады. Сондай парасатты адамның  арқасында біз  еңбегіміздің жемісті болатынын, еңбектің адамды үлкен құрметке жетелейтінін білдік. Артынан ердік. Біздің ұжымымыздың тарап кеткеніне де биыл 9  жыл болды. Бірақ,  біз өзіміз әлі тараған жоқпыз. Анда-санда басымызды қосып тұрамыз. Жақында ағайдың 70 жасқа толған мерейлі мерекесі өтеді. Соған  дайындалап жатырмыз ұжым болып,-деді бірге қызметтес болған Ақчапай Боранбаева апай.
Сөзімді түйіндей келе, қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Жақсылыққа жақсылық-әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық-ер кісінің ісі» деп айтқанындай, өзінің өнегелі өмір жолдарымен ел құрметіне бөленген Сағаладдиндей ағамыз туралы айтылар әңгіме әлі таусылған жоқ.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
Қармақшы ауданы.
06 қаңтар 2023 ж. 589 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 023

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031