Көркем ойдың ордасы
qarmaqshy-tany.kz Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, оны ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар - абыройлы мамандық иелері.
Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, оны ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – абыройлы мамандық иелері.
Олар тәуелсіз елімізде білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына, өркениетті елге айналуымызға зор үлес қосуда.
Осы ретте, кітапхана мамандығын бітіргендердің көпшілігі аудандық, қалалық, облыстық, республикалық және басқа да техникалық, ғылыми кітапханаларда беделді қызметтер атқарып жатқанын зор ықыласпен айта аламыз. Өмірде өз жүрек қалауымен таңдаған мамандығын өмір бойы сүйіп өтетін жандар болады.
«Кітапхана – білім көзі, кітапханашы – оның тірегі» деген сөздің өзі көп мағына береді. Қазіргі технологиялар тартысқа түскен жаһандану заманында кітапқа деген қызығушылықты оятып, кітапханаға оқырмандарды көптеп тарту мақсатында игілікті іс-шаралар елімізде жиі өткізілуде.
Міне, оқырмандардың жүрегіне жол таба білген Байқоңыр қаласындағы No274 орта мектептің кітапхана меңгерушісі Хадиша Акишованың өміріне серік етіп келе жатқан мамандығының майталманы десек артық айтқандық емес. Ол оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін ата-аналармен, мұғалімдермен тығыз байланыста отырып, олардың кітапханаға жиі келіп, өздері таңдаған кітаптарын оқуға қолдау көрсетуде.
Биылғы жыл Мемлекет басшысының жарлығымен «Балалар жылы» болып белгіленді. Осыған орай кітапханашы тақырып бойынша түрлі басылымдардағы жарияланымдарға библиографиялық шолу жасап, жас оқырмандарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуді қолға алды.
Мектепте өткен әрбір іс-шараны басты назарда ұстаған маман жан дүниесін рухани құнармен байытқан, сөз қоры мол, жаңалық жаршысы ретінде республикалық, облыстық және аудандық мерзімді басылымдармен уақытылы танысып, ондағы жаңалықтарды оқырмандарға насихаттап отырады.
1966 жылы Жалағаш ауданында өмірге келген Хадиша Өмірғалиқызы мектепті бітіргеннен кейін Жетісайдағы мәдени-ағарту училищесіне кітапханашы мамандығы бойынша оқуға түседі. Оны тәмамдап, еңбек жолын кітапханашы болып бастайды. Жас маман жылдар өте Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы мәдени-педагогикалық институтынан «Кітапхана тану» мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, өміріне серік еткен мамандығын жалғастырады.
1990 жылы Берік есімді қармақшылық жігітке тұрмысқа шығып, жарының туған ауылы Қызылдың қиясында орналасқан Кекірелі елді мекеніндегі No254 мектепте, кейіннен аудан орталығындағы орталық кітапханада қызмет етеді. 1999 жылы отағасының жұмыс бабымен Байқоңыр қаласына қоныс аударып, алдымен қаладағы К.Циолковский атындағы No2 орта мектепте кітапханашы болады. Ал, 2008-2015 жылдар аралығында Байқоңырдағы медициналық училищесінде, 2015 жылдан бастап қазірге дейін No274 орта мектепте кітапхана меңгерушісі болып жұмыс атқаруда.
Кітапханаға келген әрбір оқырманның сұранысын орындап, оларға көрсеткен мінсіз қызметімен танылған Хадиша Өмірғалиқызы ұжымдағы құрметті қызметкерлердің бірі.
Мемлекет басшысының саясатын жүргізуге, облыс, аудан және сала басшыларының өңірімізде білім саласын дамытуға арналған тапсырмаларын орындауға атсалысып жүрген кітапханашы бірнеше рет облыстық, аудандық салалық басшылықтың мадақтамаларына және алғыстарына ие болды. Сондай-ақ, ол оқушыларға рухани тұрғыда қолдау көрсетуде іс-шаралар ұйымдастырып, өзі де ұрпақ тәрбиесіне байланысты аудан, облыстық білім ұйымдары ұйымдастырған іс-шараларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
«Кітапхана – көркем ойдың кепілі» деп даналар айтқандай, кітап адам баласы үшін рухани қолдаушы болса, оған қызмет көрсететін кітапханашы бірінші кезекте өз ісінің білгір маманы болуы тиіс. Сонымен қатар, оның әр күні жаңалыққа құмарлықтан басталуы керек. Мен жүрек қалауыммен таңдаған мамандығымды өмір бойы сүйіп өтемін. Қызмет жасап жатқанымды мақтанышпен айта аламын. Кітапханашы мамандығы мен үшін өзіндік қызықшылығымен ерекшеленеді. Оған себеп, әр күнімнің жаңалыққа толы сәті – кітапханаға келген жаңа газет-журналдар, жаңа кітаптар және күн сайын келіп кітап оқитын оқырман легі» дейді мамандығын мақтанышы санайтын ол.
Осы ретте, айта кетерлік ерекше жайт, кітапханашылық адамзат баласының қалыптасып, даму сатысында өзіндік орны бар қастерлі мамандық. Ал, кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ