» » » «Оқырман үшін қызмет етеміз»

«Оқырман үшін қызмет етеміз»

Кітап – ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани байлығымызды арттыратын ең қымбат дүние. Сол білімнің қайнар бұлағы болған қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылардың да еңбегі ерен. Біздің ауданда тарихи құндылықты сақтап, оқырманға ой салып жүрген 18 кітапхана халыққа қызмет етеді. Осы ретте аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдістеме-библиография бөлімінің меңгерушісі Гүлжамал Жанәділовамен тілдесудің сәті түсті.
– Гүлжамал Сырбайқызы, аудандық орталықтандырылған кітапхананың заманауи талаптарға сай жұмысы елдің көңілінен шығып жатыр. Әлеуметтік желіде де белсендісіздер. Кітапхана жұмысы, алдағы жоспарлар мен тың жобалар бар ма, сол туралы айтсаңыз?
– Бүгінде кітапхана – бұл заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңы. Кітапхана қоры 431019 дана кітап қорынан тұрады. Мұнан бөлек, мерзімді басылымдар да бар. Аудандық орталықтандырылған кітапхананың заманауи талаптарға сай жұмысы елдің көңілінен шыққанына қуаныштымыз. Әлеуметтік желіде әр кітапхана жеке парақшаларына әрбір өткізген шараларын үнемі жариялап отырады және оқырмандардың жақсы пікірлерін естіп, көріп отырамыз. Кітапханаларда оқырмандарды кітапханаға тарту, кітап оқуға шақыру мақсатында «COWORKING» орталықтары ашылған. Бұл орталық жұмысты ұйымдастыруда бүгінгі күні кең тараған форматтың бірі және жастардың өз шығармашылығын одан әрі дамытуына жол ашады. Бұл жерде барлық жағдай жасалу қажет. Жұмыс істеуге қажетті кеңістік пен ыңғайлы орындықтар, үстелдер, жеке және топпен жұмыс істеуге арналған аумақ, интернет пен тегін вай-фай, теледидар, видеопроектор, жұмсақ диван, пуфиктер сонымен қатар дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ болу керек. Ал мұның бәрі бізде бар. Сонымен қатар, кейбір кітапханаларда «COWORKING» орталығы жанынан ашылған «Қылқалам», «Бояулар сыры» сурет үйірмесі, «Тоғызқұмалақ», «Шебер қолдар» секілді үйірмелер жұмыс істейді. Оқырмандарды кітап оқуға шақыру мақсатында «Бірге кітап оқиық», өз оқыған кітабымен бөлісу мақсатында «Мен де оқыдым, сен де оқы», жаңа оқырман тарту мақсатында «Оқитын кез келді», өлкетану әдебиеттерін насихаттау мақсатында «Туған өлкем» және тағы да басқа жобалармен жұмыс жасаймыз.
– Биыл қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» деп, биылды «Балалар жылы» деп жариялағаны баршаға мәлім. Осыған орай барлық кітапханада балалармен бірге түрлі іс-шаралар, байқаулар, тренингтер, қызықты ойындар, кештер, сайыстар өткізіліп келеді. Бұл іс-шаралардың мақсаты – балалардың болашағына көңіл бөлу, кітапханаға келуіне ықпал жасап, кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру. Осы ретте балаларды оқуға шақыру мақсатында «Ертегімен өсеміз», бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында «Жаз – кітаппен» және мүмкіндігі шектеулі балалармен жүргізілетін «Шексіз кітапхана» жобалары да бар. Сонымен бірге биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Қазақ елі үшін ерекше тұлға, мемлекет қайраткері, ғалым, ағартушы, ақын, публицист, ұлттық жазудың реформаторы, қазақ лингвистикасы мен әдебиеттанудың негізін қалаушы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы республика бойынша аталып өтілуде. Алаш арысының шығармаларын оқырмандарға насихаттау мақсатында жыл көлемінде түрлі іс-шаралар жоспарланған.
– Кітапхана қорында ескі қолжазбалар, тарихи құндылығы мол көне кітаптар бар ма?
– Біздің кітапхана қорында өткеннен сыр шертер, құндылығы мол көне кітаптар жетерлік. Оның ішінде – М.Әуезовтің 1943 жылы жарық көрген «Абай», 1956 жылғы «Абай жолы», М.Сильченконың 1957 жылғы «Творческая биография Абая», 1950 жылғы А.Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба» атты 70 жылдық тарихы бар кітаптарды оқырмандар әлі күнге дейін пайдаланып келеді.
– Қазіргі уақытта «Кітап – кітапхана – оқырман» үштағаны өз ұғымына сай келе ме? Оқырмандардың кітапханаға, кітапқа деген құрметі мен көзқарасы туралы айтсаңыз...
Біздің оқырмандардың басым көпшілігі тұрақты оқырмандар. Әр жастағы оқырмандарымыз кітапханамен тығыз байланыста, сондықтан олардың кітапханаға, кітапқа деген құрметі жоғары, көзқарасы биік деп ойлаймын. Кітапхана – мәдениет пен білім ордасы, оқырман мен кітап арасындағы негізгі алтын көпір. Ал кітап – рухани қазына. Ол өз құндылығын ешқашан жоймайды. Қазіргі кезде кітапхананың қызметі жан-жақты дамып келеді. Әсіресе, жігерлі жастардың басын қосатын мәдениет ордасы ретінде өз қызметін атқаруда. Кітапханада әр жыл сайын өтетін поэзиялық кештер мен әдеби сайыстарға мектеп оқушылары да белсенді қатысады. Кітап – білімнің бұлағы болса, кітапхана – рухани байлықтың ордасы. Ал оқырман – кітапхананың жаны. Себебі оқырман болмаса, кітапхана да өз міндетін толық атқара алмайды. Кітап әрдайым қасиетті ұғым ретінде бағалануы керек деп ойлай- мын.
– Сандарға сүйенсек, қандай кітап жиі оқылады? Қандай автор оқырмандар арасында сұранысқа ие?
– Жиі оқылатын кітаптар, ол – көркем әдебиет. Әсіресе біздің қазақ әдебиеті – шексіз қазынаға ие сарқылмас байлық. Мәселен, ұлы хакім Абай, ғұлама Шәкәрім, қазақтың әулиесі атанған Мәшһүр Жүсіп шығармалары өз өміршеңдігін жоймайтын құнды мұра. Шығыстың жарық жұлдызы атанған әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұн еңбектері, одан соң даналық пен парасаттылыққа құрылған жырау бабаларымыздың толғаулары бүгінде жас ұрпақты ізгілікке, адамшылыққа тәрбиелеуде ерекше орын алады. Сондықтан біз әдеби мұрамыздың құндылығын түсініп, оны ұрпаққа дұрыс насихаттай білуіміз керек. Сондай-ақ, поэзия, проза жанрларын оқитын жастарымыз көп. Мәселен, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының, Мұхтар Әуезовтің әңгімелерін оқырмандар сүйіп оқиды. Мұхтар Мағауиннің, Ілияс Есенберлиннің шығармалары да әр буын тарапынан сұранысқа ие. Поэзиялық шығармалардан Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Тұманбай Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Жұматай Жақыпбаевтың кітаптары көп оқылады.
– Жаңа буын – жас оқырмандарды қандай кітаптар қызықтырады?
– Бүгінгі жас буынның талғамы жоғары. Олардың басым бөлігі бизнес, мотивация, психологияға байланысты әдебиеттерді сұрап жатады. Әрине бірінші кезекте біздер жастармен жұмыс істейміз. Олар іздеген кітапты мейлінше тауып беруге тырысамыз. Бір кітапханада болмай қалса, екіншісіне жөн сілтейміз. Себебі оқимын, білемін деген жасқа жол көрсету – біздің парызымыз. Соны- мен қатар ақын-жазушыларымыздың мерейтойларына, атаулы күндерге арналған іс-шараларға міндетті түрде жастарды қатыстыруға тырысамыз. Қызығушылық танытып, әрбір іс-шараға тұрақты қатысатын, білімқұмар жас оқырмандарымыз жетерлік.
– Қазір дүниежүзінің кітапханалары сияқты еліміздегі кітапханалар да заманауи технологиялармен қамтылып, жаңа заман талабына сай қызмет етуге машықтанып келеді. Енді өзіңіз қызмет ететін кітапхананың жұмысы мен жетістігі туралы айта кетсеңіз...
– Иә, дұрыс айтасыз, қазір дүниежүзінің кітапханалары сияқты біздің кітапханалар да заманауи технологиялармен қамтылған. Өзім қызмет етіп отырған кітапхананың жұмысы жайлы айтатын болсам, біз де көштен қалмауға тырысамыз, 18 кітапхананың 16-сына интернет желісі қосылған. 16 кітапхананың электронды поштасы, жеке әлеуметтік парақшалары бар. Қазіргі заманауи орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басты бағыты оқырмандарға қызмет көрсету сапасымен айқындалады. Кітапханашылар оқырмандардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында әртүрлі жұмыстар жүргізеді. Кітапханашылардың да, оқырмандарымыздың да ауыз толтырып айтарлықтай жеңісі мен жетістігі көп. Оқырмандарымыз республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, үнемі жүлделі орындармен, алғыс хаттармен марапатталуда. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. Ал біз әрі қарай да оқырман үшін қызмет ете береміз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (сурет)
23 шілде 2022 ж. 1 789 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031