Оқуға құштар мектеп
Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Майра Жұмабекова, кітапханашы Айнұр Аязбекова республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектебімізде біршама жұмыстар ұйымдастырды. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мектеп кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынып отыр. Жобаның мақсаты – еліміздегі кітапханалар ахуалы мен көркем әдебиеттерге деген оқушылар мен жастардың қызығушылығын арттыру.
Кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адам интеллектісінің көрінісі. Ол – адамзат үшін ғасырдан-ғасырға жалғасып қызмет етіп келе жатқан ғылым мен өнердің, соның ішіндегі сөз өнерінің туындысы, ғалым адам мен қаламгердің жемісі. Осы орайда мектеп кітапханасында жаңа кітаптардан көрме ұйымдастырылып, оқушыларға таныстырылды.
Атап айтар болсақ «Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы», «Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы», «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 кітап», «Ұлтымыздың ұстазы – Ахмет Байтұрсынов» атты іс-шаралар өтіп, оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Кітап адамның бала кезінен бастап, өмірінің соңына дейінгі сырлас досы. Барлық білім кітапта. Кітап адам баласының ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап қалатын, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал.
Атақты Шекспир бір сөзінде «Кітап маған тақтан да қымбат» деген екен. Бүгінгі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асуда. Бұл сандық технологиялық тың жаңалық бізге де келіп жетті. Электронды кітапхана қалыптасқалы бері кітапхана қорындағы кітаптың барлығын компьютерлік тізімге енгізудеміз. Біздің қорда қандай кітаптар бар екенін компьютерден электронды нұсқада тез тауып алу мүмкіндігі мол.
Кітап – білім бұлағы болса, сол білімнің көзін ашар мұғалім мен кітапханашылар. Өздерінен инабаттылықты, шыдамдылықты және білімділікті талап ететін мамандық иесі кітапханашылар.
Жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай «Кітапхана – мәңгілік парасаттық мекені, ал кітапханашылар – ешқашан жоғалмауға тиісті қазынаның сақшылары».
Майра ЖҰМАБЕКОВА,
№26 мектептің кітапхана меңгерушісі, аудандық қауымдастық ұйымының жетекшісі