Қамшыда қасиет бар
qarmaqshy-tany.kz Қамшы – қазақ үшін баға жетпес құндылықтың бірі. Ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрінде қамшының алар орны бөлек. Ол қазақ шаңырағына сән беретін бұйым немесе қару ғана емес, ер жігіттің серігі, сыйлықтың төресі. Бүгінде қамшыны мұражай сөресі мен ұлтын ұлықтаған үйдің төрінен ғана көре аламыз. Бұл құнды мұраның қадірін түсінетіндер мен оны жасаушылардың да қатары азаюда. Жаңалықты жатсынбай қабылдағанмен, ата-дәстүрден алыстан бара жатқанымыз жасырын емес. Халқымыздың әр салтының астарына үңілсек, терең мағына берері анық. Сондай-ақ әрбір қолданған бұйымның да өзіндік орны мен берер мағынасы болған. Қамшыны тек мал айдауға немесе жауынгерге арналған құрал деу ағаттық. Ерте заманда кең қолданысқа ие болғанын сақ дәуірінің мына бір мысалынан аңғарамыз. Нақтырақ тоқталсақ, сол заманда мына үш затты иемденген адам ғана патша болған. Олар – қылыш, тостаған және қамшы. Неге бұл заттар дерсіз? Оның да өзіндік сыры бар. Сол заманда қылыш – мықты жауынгерлікті, тостаған – діннен хабары болу керегін, ал қамшы – мал бағу, күту жайын жақсы меңгергенін білдірген. Осының барлығын меңгерген жан ғана патша сайланған.
Сан түрі мен сыры мол Қамшы жасалуы мен қолданылуына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Оның әрқайсысының атқарар қызметі мен мақсаты, мағынасы бар. Негізінен сүндет қамшы, неке қамшы, баптау қамшы, бәйге қамшы, соп қамшы, аңшы қамшы, көкпар қамшы, үйір қамшы, барымта қамшы, дойыр қамшы, ноғай қамшы, бәсіре қамшы деген түрлері танымал. Мұнан өзге де түрі болуы ықтимал. Ал өрімі таспа санына қарай үш өрімнен басталып, қырық өрімге дейін барады. Көбінесе қамшыны екі жасар серке немесе құнан өгіздің иіні қанған терісінен өріп дайындайды. Қамшының сабына келер болсақ, әдетте төрт-жеті тұтам аралығындағы ұзындықты қамтыған. Қамшы жасайтын адамды өрімші деп атаған. Халық арасында түрлі бояумен сәндеп, өзгеше қамшы түрін жасайтын өрімшілер үлкен құрметке ие болған.
Бір қарағанда көлемі шағын ғана болғанымен қамшы бірнеше бөліктен тұрады. Олар сабы, өрімі, алақаны, бүлдіргісі, сақинасы, шашағы, өзегі, түйіні, шырмауығы. Халқымыз қамшы жасағанда сабына ерекше мән берген. Оны тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан немесе таутекенің мүйізінен жасаған. Әсіресе, елік, киік сирағынан металмен, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшылар өте жоғары бағаланған және оған көпшіліктің қолы да жете бермеген. Негізінен сап үшін ең тиімді ағаш – тобылғы. Оның бояуы, әдемілігі, беріктігі ерекше көз тартқан. Мұндай қамшымен қызға барған серінің абыройы артатын болған. Яғни қамшысына қарап-ақ оның әлекетін аңғарып отырған. Ал күнделікті тұрмыста, яғни мал шаруашылығында қолданылатын қамшылар дыр, дырау, дойыр қамшы деп аталады. Олардың өрім өзегіне темір, ұшына қорғасын орап өрген. Мұндай қамшының сабы жуан және қатты ағаштан жасалған. Бұл қамшының күштілігі сол, онымен қамшылағанда жылқы ғана емес, атан түйе, өгіз де жүріп кетеді екен. «Дыраумен бір тартқанда адамға шабатын бура да, көкжал қасқыр да орнынан тұра алмай қалған» деген дерек те бұған дәлел.
Тіл орнына қамшы сөйлеген Қазақ қамшыны тек қол қаруы мен қорғану үшін ғана емес, тіл жетпейтін жерде қамшы арқылы тұспалдап отырған. Аталы сөзге тоқтап үйренген елде қамшының қолданылу аясы өте кең. Қолында қамшысы бар адам айбарлы көрінген. Ал аттылы адам қамшысын үйіргенде одан сескенбейтін жан болмаған. Ежелден баласының санын ашық айтпайтын халқымыз, шаңыраққа ілінген қамшыға қарап-ақ қанша баласы бар екенін білген. Қамшының безендірілуіне қарап неше ұл, неше қыз екенін аңғарған. Себебі қыздың қамшысы асыл тастармен көмкеріліп, көз тартарлықтай әдемі болған. Негізінен қамшы қайырылып ілінеді. Ал салбырап ілінген қамшы ол үйдің ері жоқ екенінен хабар берген. Қамшының ілінуінің өзіне бар ақпарды сыйдырған халқымыздың даналығына шек бар ма?
Қамшының қадірі мен қасиетін нақтылайтын деректер жетерлік. Тарихтан сыр шертіп, солардың бірқатарына тоқталсақ. Қамшы бар жерде жын-шайтан болмайды деп есептеп, оны ер баланың бесігіне, кейіннен жатын орнына, төсегінің басына іліп қоятын болған. Ол жамандықтан қорғап қана қоймай, ер баланы рухтандырады деп сенген. Сондай-ақ ертеде жазасыз опық жеген адамдар ренжіткен адамның үйін қамшымен сабаған. Сонда ол үйден ырыс, береке кетеді деп болжаған.
Тәуке ханның тұсындағы «Жеті жарғы» заңында да қамшының өзіндік орны болған. Мәселесін шешуге келген жан өзі таңдаған бидің алдына қамшысын тастағанда, сол би төрелігін айтқан. Келісім-шарт жасайтын кезде де қамшыны ортаға тастаған.
Ал қамшының сынуын қазақ жаман ырымға балаған. Мәселен, ғылым-білім қуып жүрген Шоқан Уәлихановқа әкесі «Бәрін таста, сұлтандыққа сайланасың» дегенде, ол ғылым жолын таңдап келісім бермеген. Сонда ызаға булыққан әкесі Уәлихан «Сен менің балам емессің» деп қамшысын сындырып лақтырыпты. Сол оқиғадан алты ай өткен соң Шоқан отыз жасында дүниеден өткен. Осыған ұқсас жайт Төлеген мен Қыз Жібекте де кездеседі. Төлегенді әкесі шақырып алып: «Бауырың Сансызбай жоңғармен соғысып ел қорғауда, ал сен әлі қыз қуып серуендеп жүрсің. Атастырылған қызды аласың» дейді. Сонда Төлеген Жібекті сүйетінін айтқан. Оны естіген әкесі Төлегенді қуып, өз қамшысын сындырған. Сол мезетте Төлеген Жібекке барып «Өзіңе жар тап, менің өмірім шектеулі» деген екен. Қамшының сынғанына қарап, өмірін болжаған Төлеген жеті күннен кейін өмірден өткен. Бұл оқиғалар мүмкін сәйкестік болар. Десе де, қамшының қасиеттілігін де жоққа шығаруға болмайды. Себебі ел аузында «Қамшының сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі» деген сөз де қалған. Қаралы хабарды сөзбен жеткізе алмай қиналғанда қамшыны қолданған.
Тәрбиелік мәні жоғары Қамшының қазақ өмірімен біте қайнасқаны сондай, оны ұстау мен қолданудың өзіндік ережелері мен тәрбиелік мәні бар. Әдетте қамшыны оң қолмен, екі бүктеп ұстаған. Ал оның өрімін салбыратып ұстау дұшпандықтың, әдепсіздіктің белгісі саналған. Жөн, жол сұраған жанға саусақпен емес, қамшымен нұсқап көрсететін болған. Қамшыны сыйға тартқанда кісінің қолына ұстатпай, жерге тастайтын болған. Оның мәні – береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын дегені. Ал қамшы ұрлау – қазақ үшін ең үлкен қылмыстың бірі болған.
Сондай-ақ ата-бабамыз қамшы арқылы өзінің көзқарасын, ниетін, қарым-қатынасын білдірген. Осыған орай ел аузында «қамшысының ұшын да бермеді», «төбесіне қамшы ойнатты», «қамшысын білемдеді», «қамшының сабындай», «қамшы екі ұшты» деген тұрақты тіркестер әлі күнге дейін сақталған.
Дәстүрге дем берсек Ата-дәстүрді берік ұстанған халқымыз болашақ ұрпақтың мықты болуын көздеп, қан тазалығы үшін жеті атаға дейін қыз алыспағаны мәлім. Шыққан тегіне қарап құда түсу арқылы ұл мен қыз шаңырақ көтерген. Осындағы басты дәстүрдің бірі – қамшы ілу. Ұлына қалыңдық іздеген әкесі бойжеткен қызы бар әулеттерді іздеген. Болашақ құдаларының тегін білмекке ыждағаттылықпен сұрастырған. Ал қызы ұнап, сөз байласқысы келсе, үйдің оң жағындағы керегеге қамшысын іліп кеткен. Сол қамшыны көрген қыз да, өзін келін болуға дайындаған. Қамшының қалай жасалғанына қарап-ақ құда түскелі отырған әулеттің деңгейін болжаған. Салт бойынша қыз әкесі өз жауабын беруі тиіс. Егер қарсылық білдірсе, елші арқылы қамшысын қайтарып берген. Дәстүр «Қамшы қайтару» деп аталған.
Бұл дәстүрдің тағы бір нұсқасы бар. Онда алдымен жігіт қызды көруге келеді. Қыздың ата-анасы шаңырағына келген қонақтарды күтіп алып, шығарып салады. Сонда жігіт қызды ұнатса қамшысын кереге іліп кететін болған. Бұл «қыз ұнады, құда түсуге келеміз» деген белгі. Бұл дәстүрдің қамшымен байланысты болуында да мән бар. Ол қамшының сабындай уақытта ұл мен қыз табысса, біз қыз бен жігітті біріктіреміз деген тәрбиелік ұғым бар.
Сонымен қатар, «Қамшы ойыны» деп аталатын күрделі ұлттық ойын түрі болған. Қолынан қамшы түспейтін азаматтар арасында қамшыгерлік өнер де болыпты. Бұл не десеңіз? Қамшыгер – қамшының көмегімен дүйім жұрт алдында өнер көрсететін адам. Төрт жақтан керілген өгіз терісін қамшымен бір тартқанда-ақ тіліп түсіру, ұрыс-жанжалда жауын қамшымен алу, қасқыр соғу – қамшыгердің абыройын арттырған. Қамшы ұл баланы «атқа мінгізу» ғұрпында да басты құрал ретінде ат тізгінімен бірге ұсынылады. Балаға қамшы ұстату арқылы оның ер жеткенін сезіндірген. Тіпті жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашатын кездер де болыпты.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, бұл күні аталған ғұрыптар кездесе қоймағанмен, жаңаша дамып, өзгеріске ұшырап қолданылып жүрген тұсау кесу рәсімінде қамшының өзіндік орны бар. Алғашқы қадамын басқан бүлдіршін ақ матаны жүріп өткен соң, оның алдына таңдау жасау үшін біршама зат қойылады. Оның қатарында кітап, ақша, қамшы да бар. Егер бала кітапты алса – данышпан, ақшаны ұстаса – бай, қамшыны таңдаса – ел тізгінін ұстайтын азамат болады деген ұғым қалыптасқан. Бұл ұлттық құндылықтың ұмыт қалмай қолданысқа енуі десек те болады.
Сондай-ақ қамшы – сыйлықтың төресі. Елуге дейінгі азаматқа тобылғы сапты қамшыны сыйласа, онан үлкендерге тұяқ басты қамшы тарту еткен. Ал емші-балгерлердің қамшысы саудаға салынбаған. Өйткені жын-шайтанды қуатын қасиеті бар қамшы өте құнды, бағалы деп есептелген. Оны емшілер өз ризашылықтары арқылы қалаған адамына сыйлаған. Қазір құрметті тұлғаға қамшы сыйлау сәнге айналуда. Дәстүрдің бұлай жаңғырғанына қуанбасақ, ренжи қоймасымыз анық. Бірақ, қамшының киесін біліп, қадірін түсінетін адам ғана ұстаса екен дейміз. Себебі, оны аяқ астына тастауға болмайды. «Қамшы ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды» деген халқымыз қамшының құнын жақсы білген.
Түйін Қалай десек те, қамшы көне жәдігерге айналып кетпеуі тиіс. Дала қазағының өмірінде өшпес ізі бар қамшының қасиетін біліп, құнын түсірмеу – ұлтын сүйер әр азаматтың парызы. Көненің қөзіне айналған құнды мұраны музейдің сөресінен емес, әр үйдің төрінен көрсек дейміз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ