» » » ҚАМШЫНЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚАМШЫНЫҢ ҚАСИЕТІ

Халқымызда көне кезден бүгінге дейін келе жатқан ұлттық бұйымдар жетерлік. Соның бірі – қамшы. Ерліктің, ерен күштің, қайсарлықтың белгісі «ер қаруы – бес қарудың» қызметін қапысыз атқарған қамшы бұйымының қасиетін бүгінде  жас буынның бірі білсе, бірі білмейді.
Кішкентай кезде қай үйге болмасын бара қалсақ төргі бөлмеде қамшы ілулі тұратын. Қамшыны жоғары тұруы бекер емес. Одан бөлек, жаңа туған сәби ұл болса «Дүниеге қамшы ұстар келді» деп сүйіншілеген. Бұл дәстүр бүгінге дейін жалғасуда.
Қамшы мал айдайтын немесе атқа отырғанда тұлпардың арынын күшейтетін құрал ғана емес, сонымен бірге ұрыста ердің бағын ашар, қас жаудан құтқарар сенімді серігі. Жылқы алып, жылқы айдаған барымтада кісі өлімінің болмауының бір себебі де осы қамшы. Осылайша қамшы арқылы жауынан қорғанып, жайратып салатын адамды қазақта «қамшыгер» атаған. Қамшыгерлiк тума қабiлет десек те, адам табиғатындағы мергендiк, қырағылық, өткiрлiк, батылдық, сескенбейтiн сайыпқырандылық секілді қасиетпен ұштасатын өнер.
Қазақта қамшыны ұстау мен қолданудың өзіндік ережесі бар. Әдетте қамшыны оң қолға екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін төмен қарата ұстау дұшпандықтың, әдеп­сіздіктің белгісі. Сондай-ақ, жол көрсеткенде саусақпен емес, қам­шымен нұсқайтын болған. Ертеректе қазақ халқының салты бойынша қамшыны қолға ұстап үйге кіру бәленің басы саналатындықтан, сырт адам қашанда қам­шы­сын үй сыртына, ат үстіне қалдырып кететін. Ал егер үйге қамшысын ала келсе, онда дауласуға келгенін білдіреді. Осы салт монғол халқында да бар. Оларда үйге кіретін адам қамшысын сыртқа қалдырады. Байқамай қамшымен үйге кірген адам ауыр сөгіс естиді, не айыпқа тартылады.
Ұрысқа кетіп бара жатқан ерінің артынан ілесіп оны қимай жылаған әйелді ері аттың үстінде тұрып, қамшымен салып қалған. Шайқас кезінде ері жазым болса, «өлеріңді біліп, көңілің суысын» деп қамшы сілтеген екенсің деп жоқтау айтады. Аман-есен оралса «мен жоқта өзгеге көз салмасын дегенің ғой» деп ұғады екен. Ал тыныштық кезде атына мініп, жолаушылап бара жатқан ерінен әйелі «Қайда барасың?» деп сұрамаған. Себебі бұл жаман ырымға саналған. Сондықтан әйелі ерінің қай жаққа жол жүретінін күні бұрын сұрайтын болған. Ал атқа мініп жолаушылар алдында сұраса, «жолым болмайтын болды» деген ұғыммен әйелін қамшымен салып жіберген.
Мұнан бөлек қазақта қамшымен байланысты көптеген дәстүр бар. Ол «қамшы ілу» деп аталады. Қызға құда түсе келген адам қамшысын төрге белгі ретінде іліп кеткен. Егер жігіт кешігіп, не қыз айнып қалса, қамшыны иесіне қайтарып беретін болған. Төрде ілулі тұрған қамшыны көрсе, айттырған адамы бар дегенді білдірген.
Моңғолияда Баян Өлгей ұлттық аймағын құруға мұрындық болған маршал Чойбалсанның мына сөзі бүкіл қазаққа айтылған мінездеме секілді: «Қазақтың астында аты, қолында қамшысы тұрғанда бұл халыққа ешнәрсе істей алмайсың. Үріккен аң сияқты, жөңкіліп жүріп басып кетеді...» деген. Міне, қазақ пен қамшының қасиетін осы сөзден-ақ ұғуға болады.
Қазақ сөз өнерінде де қамшыны «ойната» білген. Жүйрік атты қам­шыдай қатқан, талаптанған жігітті өзін-өзі қамшылады, ұрды, соқты дегенді қамшы жұмсады, қорқытты деудің орнына қамшы үйірді, тентекті қамшысынан қан сорғалаған, жүр­мейтін атты қамшы кесті шабан, жанына батқан істі қамшы боп тиді деп астарлай сөйлеген. Кейбір берекесіз жанды «қамшы алып беруге жарамайтын» деп кемітетін болған. Жүрдек атты қамшы салдырмайтын мал деп мадақтаған.
ТҮЙІН.
«Өмір қамшының сабындай ғана» деген тәмсілдің өзінде терең философия жатыр. Қамшының сабы қалай қысқа болса, өмір де сол секілді қысқа. Бірақ екеуі де – ұзын жолды нұсқаушы. Міне, қазақтың көрегенділігі, қамшының қасиеті осында.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
31 шілде 2019 ж. 6 135 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031