ЖЫР КЕРУЕНІ ЖАЛҒАСҚАН КЕШ
Сәрсенбі күні К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде белгілі жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шамшат Төлепованың құрметіне арналған «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты қыз-келіншектердің облыстық фестивалі өтті.
Кеш шымылдығы Шамшат жыраудың өмірлік жолына негізделген бейнероликпен түрілді. Нәзікжанды қыз-келіншектердің өнері мен өр рухын айшықтайтын рухани жыр фестивалін аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев ашып, құттықтау сөзін арнады.
– Бүгін біз Сыр сүлейлерінің асыл мұрасын ардақтауға арналған тағылымды шарада бас қосып отырмыз. Сыр бойы – жыраулық өнердің киелі ордасы. Рухани өміріміздің темірқазығы саналған жыраулар дәстүрі осы киелі мекенде үзілмей ұрпақтанұрпаққа аманат болып жетті. Сол асыл мұраны жаңғыртып, сахна төріне шығарып қыз-келіншектер арасында жыраулық дәстүрді түлеткен алғашқы тұлғалардың бірі – Шамшат Төлепова апамыз. Ол кісі үкілі домбырасын қолынан тастамай, Сыр сүлейлерінің жыр-дастандарын, терметолғауларын халыққа жеткізді. Көмейінен жыр төгілген өнер иесінің жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады. 2010 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жыр фестивалі халықтың сұранысындағы игі бастама. Бүгінде рухани маңызы артып, өзіндік орнын қалыптастырып келеді. Фестиваль аясында басқа өңірлерден келген жыршы-термеші қыздарымыз Сыр сүлейлерінің шығармаларын кеңінен насихаттап, мың жылдық мәдениетті ұрпақ санасына қайта жаңғыртуда. Осындай игі шаралар арқылы біз төл өнерімізді ұлықтап қана қоймай, ұлт руханиятының одан әрі биік етеміз. Сондықтан жыр майталмандарының сөзі халыққа рухани дем беріп, бірлік пен ынтымақтың белгісіне айнала берсін, – деді ол.
Фестиваль сахнасында Шамшат жырау салған жыр керуенін жалғап келе жатқан ұлағатты өнер иелері көрерменнің жүрегін тербеді. Қызылорда қаласынан келген Шолпан Бимбетова, Назерке Жақсығұлова, Тоғжан Өтенова және қармақшылық жыршы қыздар Айгерім Ешбаева, Эльмира Мыңжанова, Тоғжан Бақытова, Ақсұңқар Бүркітбай, Фариза Хасеновалар құт дарыған қасиетті Қармақшы аспанын жақұт жырларымен әуелетіп, жырсүйер қауымға рухани әсер сыйлады.
Сахна төрінде күмбірлеген Сыр сазы мен сыршыл мақамдар үйлесім тауып, жыршы қыздар Шамшат Төлеповаға арнаған толғаужырларын ерекше нақышпен орындады. Терең сезім мен тағылымға толы жырлар арқылы Шамшат есімі қайта жаңғырып, өнерсүйер қауымның жүрегінде мақтанышпен жаңғыра түсті.
Кеш барысында жырау анамыздың ұрпағы Еркін Атабаев осындай керемет шараны ұйымдастыруға ықпал жасаған аудан әкімдігіне, Жыраулар үйінің ұжымына, қатысушы талапкер қыз-келіншектерге өз алғыстарын білдірді.
Сыр сүлейлерінің сырлы сөзімен сабақтасқан, ақпа жыраулардың асыл дәстүрін жалғаған, сандуғаш үнді, ағынды жырау Шамшат Төлепованың құрметіне арналған бұл жыр фестивалі көрермен көңіліне ерекше әсер сыйлады. Күмбірлеген Сыр мақамдары мен жүрек тербеген жырлар арқылы сахна төрінде ғасырлардан жеткен асыл өнер қайта жаңарып, ұлттық мұрамыздың өміршеңдігі айқын сезілді.
Осындай тағылымды шара арқылы бабалардан аманат болып жеткен жыраулық дәстүрдің қадір-қасиеті мен баға жетпес құндылығы тағы бір мәрте айшықталып, оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар мәңгілік мұра екеніне көз жеткізгендей болдық.
Ақнұр САҒЫНТАЙ















