ДОМБЫРАСЫН МОНШАҚТАҒАН ЖЫР ЖАУҺАРЛАРЫ
Қармақшы өлкесі – өлеңжырдың бесігі саналған киелі мекен. Осы өлкеде жыршы-жыраулардың көшін жалғастырушы, дәстүрлі жыраулық өнер жолына түскен қыз-келіншектердің көшбасшысы, Сыр сүлейлерінің тоқсан толғамды жыр дастандары мен жыраулық мақам-саздарын бала жасынан бастап өмірінің соңына дейін қолынан үкілі қара домбырасын тастамай туған халқына жеткізген жыр дүлділдерінің ізбасары атанған – Шамшат Төлеповаға биыл 95 жыл.
Есімі елге танылған жыр жампозы жыраулық өнерді саналы өміріне серік етіп, көптеген жас өнерпазды қазақтың киелі қара домбырасының күмбіріне бөлеп, атадан-балаға аманат болып келе жатқан өнердің дамуына үлкен еңбек сіңірді. Осы өлшеусіз еңбектері еленіп, «Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иесі, І-ІІ Бүкілодақтық халық шығармашылығы көркемөнерпаздар байқауының жеңімпазы, «Ғасырдың өнер шебері» атағының иегері атанады.
Жуырда аудан әкімдігінің қолдауымен, К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен белгілі жырау, Қазақстаннның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шамшат Төлепованың құрметіне арналған «Домбырасын моншақтаған жыр жауһарлары» атты қызкеліншектердің облыстық фестивалі өтті.
Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан жыр додасының басты мақсаты – көмейінен күміс төгілген Шамшат Төлепованың жарқын бейнесін мәңгі есте қалдыру, дәстүрлі жыраулық өнерді дәріптеу, ұлықтау. Жыр фестиваліне келген қонақтар аудан орталығында ашылған «Руханият» орталығының тыныс-тіршілігімен, мұражайдың құнды жәдігерлерімен танысып, одан әрі қарай Жыраулар үйінің кіре берісінен басталған Шамшат жыраудың қасиетті қара домбырасы, марапат құжаттары, суреттері мен қамзол-шапандары қойылған көрмені тамашалады.
Фестивальді аудан әкімінің орынбасары Самат Смағұлов ашып, жыр дүлділінің өмір жолынан естелік айтып, өнер бәсекесіне қатысушы жыршы қыз-келіншектерге жылы лебізін білдірді.
Жыр кешіне Шамшат жырау салған жыр шеруін жалғастырушы, ұлы өнердің ұлағатты ізбасарлары, мәдениет саласының ардагері Зәуре Кәрібаева, Қызылорда қаласынан Ақмарал Ноғайбаева, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева, Назерке Жақсығұлова, қармақшылық жыршы қыздар Тоғжан Бақытова, Ақсұңқар Бүркітбай және жас жыршылар Айдана Амантай, Аяулым Маратқызы, Жазира Бекжасарқызы, Жанель Тоқтарлар құт қонған қасиетті Қармақшы аспанын жақұт жырларымен әуелетті. Фестивальге қатысушылар Сыр өңірінің ақындарының Шамшат Төлеповаға арнау жырларын Сыр мақам-саздарын да нақышына келтіре орындап, жыр дүлділінің есімі мақтанышпен жырланды. Шамшат апамыздың ізін жалғаған жыр фестиваліне қатысушы барлық қыз-келіншектерге аудан әкімінің арнайы алғыстары мен сыйлықтар табысталды.
Кеш соңында жырау анамыздың ұрпағы Еркін Атабаев осындай керемет шараны ұйымдастыруға ықпал жасаған аудан әкімдігіне, Жыраулар үйінің ұжымына, қатысушы талапкер қыз-келіншектерге өз алғыстарын айтып, барша қатысушыға сыйсияпаттарын табыстады.
Сыр сүлейлерінің сөзіндей, ақпа жыраулардың көзіндей болған, сандуғаш үнді ағынды жыраудың құрметіне арналған жыр фестивалі арқылы ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен баба өнерінің өміршең екендігін аңғардық.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА