» » » ҚАМШЫ ӨРЕТІН КАМАЛБЕК

ҚАМШЫ ӨРЕТІН КАМАЛБЕК

Балалық шағым Қызылдың қиясында өтті. Күндегі әдетпен алыстан бір отар қойдың шаңы көрінді. Қуанып кеттім. Бүгін шаршап келе жатқан әкемнің алдынан шығу – менің кезегім болатын. Көп ойланбастан атқа қондым. Уақыт – кешқұрым еді. Әкемнің астында сары атан. Даусы жақыннан естілген сайын жүрегім алып-ұшады. Отар қалың сексеуілдің арасынан шығып келеді екен. Мені көрген әкем түйесін маған қарай бұрды. Жеттім-ау дегенде, қолындағы қамшысын тарамданып әбден кәртайған сексеуілге сермеп жіберді. Шошып қалдым. «Неге өйтті екен» деп әкешімнің қылығын түсінбеген күйі үйге келдім. Дастарқанға отырғанда әкем анама: «Қызың аман қалды. Бұтақ басынан атылғалы тұрған оқжыланды қамшыммен қағып жібердім», – деді.
Осы оқиға көпке дейін ойымнан кетпеді. Қамшы туралы сөз қозғала қалса, бірден есіме түседі. Бірақ, бұған біраз жыл болды ғой. Қазір қамшы ұстайтын адам бар ма екен? Болса да аз шығар. Ал, қамшы өрумен айналысатын адам жоқтың қасы. «Дәстүрдің қаймағы бұзылмаған біздің өңірден қамшы өретін адам таппай ұят болар ма екен» деп жүргенімде басылымның фототілшісі Қазбек Тайбағаров екеуміз Т.Көмекбаев ауылынан Камалбек Бектібаев ағамызды тауып алдық.
К.Бектібайұлы жас кезінен жылқы баққан. Кейін келе құрылысшы болса, бір кездері көлік те жүргізіпті. Ал, бүгінде орта мектепте жұмыс істейді. Ағамыз өңірге ұсталығымен аты мәлім болған Бектібай ақсақалдың ұрпағы. Атадан тараған алты ағайындының екеуі ата жолын қуыпты. Туған інісі Самалбек №121 мектепте ұстаздық етеді. Қолынан келмейтіні жоқ. Шебер республикалық деңегейдегі қолөнер көрмесінің көркін қыздырып жүргенін басылым бетіне талай жазғанбыз. Камалбек те қолөнерден құралақан емес. Қамшы өреді.
– Жастайымыздан аттың үстінде келеміз. Атқа керектіні өзім жасаймын. Қамшы да өремін. Негізінен оның түрі көп. Мен – соның ішінде жеңілі – төрт өрімін өремін. Неге десеңіз – сегіз, он екі өрім атқа ауырлық етеді. Өрімі жуан әрі қалыңдау болған сайын аттың жамбасына батады. Төрт өрім – ат жарыстың қамшысы. Көбіне жүйрік атқа шапқанда немесе атсейіске қолайлы. Қолға ұстауға да жеңіл және ыңғайлы. Қамшы өре бастағаныма отыз жыл болыпты. Кәсіп қылып, ақша табуды көздемесем де ата кәсіпті жаныма серік етудемін. Әкем ауылдың іргетасын қалаған. Ағаш ұстасы болған шебер. «Текпен дарыған қасиет текке кетпейді» дегендей, қамшы өруді ұрпағыма ұлағаттап келемін. Сабын қоянсүйектің тамырынан жонып істеймін. Әбден кептірілген соң ол жиһаз секілді жылтырап шығады. Әрі қатты болады. Ал, өрімді бұрын қайыстан жасайтынмын. Қазір қайыс жоқ, орнына автокөлік ременінің жібін пайдаланамын. Ертеде аталарымыз қамшының өрімін жеті тұтам қылған. Бүгінде төрт, бестен аспайды. Осы оңтайлы, – дейді шебер.
Камалбек Бектібайұлы қамшы өрумен қоса, кәнігі қақпаншы да. Ауыл малына тиетін ит-құсты аулауға машықтанған аңшы. Талай түлкі, қарсақ, шағалды қақпанына түсірген. Айта кетейік, кейіпкеріміз жақында ғана қасқырдың арланын қақпанға түсіріп, олжалы болды. Жазда еліміздегі «Қазақстан барысы» жарысына қатысатын спортшыға иленген қасқыр терісін бергенін де жасырмады. Қолы қалт ете қалғанда аулаған аң терісін илеп, қажетіне жаратады. Қасқыр терісінің бірі үй төрінде ілулі тұр.
К.Бектібаев сегіз қыздың әкесі. Бесеуі тұрмыс құрған. Айболғаны Алматыда Құрманғазы атындағы консерваторияда Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Ұлжан Байбосынованың сыныбында оқиды. Дәстүрлі әнші. Жансаясы – мектепте мұғалім. Отанасы Орынкүл Садақбаева да қазақтың ұлттық өнерін ұлықтаған жан. Құрақ көрпеше тігеді, сиыр сүтінен құрт-май жасайды.
– Қамшы – халқымыздың қастерлі де киелі дүниесінің бірі. Оны төріне іліп ұстаған. Қамшы – қайсарлықтың, батылдықтың белгісі. Жаугершілікте қару ретінде тұтынса, бейбіт өмірде спорттық жарыста, мал шаруашылығында қолданады. Дана халқымыз өмірді қамшының сабына теңейді. Мұның астары тереңде. Сондықтан да қазақтың қамшысы да, қамшы ұстар ұлдары да көп болсын, – дейді шебер.
ТҮЙІН.
Қазір ұлттық жәдігерді мұражайдан іздейтін болдық. Қайсыбір жылы әрбір үйден табылатын ұлттық бұйымдар бүгінде көзден бұл-бұл ұшты. Себебі, оларды жыл санап заманауи технология алмастыруда. Заман-заман деп отырғанда келесі бір онжылдықта қазағымыз қасиетіне балаған қамшыны да сол мұражайдан көрмесек болар еді?
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА,
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет),
«Қармақшы таңы».
17 қыркүйек 2018 ж. 2 248 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 510

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 582

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031